Қазақ ауылын еш боямасыз көрсету – фильмді түсірудегі мақсат. Көркем фильм Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауларының баурайында түсіріледі.
Фильм авторлары мен продюсерлері Қазығұрт тауларын таңдап алуы тегін емес. Қазақылығы басым әрі дәстүрге жетік ауыл халқы мен Қазығұрттың көркем табиғаты фильмге әр беретінін аңғарған болуы керек. Картинаны түсіруде «DS фильм» киностудиясы мен «Аманат» продюсерлік орталығы бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Фильм нақты тарихқа сүйене отырып түсіріледі. Сюжет бойынша басты кейіпкер тауық ұрлағаны үшін шартты түрде жазаланады. Ауыл тұрғындары арасында тұруға ары шыдамай, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан таулы аймақтағы ауылға көшіп кетеді. Осы жерде қойшы болып жұмысқа кіреді. Көп өтпей бала күнінен қиындық көріп өскен жас қызбен танысады. Жастардың арасында махаббат сезімі оянып, шаңырақ көтереді. Ауыл шетінде күрке салып, бақытты ғұмыр сүре бастайды. Олар өздерін әлемдегі ең бақытты адамдар сезінеді.
Авторлар «Шалаш» фильмімен халықаралық фестивальдерге қатысуды ұйғарып отыр.
Дереккөз: baq.kz