Атырау, 27 желтоқсан 07:18
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Оқу жылы басталды, ал оқулық жоқ әлі

3 190 просмотра

Жыл сайын білім беру саласының шенеуніктері облыс мектептерінің оқулықтармен толықтай қамтылғандығы туралы баяндайды. Алайда әр оқу жылының басында кітап дүкендерінде дүрбелең орын алады.

 

ТЕРЕЗЕДЕН ӨРБІГЕН ДИАЛОГ

«Академик Зимановтың» Кітап үйі «Атамұра» корпорациясының филиалдық торабының Атыраудағы жалғыз дүкені боп табылады. Оған тамыздың соңғы күндерінде ата-аналар лық толады. Сатып алушылардың негізгі бөлігі 1 қыркүйектен кейін, мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, ата-аналарға оқулықтардың жетіспейтіндігі хабардар етілген соң келе бастайды.

Біз кітап дүкеніне 2 қыркүйек күні түстен кейін бардық. Ашуланған ата-аналар есік алдына топырлай қалыпты. Дүкен қызметкерлері есікті іштен жауып алған. Сыртта жиналған адамдардың айтуынша, дүкендегі жұмыс жолға қойылмаған, қызметкерлер сатып алушылар легін игере алмай жатқан көрінеді. Сондықтан есік алдында кептеліс жасап, 5-6 адамнан өткізіп тұрудан басқа амал таппаған екен.

– Ұлым №34 орта мектептің 5-сыныбында оқиды. Биыл бізге «Музыка», «Бейнелеу өнері», «Дене тәрбиесі» секілді пәндердің оқулықтары берілді. Негізгі пәндер бойынша оқулықтар тапшы. Бізге  «Математика» оқулығын берді, ал оның жарты беттері жыртылған. Басқасы жоқ, жақсысын өзіміздің сатып алуымызға тура келетінін айтты. Бізге «Қазақстан тарихы», «Өзін өзі тану», «Орыс тілі» оқулықтары жетіспейді, - деп бөлісті Әсел. - Өткен жылы да осындай жағдай орын алды. Жалпы қанша жыл оқысақ, әрбір оқу жылында жетіспейтін оқулықтарды сатып аламыз. Оқу жылын аяқтағаннан кейін басқа да көптеген ата-аналар секілді осы кітаптарды мектепке қалдырамыз. Бірақ жыл сайын осы жағдай қайталана береді.

Басқа ата-ана өткен жылы баласына бірінші сыныпқа арналған оқулықтардың толық жинағын сатып алғанын, ал биыл  тағы екінші сыныпқа арналған кітап жинағын сатып алуы керектігін айтып қынжылды.

Ата-аналардың әңгімесінен анықталғандай, бұл проблема тек бір мектепте ғана байқалмайды екен.

– №24 мектепте бізге бірінші сыныпқа арналған қазақ тілі мен математиканың оқулықтарын сатып алыңдар деді. Ал бізде №16 мектепте бесінші сыныптағыларға арналған математика оқулықтары жетіспейді, -десті наразы топтың ішінен.

Біз келген кезде, адамдардың айтуынша, олардың дүкен есігінің ашылуын күткеніне жарты сағаттай болыпты. Біз де сондай уақыт тұрдық. Жарты сағат ішінде дүкен қызметкерлері есікті бірде бір рет ашқан жоқ. Сол уақытта оқулықтар алуға келгендердің саны да, наразылықтар да арта түсті. Кейбіріне қажетті оқулықтардың бар-жоғын анықтап алу үшін ашық терезе арқылы дүкен қызметкерлеріне айқайлап сөйлеулеріне тура келді.

 

КІТАПХАНАШЫНЫҢ ПІКІРІ

Облыстық әдістемелік кабинеттің кітапханалық қорының әдіскері Людмила ХАННЫҢ айтуынша, облыстық мәртебедегі оқу орындары (ұлттық гимназия, «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп, қазақ-түрік лицейі, Кіші Өнер академиясы, Ж. Досмұхамедов атындағы лицей, №№1, 2, 3, 4 және нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат) оқулықтармен толық қамтылған.

Ал қала мектептеріндегі жағдай өзгеше:

- Жыл сайын жергілікті бюджеттен оқулықтарды сатып алуға 50 млн 620 мың теңге қаржы бөлінеді, мұның 3 млн-ы оларды жеткізу шығындарына жұмсалады, - дейді қалалық білім беру бөлімінің кітапханалық қорының әдіскері Альфия ДАРАЛИЕВА. -Қазір Атырауда 56 мектеп бар. Оқулықтар әр 4 жыл сайын қайта басылып шығады, бесінші жылы олар есептен шығарылады. Биыл 2-ші және 9-сыныптарға арналған оқулықтар ауыстырылды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі дайындық сыныптарына арналған оқу құралдары алынды. Қазақ тілінде оқитын екінші сыныптықтар үшін 3700 оқулықтар жинағы, орыс тілділер үшін – 1200, қазақ тілді тоғызыншы сыныптықтар үшін – 2500, орыс тілділер үшін – 1100 жинақ алынды. Бірақ  біздің әрбір оқушыны қамтуға мүмкіндігіміз жоқ, өйткені жыл сайын 2005 жылдан бастап оқулықтарды сатып алуға мектеп сұранысына қарамастан белгіленген бір сома ғана бөлінеді. Ал мектептерде жыл сайын оқушылардың көбейіп келе жатқаны байқалады. Оқулықтардың тозатындығын да ескеру керек. Сондықтан оқулықтармен ең алдымен халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балалар ғана қамтылады.

Мектеп кітапханашысының бірі оқулықтарға қатысты жыл сайынғы дүрбелең туралы өз пікірімен бөлісті:

- Бұл мәселені шешуге кешенді әдіспен келу керек. Біріншіден, балалар саны мен қолдануға жарамсыз тозған кітаптардың пайызын ескеріп, нақты мұқтаждықтарға сай қаржы бөлу керек. Ал бізде көп жыл бойына тек белгіленген сома ғана бөлінеді. Екіншіден, Қазақстанның барлық мектебі дерлік «Атамұра» баспасының оқулықтарына көшті. Бұл баспа монополист боп табылады. Демек, мемлекет бағаны реттеп отыруы тиіс. Үшіншіден, әрбір төрт жыл сайын оқулықтарға өзгерістер енгізудің қандай қажеттілігі бар? Егер олар осылайша жиі өзгере бермейтін болса, қатты жетіспеген жағдайда өткен жылдардың жақсы сақталған оқулықтарын балаларға үлестіруге болар еді. Қалай дегенмен де, бұрын үнемі осылай болатын. Оқу құралдарына қатысты осындай жыл сайынғы дүрбелең әлдекімдерге тиімді-ау деген әсер қалдырады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 қыркүйек 2013, 20:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.