Атырау, 6 желтоқсан 21:17
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Маңғыстауда ​«Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылды

480 рет қаралды
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды.   

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапарының қорытындысында хабарланды. 

Қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын кәсіпорында 30 мамыр күні құрылыс жұмыстары аяқталды. Суды тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтары, сорғы станциясы, екі қосалқы станция, жөндеу-механикалық цех, гараж, қоймалар, зертхана, өрт сөндіру бекеті, қазандық салынды. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым — ұзындығы 80,1 км электр беру желісі, жалпы ұзындығы 201,4 км екі тармақты магистралды су құбыры, 48,1 км газ құбыры, 40,1 км автожол салынып бітті. Жобаның теңіз бөлігі бойынша теңіз түбіндегі траншеяға полиэтилен құбырлары төселді. Кәсіпорында әлемнің жетекші өндіруші компаниялардың озық технологиялары қолданылуда. Қазіргі кезде зауытта іске қосу-баптау іс-шаралары жүріп жатыр.  

9 шілдеде технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі іске қосылды, оның барысында теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желі тексеріледі және жуылады. Бұл процесс 72 сағатқа созылады. Сынақ іс-шаралары сәтті аяқталған кезде зауыт жұмыс режиміне көшеді.

Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласына суды екі компания «Магистральды су құбыры» ЖШС мен «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС жеткізіп отыр. Жаңаөзенге қазіргі бар көздерден беріліп отырған судың жоспарлы көрсеткіштерін, сондай-ақ халықтың оны тұтынудың маусымдық факторын ескере отырып, «Кендірлі» зауыты суды бастапқы кезде «қосымша режимде» өндіретін болады, яғни жетіспейтін көлемін қамтамасыз етеді.

Тұщытылған теңіз суы барлық қажетті талдау мен зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін ұзындығы 100,7 км құбыр арқылы Жаңаөзен қаласына жеткізу үшін «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық мекемеге жіберіледі. 

Жоба стратегиялық маңызға ие. Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін Жаңаөзен тұрғындары мен іргелес жатқан елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ нысан «Астрахань — Маңғышлақ» магистралды су құбырына жүктемені азайтып, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Барлық эксплуатациялық, соның ішінде жабдықтарды жасаған компаниялардың қатысуымен өтетін іс-шаралар аяқталғаннан кейін нысан Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріледі.

ҚМГ-ның ірі әлеуметтік жобасы 91 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Зауыт құрылысы кезінде 650-ге дейін адам жұмылдырылған болатын.

9 шілде, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.