«Таяуда 35 жасқа толған едім. Бұл күнді жақын адамдармен бірге бұрын барып жүрген қаладағы көңіл көтеретін танымал орындардың бірінде атап өтпек болдым. Шетелдік компания филиалының басшысымын, төлем қабілетім әбден жеткілікті. Сол кеште өз достарыммен демалу үшін әжептәуір қаржы жұмсауды жоспарладым. Олар да өз қызмет саласындағы табысты жандар болатын.
Сол жерге кірерде бізді күзетшілер тоқтатқан кезде қатты таң қалдық. Бізбен бірге келген екі қызды өткізіп жіберді, ал менімен бірге қалған төрт адамға дресс-код бойынша лайық еместігімізді айтты. Бірақ біз тәп-тәуір киініп барған едік. Мен түнгі орынның дресс-кодына сай келу үшін қалай киінуге тиіс екенін түсіндіруді талап еттім. Бірақ жарытымды жауап ала алмадық. Ал орын әкімшісі кірер ауызда келушілерге бейнебақылау жасайтын оператордың біздің фейс-бақылаудан өтпегенімізді хабарлағанын айтты. Айта кету керек, біз мас та болған жоқпыз, қиқарлық та көрсеткен жоқ едік. Осынау жұмбақ іріктеуден қай жағынан өтпей қалғанымызды ақыры түсіндірместен, бізге әкімшіліктің себебін түсіндірмей клубқа кіргізуден бас тарта алатындығы туралы кірер ауызда ілінген хабарландыруды көрсетті.
ЖАРИЯ ШАРТ
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметiнiң сипатына қарай оған өтiнiшпен келетiн әркiмге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт жария шарт деп танылады.
Яғни, егер адам мейрамханаға кіріп, ас мәзірі бойынша тамаққа тапсырыс беріп, даяшы тапсырысты қабылдаса, жария шарт жасалды деп айтуға болады. Мұнда тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бағасы, сонымен қатар жария шарттың басқа шарттары заңмен тұтынушылардың жекелеген санаттарына ұсынылатын жеңілдіктерін қоспағанда, барлық тұтынушылар үшін бірдей белгіленеді.
Айта кетелік, біз күзетшілер мен әкімшіден түсіндіруді талап етіп жүргенде, бұл орынға алуан түрлі контингенттер: кешкі киіммен биік біз өкшелі аяқ киім киген сәнденген қыздар да, джинсы, қысқа шорты, кроссовкалар киген қыздар да өтіп жатты. Аса еркін киінген шетелдік жігіттер мен олардың қасындағы өте ашық киінген бикештердің сыртқы түрлері де ешқандай наразылық тудырмады.
Ақыры біз кетуге мәжбүр болдық. Мерекеміздің шырқы бұзылды. Дресс-код және фейс-бақылау деген түсініктердің заңдық аспектілерін білгіміз келеді. Сол кеште тигізілген моральдық зиянды өндіріп алу үшін сотқа шағымдануға құқылымын ба?».
«Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВТЫҢ пікірі мынадай:
- Әкімшіліктің әрекетін заңсыз деп есептеймін.
- Алдымен дресс-кодқа тоқталайық. Келушілердің сыртқы түрлеріне қойылатын көңіл көтеру орнының талаптары қаншалықты заңды? Бұл белгілі бір нышандары бойынша алалаушылық боп табылмай ма?
- Дресс-кодтың өзі, егер оның шарттары жария шарттардың ережесіне сәйкес клиенттердің, келушілердің барлығына бірдей қолданылатын болса, қолданыстағы заңға сай келеді. Алайда кей кездері әкімшілік клиенттің киімін көпшілік үшін түсініксіз өз өлшемдері бойынша бағалайтын жағдайлар кездеседі. Мұндай әрекеттер ҚР Азаматтық кодексінің 387-бабының 1-тармағын тікелей бұзу боп табылады. Онда коммерциялық ұйымның заңдарда көзделген жағдайлардан басқасында, жария шарт жасасу жөнiнде бiреуге басқалардан артықшылық жасауға құқығы жоқ деп көрсетілген. Ал фейс-бақылау – бұл ереже. Соған сәйкес орынға сыртқы түрі, материалдық жағдайы, жүріс-тұрысы және т.б. бойынша белгілі бір талаптарға сай келетін тұлғалар жіберіледі. Біздің қаладағы орындардың басым бөлігі көпшілік үшін ашық боп табылады және келушілердің жекелеген шеңберін белгілемейді. Ашылған осындай орындар мен оларға келушілер арасындағы құқықтық қатынастарға «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының және ҚР Азаматтық кодексінің жария шарттар туралы нормалары қолданылуы тиіс.
Іс жүзінде келушілер мен орындар арасында көңіл көтеру қызметтерін көрсетудің жария шарттары жасалады. Соған сәйкес бір тарап демалу үшін жағдай жасауға, ал екіншісі осы қызметтерді төлеуге міндеттеледі.
Фейс-бақылаудың мәнісі – көңіл көтеретін орынға ішімдіктен, есірткіден масайған, өздерін өрескел ұстайтын тұлғалар кіргізілмейді. Мұндай бақылау әбден орынды, өйткені басқа клиенттердің қауіпсіздігін және орын мүлігінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, фейс-бақылауға кәмелеттік жасқа, яғни 18-ге толмаған тұлғаларға қызмет көрсетуден бас тартуды жатқызу керек. Сағат 22-ден кейін 18 жасқа дейінгі тұлғалардың көңіл көтеретін орындарға келуіне салынатын тыйым толықтай заңға сәйкес келетінін атап өткен жөн.
– Бұл түсінікті болды. Бірақ біздің оқырманымызды достарымен бірге неліктен ол орынға кіргізбегені түсініксіз боп қалды ғой.
– Дәлелсіз фейс-бақылау мен дресс-код жиі кездеседі. Менің пікірімше, бұл жағдайда ҚР Конституциясының 14-бабын тікелей бұзу орын алған. Онда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге, көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды делінген.
Коммерциялық ұйым жария шарт жасауға қатысты заңда қарастырылған жағдайларды қоспағанда, бір тұлғадан екінші тұлғаға артықшылық көрсетуге құқылы емес. Коммерциялық ұйым жария шарт жасаудан негізсіз жалтарған кезде Азаматтық кодекстің «Шартты мiндеттi түрде жасасу» деп аталатын 399-бабының 4-тармағында қарастырылған ереже қолданылады. Оқырман сотқа шағымдануға құқылы. Әрине, оған дәлел болған жақсы. Мәселен, оқиға орнында түсірілген бейнежазба (бейнежазба кадрында уақыты көрсетілген), куәгерлік жауаптар және т.б. болған жөн.
Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА