Қызылқоға ауданында мал арасында бруцеллез (сарып) ауруының былтырдан көбейіп кеткені дабыл қағарлықтай дәрежеге жетті. Тасшағыл ауылында адамдар мен малдың арасында індеттің кең таралуына байланысты шілденің 15-нен бастап карантин жарияланды.
КӨРСЕТКІШТЕР АДАМ ШОШЫРЛЫҚ
Ауданда малдан қан алу наурыз айынан бастап жүруде. Қазір аудан бойынша бруцеллезге оң нәтиже берушілік 32457 ірі қарадан 544 (былтыр 483 ірі қара) бас, 14276 қой-ешкіден 1028 (өткен жылы 324) бас, 1598 түйеден 18 басты құрап отыр. Миялы, Көздіғара, Тасшағыл селолық округінде аталмыш ауру ушығып тұр. Бруцеллез жұқтырған 16 адамға емдеу шаралары жүрсе, 24 адам дәрігерлердің бақылауында тұр. Қорқыныштысы, індетті жұқтырғандардың арасында жастар мен балалар бар. Бұл сан әлі де өзгеретіні сөзсіз, себебі адам мен малдан қан алу, ауруды анықтау қыркүйек айында тағы жалғаспақшы.
ТАСШАҒЫЛДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ
Тасшағыл ауылында мыңғырған мал бірер айда топалаң тигендей күйге түсті. Ауыл абдырап қалды. Ірі қараны айтпағанның өзінде былтыр7 бас қой-ешкіден бруцеллез табылса, биыл 404 (барлығы 13304 қой-ешкі) басқа жеткен. 7 адам бруцеллезден емделуде, ал 5 адам дәрігерлердің бақылауында тұр. Індеттің бұлайша күрт өсуіТасшағыл ауылдық округі әкімін 15-ші шілдеден бастап карантин енгізу туралы шешім қабылдауға мәжбүр етті. Арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Малды шетке шығаруға және кіргізуге уақытша шектеу қойылғандықтан ауыл адамдары әрі-сәрі күйде қалған. Ал карантиннің қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз.
Тасшағыл округінің ветеринар маманы Еркін ҚУАНҒАЛИЕВ індет ошағының таралу себебін былай деп түсіндіреді:
- 2012 жылы көршілес Жамбыл оругінен (Тасшағылмен екі ара 12 шақырым) «Манат» ШҚ иесі Ғалым САБЕНОВ осы ауылға көшіп келді. Былтыр оның уақ жандығы - бес бас қой-ешкіден бруцеллез табылып, ол жойылған болатын. Тағы да оның отарынан бруцеллез байқалғанымен, оны жойды ма, білмедім. Әрі ШҚ Жамбыл округіне қарағандықтан, малды сол округтің ветеринарлары тексерген болатын. Өткен жылы Жамбыл округінен көптеген уақ жандықтан сарып ауруы байқалған болатын. Мал өрісі жақын болғандықтан, сау мал ауруды тез жұқтырады.
-Демек, індетке шалдығу «Манат» ШҚ-ның малдарынан келген ғой?
- Иә, өйткені одан кейбіреулер мал алған, басқалары оның бағымындағы малға өз малын қосқан.
Алайда «Манат» ШҚ мүшесі Ұлмекен НАЗАРОВА мұны жоққа шығарды:
-Ветеринарлардың бұл кінәлауы мүлдем дұрыс емес. Былтырғы ауруға шалдыққан мал жойылды, дезинфекция жасалды. Біздің басқа ауылдан көшіп келгенімізде не тұр, дәлелдесін, тексерсін. Мамандар өздері жұмыс жасамайды, сосын жауапкершілікті кімге артарын білмей, біреуден көреді.
АУЫЛ ҚАСАПХАНАҒА АЙНАЛҒАН
Ауылдағы Досығалиев көшесінде тұратын 17 отбасының ауласын қасапханаға айналдыру қандай қажеттіліктен туғанын ветеринар дәрігер дұрыс түсіндіріп бере алмады. Ал тұрғындар мынадай жайтты алдымызға жайып салды.
- Наурызда округтің ветеринар маманы Е. Қуанғалиев келіп, ауру малдың көзін жойыңдар деп бұйырды. Егер бес күн ішінде құртпасаңдар өздеріңді жауапқа тартамыз деп қорқытты. Біз амал жоқ, оның айтқанын ғана орындадық. Қуанғалиев малдың бәрін сойғанша, қасымызда тұрды. Біздің көшеден 70 шақты қой-ешкі сойылды, ал менің ауламнан 10 қой-ешкі қасапхана құрбаны болды. Ветеринар мамандар сойылған малдың бас, сирақ пен ішкі құрылысын өртейміз деп, қапқа салып алып кетті. Ал етін қорықпай жеуге болады деді, - дейді Құбайдолла ЖЕКСЕНБІ.
- Аулада сойылған малдың қаны бірнеше күн жатты, ешқандай залалсыздандыру жүрген жоқ, дезинфекцияланбады. Қыстан шыққан өзі көтерем малымыздың етін қайда тастаймыз, ағайындарға тараттық, жедік. Бір үйден үш адам-енем, 2007 жылғы балам және өзім осы жұқпалы дертке шалдығып, емделудеміз. Шындығында, ауру уақ жандықтардың етін жеуге болмайды екен, біз қайдан білейік, -дейді Асылжа ИЗМАҒАМБЕТОВА.
