
Парламент Сенаты Жоғарғы Сот судьялары Досжан Әмірді, Ботагөз Ералиеваны және Сара Жармұхамбетованы қызметтен босатты.
Отставкаға шығарып салуға арналған салтанатты іс-шарада Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев олардың көп жылғы адал еңбегі мен мінсіз беделдерін, кәсіби біліктіліктерін, принципшілдіктері мен өз істеріне берілгендіктерін, сондай-ақ сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлестерін атап өтіп, олардың бұл еңбектері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен атап өтілгеніне тоқталды.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов Сара Арзымбекқызының жоғары біліктілігін, әділдігін, адамгершілігін атап өтті. Ол сот жүйесіндегі 33 жыл қызметінде Семей, Шығыс Қазақстан облыстық соттарының судьясы, елорданың Есіл аудандық және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттарының төрағасы, Астана қалалық сотының судьясы және жоғары сот органының судьясы қызметтерін атқарған.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина Досжан Сарманқұлұлының ұлттық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін, оның мол тәжірибесі мен білімімен бөлісуге дайын екендігін атап өтті. Сот жүйесіндегі 36 жыл қызметінде Д.Әмір судьялық қызметтерді атқарды, төрт апелляциялық сатыдағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларын, сондай-ақ Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстық соттарын басқарды.

Ботагөз Рахымқызы 29 жылдық сот тәжірибесінде Жезқазған және Қарағанды облыстық соттарының, сондай-ақ жоғары сот органының судьясы қызметтерін атқарған. Әріптестер оның антына беріктігін, заңға адалдығын, беделін, еңбекқорлығын ерекше құрмет тұтады.
Жылы лебіздерін Жоғарғы Сот судьялары Ирина Калашникова мен Гүлнар Мергенова жеткізді. Досжан Әмір, Ботагөз Ералиева және Сара Жармұхамбетова әріптестеріне алғыстарын айтты.
В Атырау +1