
Қазақстанда туберкулез инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында профилактикалық емдеудің жаңа тиімді режимдері енгізілді.
Атап айтқанда, емдеу мерзімін 6 айдан 1–3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін «Рифапентин» препараты қолданыла бастады. 2025 жылдың алғашқы 6 айында туберкулез инфекциясына қарсы профилактикалық еммен 8633 адам қамтылды. Олардың 55 пайызын балалар, 45 пайызын ересектер құрады. Емдеу тиімділігі 93 пайызды құрап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кемінде 90 пайыз деңгейіндегі стандартына сай келді. Профилактикалық емдеу, әсіресе туберкулезге шалдығу қаупі жоғары топтар арасында, аурудың белсенді түрінің таралуы мен дамуын болдырмауда шешуші рөл атқарады.
Қазақстан Республикасында туберкулезді диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін жүргізіледі. Туберкулезбен ауыратын науқастар үшін инъекциялық емес, заманауи және тиімді емдеу режимдеріне толық қолжетімділік қамтамасыз етілген. Көп дәріге төзімді туберкулезді емдеу мерзімі 24 айдан 9–12 айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар, ДДҰ ұсынған дәріге төзімді туберкулезді емдеудің жаңа режимін («Претоманид» препаратымен, BPaL/BPalM схемасы) енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда. Бұл тәсілмен емдеу мерзімі 6 айға дейін қысқарады.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 90,8 пайызды құрады (ДДҰ стандарты — кемінде 90%), ал дәріге төзімді түрін емдеуде тиімділік 86,4 пайыз болды (ДДҰ стандарты — кемінде 80%). Есепке алу жүйесі жолға қойылған, барлық жағдайлар «Туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Сонымен қатар, туберкулезге қарсы іс-шараларды мониторингілеу және бағалау жүйелері күшейтілді.
Елімізде бастапқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) желісі бойынша амбулаториялық кезеңде бақыланатын ем жүргізу үшін 455 фтизиатриялық кабинет және 2564 тікелей бақыланатын емдеу (ТБЕ) кабинеті жұмыс істейді.
В Атырау 0