
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерін аяусыз соққыға жығып, денсаулығына қатер төндіруді тоқтату туралы Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.
Осындай мәлімдеме жасауға қоғамдық резонанс тудырған жақында Қарағанды мен Қостанайда болған аяусыз соққыға жығу жағдайлары себеп болды.
Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр.
Министр бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін ескертті.
«Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы», - деді Әлназарова.
Ол медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет постарын күшейту туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
«Барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Тағы да баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын. Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек. Жапа шеккен әріптесіміздің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті әрі батыл шара қабылдайтын болады», - деді министр.
В Атырау 0