
«Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ғалымдары вилт ауруына төзімді жаңа мақта сұрпын – «Мақтаарал-5030»-ды жасап шығарды, деп хабарлайды АШМ.
Қазір бұл сұрып бойынша сынақтардың соңғы кезеңі аяқталып, ағымдағы маусымда оған патент алу жоспарланып отыр. Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуетке ие екенін көрсетті.
Оның вегетациялық кезеңі 110–115 күнді құрайды. Шикі мақтаның өнімділігі гектарына 43,5 центнерге дейін жетеді, бір қауашақтағы мақта массасы шамамен 6,1–6,2 грамм. Талшықтың шығымы 39,7%, ұзындығы 33,5 мм, микронейр көрсеткіші 4,5 болып, тоқыма өнеркәсібінің сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, талшықтың сызықтық тығыздығы – 5300 мтекс, ал үзілу жүктемесі – 4,9 грамм/секунд шамасында.
Мамандардың айтуынша, бұл сұрыптың басты артықшылығы – оның вилт ауруына төзімділігі. Зертханалық жағдайларда жұқтырылғанда зақымдану деңгейі небәрі 0,1% болған, бұл көрсеткіш стандартты «Береке-07» сұрпымен салыстырғанда әлдеқайда төмен (онда 0,4%-дан асады). Морфологиялық тұрғыдан «Мақтаарал-5030» сұрпы жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін бұталарымен сипатталады. Симподиальды бұтақтары 4–5-ші буында қалыптасады, жапырақтары ірі әрі жасыл түсті. Қауашақтары 4–5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы – ақ әрі таза. 1000 тұқымының орташа салмағы шамамен 125 граммды құрайды.
Жаңа сұрып агротехникалық жағдайларға, әсіресе ерте себу мерзімдеріне жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы — 90×1×10. Сондай-ақ, бұл сұрып машинамен жинауға өте ыңғайлы. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130–135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады. Ең жоғары өнім қалыптасуы үшін суаруды дәл уақытында жүргізу маңызды.
Айта кету керек, 2024 жылдан бастап «Мақтаарал-5030» сұрпы Қазақстанда аудандастыруға рұқсат етілген сұрыптар тізіміне енгізілді.
В Атырау -1