Атырау, 6 желтоқсан 21:13
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Тоқаев су шаруашылығы саласының қызметкерлерін құттықтап, марапаттады

293 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты.

Біздің ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды деп атап өтті ол. 

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде. Елімізде нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, жаңа Су кодексі қабылданды, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылып жатыр. 

Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтіп, былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылғанын айтты. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Былтыр су шаруашылығы мамандарының жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни «аз пайдалансаң, аз төлейсің» деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. 

Мемлекет басшысының айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналды. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. 

- Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді, – деді Қ.Тоқаев. 

Президент сөзін қорытындылай келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.

– Судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Тоқаев.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Былтыр «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бекітілді. Бүгін осы атақ бірқатар ардагерге берілді.

9 шілде, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.