Атырау, 6 желтоқсан 21:13
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Қазақстанда жол құрылысында өңделген қалдық қолданылатын болды​

522 рет қаралды
Сурет: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жол жобаларында техногенді-минералды түзілімдерді қолдану көлемін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Жоспар аясында техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ), яғни тау-кен өндіру, тау-кен-қайта өңдеу және энергетикалық өндірістердің пайдалы құрауыштары және пайдалы қазбалары бар қалдықтарының шоғырын жол құрылысына пайдалану бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру көзделген.

Сарапшылардың айтуынша, қайта өңделген техногенді шикізатты қолдану инфрақұрылымдық жобалардың құнын төмендетіп қана қоймай, қоршаған ортаға экологиялық жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

«Қайта өңделген қалдықтарды жол салу және жөндеу жұмыстарына тиімді қолдануға болады. Мұндай материалдар сапасы жағынан дәстүрлі материалдардан кем түспейді. Бұл – бәріне тиімді шешім: мемлекет шығынды азайтады, кәсіпорындар қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешеді, ал қоршаған орта тазарады», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Ғалымдар жоспардың тиімді іске асуы үшін қайта өңделген материалдарды қолдану бойынша тиісті талаптарды заңнамада бекіту қажет екенін алға тартады. Сонымен қатар, қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылады.

Қазіргі уақытта өңірлерде өндірістік шикізатты ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өндірістік қалдықтарды жол салу саласында пайдалану мүмкіндігін кешенді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылатын материалдардың тізімі жасақталып, оларды жол-құрылыс материалдарының Бірыңғай базасына енгізу көзделуде.

Айта кету керек, өндірістік қалдықтарды құрылыс саласында қайта өңдеп қолдану әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тиімді тәсіл. Ол бір уақытта бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: табиғи ресурстарды үнемдеу, құрылыс шығындарын азайту, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету және қалдықтарды қайта өңдеу нарығын дамыту.

10 шілде, 18:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.