- Ережелерге сәйкес, бруцеллезге оң нәтиже берген малдарды арнайы жоюға арналған жерлерге жеткізіп, оларды жоюды ұйымдастыру қажет. Бірақ бұл жерде өртеу деп нақты айтылмайды. Бұрындары бруцеллезге (сарыпқа) ұшыраған малды қасапханаға тапсыру міндеттелген. Бірақ қазір арнайы мал сою орындары белгіленбеген. Ветеринар маман Е. Қуанғалиевтың тарапынан қателік кеткені рас, оған ескерту берілді. Бұл жұқпалы дерттің етек алуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, бруцеллезге қарсы вакцина егу үкімет тарапынан алынып тасталған. Екіншіден, ауыл тұрғындары ауру малдың көзін жоюда қарсылық білдірді, тіпті ауласының алдына жатып алды, -дейді Қызылқоға аудандық аумақтық ветеринариялық станцияның бастығы Шман БЕРДЕШОВ.
МАЛ АШУЫ - ЖАН АШУЫ
Сәуірден бастап жойылған малға өтемақы төлеу тәртібі енді. Арнайы құрылған комиссия мен тұрғындардың қатысымен акт жасалғаннан кейін малдың көзі құртылып, облыс белгілеген құн бойынша ақы төлеу ұйымдастырыла бастады. Малдың құны ай сайын өзгертіліп отырады. Күні бүгінде аудан тұрғындары 2 млн теңге алған.
-Менің ауламда ірі қараны есептемегенде, 22 қой-ешкім бар еді. Оның бәрі ауру болғасын жойылды, өзім және балам бруцеллезге шалдықтық. Әйелім жұмыста жоқ, бес балам бар, екеуі студент. Ауыл адамдары тек малмен күнелтеді, жейді, сатады. Ал наурыз айында құртылған 16 қой-ешкіге ақы төленбейтін болып шықты. Оны өздіктеріңнен жойдыңдар деп кінәні бізден іздеуде. Шындығында ол мал ветеринардың күштеуімен сойылды емес пе, сонда біздің жазығымыз не? Амал жоқ, отбасымды асырау үшін Атырауға жұмыс іздеп кетпекпін, - дейді Ізбасар БЕРДЕШОВ (суретте).
Ауыл бойынша 72 қой-ешкінің өтемақысы төленбей отыр. Арман ҚАБДЫРАХМАНОВ та 31 уақ жандығының алтауына өтемақы ала алмай отырғанын ашына жеткізді. Көптеген ауыл тұрғындары карантиннің кесірінен жаңа оқу жылына баратын мектеп оқушылары, студент балалары үшін қажетті қаражат табу үшін малын сата алмай отыр.
- ҚР «Ветеринария туралы» Заңның 25 бабында оң нәтиже берген малды оқшаулап, кешіктірмей арнайы орында, барлық ветеринарлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өртеп жоюға тиіс екендігі атап көрсетілген. Бұған дейін бұл заң орындалған жоқ, оған тұрғындардың не қатысы бар? Біз малға төленетін ақымызды сұрап аудандық прокуратураға, аудан әкіміне, облыстық аумақтық инспекциясына шағымдандық. Жақында облыстық Бас мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспекторы ҚАБДОЛОВТАН жауап хат келді. Онда наурыз айындағы ауру малдың арнайы құрылған комиссияның қатысуымен жойылмағандықтан ақы төленбейтінін жазыпты. Енді біз сотқа беріп, өз құқығымызды қорғамақпыз. Негізі ауыл тазалығы сын көтермейді. Ауру қайдан шыққанын білмегендіктен, әркім әртүрлі әңгіме айтуда. Ауылдың маңында мал терісі, сүйектері жатқан шұңқыр бар. Мүмкін, бар пәле содан шығып отыр ма, кім білсін? - дейді тұрғын Берік ЖҰБАЕВ.
КАРАНТИН ҚАРАШАҒА ДЕЙІН СОЗЫЛА МА?
Бүгінде ауыл малын бруцеллезден аман сақтап қалудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда.
Тасшағыл округіндегі 322 үйде 2086 адам тұрады. Олардың 1066-ы жұмысқа қабілетті. 852 адам жеке шаруасымен айналысады. 58 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 217 адам ресми түрде жұмыссыздар есебіне тіркелген. Тұрғындардың басым бөлігі малмен күнелтуде.
- Қыркүйектің басында қалған малдарды тексеру жұмыстары жүрмекші. Ауруы анықталған малды сол жерде екпе салып өлтіріп, өртеп жібереміз. Ошақтар анықталған қора жайларды механикалық тазартудан өткізіп, залалсыздандыру жұмыстары атқарылуда. Бруцеллезге шалдыққан жалғыз мал қалғанша зерттеу жүре береді, -дейді «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» ММ Атырау облыстық филиалының бастығы Мақсот КЕМЕЛБАЕВ.
- Тасшағылдан 17 отбасы өтемақы ала алмай қиналып жүр...
- Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, бізге дейін жойылғандықтан бұл малдарға ақы төленбейді.
Біз осыған байланысты Қызылқоға ауданы әкімдігіне хабарластық.
-Тұрғындардың жағдайын жақсы түсінеміз. Ауылда төрт түліктің арқасында жан бағып отырғандар жетерлік. Бірақ амал қайсы, біз оларға көмек бере алмаймыз. Карантин 3-4 айға дейін созылуы мүмкін. Малын сатып күнелтіп отырған қарапайым адамдарға ақ адал малынан бір сәтте айырылу оңай болмауда. Бұған дейін бруцеллезбен ауырған малға ақы төленбеген болатын, ал қазір өтемақы төленеді. Бүгінде бір бас қойға 26 мың теңге, ешкіге 11 мың теңгеден төленуде. Мал құны ай сайын өзгеріп отырады, - дейдіҚызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ. -Мал басын өсіру алдағы күндердің еншісінде болғандықтан ештеңе айта алмай отырмын. Бүгінде бруцеллезден (сарып ауруынан) құтылудың жолдары қарастырылуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА