Әлиев көшесінің бойындағы «жүрдек» жолдағы жаяу жүргіншілер өткелінің алдына жол кедергілері салына бастады.
АЗАЛЫ ЖЕР
31 тамызда жол кедергісінің алғашқы екеуі пайда болды: 9 тамызда көпірге қарай баратын бір қозғалысты жолдағы сәби көз жұмған жаяу жүргінші өткелінде және қарсы қозғалыстағы көршілес жатқан оған симметриялы жолақта. Осы кедергінің алдында үнемі асығып жүретін көліктер ағымының мәжбүрлі түрде баяулауы - сол қайғылы оқиғаны көзіммен көрген мен үшін мезгілсіз қаза болған баланы жүргізушілердің аза тұтып, еске алған ишарасы секілді көрінеді. Бұл менің үйімнен кеңсеге дейінгі ең қысқа жол болатын. Бірақ соңғы кездері жұмысқа анағұрлым ұзақтау жолмен барғанды жөн көретін болдым. Алайда бұл көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді: қысқа ғана жайма баланың денесін толығымен жабуға жетпепті. Оның кроссовка киген жалаңаш аяқтары ашық қалған еді. Бұл менің, мүлдем бөгде жанның бейкүнә сәбиге деген аяушылық сезіміне қоса, кінәлі сезінген түсініксіз сезімін тудырды. Ал оның отбасының қандай күйде екенін елестетудің өзі қорқынышты. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында тұрған, ЭКСПО-ға дайындалып, басқа да жойқын өзгерістерді күтіп жүрген мемлекет жолдарында орын алып жатқан осы қайғы өз балаларымыздың, жастар мен қариялардың бастарына түспеу үшін не істеу керек?
Редакция сауалына облыстық жол полиция басқармасы ұсынған статистика бойынша, үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде 278 жол көлік оқиғасынан 63 адам қаза болып, 350 адам жарақат алған. Статистикалық мәліметтерді күткен уақыт ішінде, егер тек біздің кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы туралы жарияланымдарымыздың желісі бойынша есептейтін болсақ, өлім саны 70-тен асып кеткен екен... Соңғы кездері жол полициясы алып жатқан кейбір шараларға қарағанда, өлім статистикасы осы тақырыптағы жарияланымдарға комментарийлерді төпеп жазатын біздің сайттағы оқырмандарымызды ғана алаңдатып отырмаған екен.
– Сіз атаған учаскеден басқа жол кедергілері таяу күндері тағы үш жерге орнатылатын болады, -деп хабарлады телефон арқылы облыстық ЖПБ бастығының міндетін атқарушы Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ.
Жол полициясының Әлиев көшесінің бойында өліммен аяқталатын жол көлік оқиғасының көбейгендігіне алаңдайтындығы анықталды. Сондықтан полицейлер «Атыраудорзнак» ЖШС-нен жасанды кедергілерді орнату мүмкіндігін табуды өтініпті. Жол қызметкерлері олардың тілектерін қуана қабыл алып, әйтеуір бұған қаржы тапқан көрінеді.
БАҒДАРШАМДАР, ЖОЛ КЕДЕРГІЛЕРІ
Сол статистика бойынша, адам құрбандықтары мен болмашы зиян тигізілген ЖКО бойынша ең мүшкіл көрсеткіштер - қаладағы көліктер ең жоғарғы жылдамдықпен жүретін Әлиев көшесінің еншісінде. Сондықтан жол кедергілері мен олардың пайда болғандығы туралы белгілер және жылдамдықты шектеу туралы белгілер Әлиев бойындағы көпірден түскендегі екі жақта, Әлиев – Тайманов, Әлиев – Молдағұлова, Әлиев – Құрманғазы қиылыстарында жаяу жүргінші өткелдерінің алдына орнатылатын болады.
Жол полицейлері көптен күткен бағдаршамдар орнатылғаннан кейін жағдай жақсарады деп үміттеніп отыр. Жыл аяғына дейін қала бойынша мына қиылыстарда 18 бағдаршам орнатылатын болады:
Балықшы көпірі – Жұмыскер;
әуежай тас жолы – Жеті Қазына;
Сәтпаев – Ерниязов (Тұрмыстық үй);
Тайманов – Гагарин;
Ерниязов – Құлманов;
Әуезов – 8 Наурыз;
Азаттық – Молдағалиев;
Досмұхамбетов – Құрманғазы;
Құрманғазы – Луговая («Мерей» базары);
Баймұханов – Сатыбалдиев (вокзал);
Баймұханов – Берғалиев («Мұрагер» базары);
Әуезов – Мұқанов (Жилгородоктағы стадион);
Сырым Датов – Канцев;
Сырым Датов – Элеваторный;
Молдағұлова – Мақатаев;
Берғалиев – Еркінов;
Еркінов – Амандосов (Привокзальныйдағы «Арбат»);
Луговая – Владимирский (Жеңіс саябағына бұрылыс).
Әзірге расталмаған мәліметтер бойынша, қалалық билік те тысқары қалмаған. Мектеп, балабақша, жоғары оқу орындарының алдындағы аса қауіпті учаскелерге, сондай-ақ, жол белгілерінен ада жаңа және аса жаңа емес ықшамаудандардағы ішкі көшелерге 1 000 қума метр болатын жол кедергісін орнатуға тендер күтілуде. Айта кету керек, биылғы жылға бекітілген бюджетте осы шараларға ақша қарастырылмаған. Бірақ, біздің жолдарымызда болып жатқан оқиғалар тек халықты ғана қапаландырмаса керек. Қолайлы сападағы жасанды кедергінің бір қума метрінің орташа құны 22-25 мың теңге деп алсақ (70 мың теңге болатын нұсқалары да бар), бұл 22-25 млн теңгеге шығады. Егер қала осы ақшаны тапса, бұл «жарайсың, Жәке!» (немесе Сәке, бәлкім, Бәке) деп айтуға желеу болмақ. Қаладағы жол төсемінің орташа ені 6 м, осылайша, 1 000 қума метр 166 жол кедергісін төсеуге жетеді.
Орталық көшелерге жол кедергілерін орнатпайды – өйткені президенттің салтанатты шеруін тежей алмайды. Әзірге тағы бір қауесет – қаладағы басты жолдардың: Азаттық, Сәтпаев даңғылдарының және Махамбет көшесінің асфальт жабындары жаңартылмақ.
МҰНЫ КІМ ТОҚТАТАДЫ?
Әсіресе республикалық маңыздағы тас жолдарда ауыр жағдай қалыптасқан: аталған 63 өлімнің 57-сі қалааралық және мемлекетаралық жолдарда орын алған.
– Атырау – Индер тас жолының 37-шақырымына дейін (Сарайшық бұрылысы) 24 мамырдан бастап бұрынғы сағатына 110 км жылдамдықты 90 км/сағатқа дейін шектеуді енгіздік, - дейді Өтеғалиев. –Тас жолдың біздің аумақ бөлігінде ЖКО-ның ең көп мөлшері осы учаскеде орын алды. Сонымен қатар, қала есебінен Атырау қаласынан шығатын төрт тас жолға күзетті күшейттік. Егер бұрын оларды 16 машина бақылауға алса, қазір аудандағы көліктерге өзіміздің 8 көлікті қостық.
Бас жол полицейі бұл шаралардың жолдағы ақпараттарды өзгерткеніне қатысты менің күмәніме сынмен қарады:
– Неге олай дейсіз, сіз қателесіп отырсыз, біз бақылау жасап отырамыз ғой. Осы кезеңдегі өткен жылдың мәліметтерімен салыстырғанда статистика мәліметтері азайып барады.
Жағдай одан да мүшкіл болуы мүмкін еді. Бірақ біздің жол полицейлеріміз қаншалықты оптимистік көзқараспен қараса да, бұл шаралар тас жолға қатысты менің және отандастарымның үрейін сейілте қояр ма екен. Бізге республикалық, тіпті үкіметтік деңгейдегі әрекеттер жетіспейді. Алайда жоғары жақтан ешқандай әрекет жоқ. Бәлкім, жалғыз мен ғана сезімтал емес шығармын, жоғарыдағы шенділер де осындай оқиғалардың бірін көрген кезде, пультке жабысып, Ti-Ji арнасына қоя салатын шығар. Мүмкін, оларға бәрібір де шығар.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