ҚР Үкіметінің 2011 жылдың 1 желтоқсанындағы «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту» туралы №1420 Қаулысы Индербор поселкесінің тұрғындарының мүддесіне қайшы келіп отыр.
Индербор поселкесіндегі Тайсойған көшесі, №10 үйдің тұрғыны Гүлнәр СЕРІКБАЕВА:
- Біздің үйіміз 2002 жылы салынып, сол жылы пайдалануға берілген болатын. Оған жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар қоныстанды. Бізге ордер беріп, бұл үй он жыл өткесін жекешелендіруге жатады деді. Алайда, он жыл өтсе де, біз әлі сол жалдамалы тұрғындардың кейпін киіп жүрміз.
Бес бірдей баланың анасы басқа тұрғындармен бірге поселке әкіміне арыз түсіргенімен, ешқандай нақты жауап ала алмаған.
-Аудан әкімдерінің жиі ауысуы арыздарымыздың жоғалып кетуіне дейін жеткізді. Айналғанда бұл үйдің құжаты жоқ деп отыр. Біздің түсінбейтініміз, баланстық құны 24 млн теңге болатын үйдің құжаты қалай жоғалып кетеді? Енді баяғыда жекешелендіруге тиісті үйді жалдауға мәжбүрміз. Біз бұл қаулымен келіспейміз, оның бұзылуын талап етіп соттасамыз. Біз неге биліктің салақтығынан зардап шегуіміз керек? -дейді Тайсойған көшесі, №10 үй тұрғындары.
Үкімет қаулысымен тағы бір келіспейтіндер бар. Олар - үш жыл бұрын өртеніп кеткен 8 пәтерлікүйдің тұрғындары.
- Үйіміз өртеніп кеткеннен кейін бізге уақытша пәтер жалдаған болатын. Тараптарға жүгініп, көп жүгірістен кейін24 млн теңге бөлініп, сегіз отбасыға пәтер берілді. Енді жақында заңгер шақырып алып, пәтерлеріңді жалдап тұру туралы келісімшарт жасауымыз тиістігін хабарлады. Сонда менің отбасым ай сайын коммуналдық есептеулерді алып тастағанда8 000 теңге төлеуі тиіс екен. Бұл - салық органына төленетін ақша. Және бұл сома заң бойынша жалдау құнын шегеруге жатпайды. Ал пәтерімнің баланстық құны 3,5 млн теңге, жылдық жалдау құны екі пайызды құрайды. Оны толық өтеуім үшін мен бұл пәтерде 40 жыл бойы, яғни 75 жасқа жеткенше тұруым керек екен. Сонда ғана жыл сайын екі пайыздан шегеріліп, жалдау құнынан құтыламын. Осыған байланысты мен де бұл қаулымен келіспеймін, -дейді Гүлзада ТАСЫБАЕВА.
Тағы бір тұрғын Ақбілек БЕКТҰРЛИЕВА берілгенпәтерді жөндеуге кеткен шығын сомасының да шегерілуге жатпайтынына наразы:
- Егіз немеремнің бірі 9 миллионыншы қазақ болып дүниеге келгенде жергілікті билік сый ретінде Индербор поселкесінен екі бөлмелі пәтер берген еді. Сол кездегі пәтердің сыйқы адам көргісіз болатын. Оны жөндеуге қыруар қаржы жұмсалды. Оның сметалық құжаты да жасақталған. Бірақ бұған кеткен шығын сомасы шегерілуге жатпайды екен.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ:
- Күні бүгінде тұрғын үй қорында 34 пәтер бар. Енді қаулыға байланысты пәтер иелері бұрын тегін тұрып келген үйлерін жалға алып, ай сайын белгілі бір соманы төлеуі тиіс. Бүгінде ауданда осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасай бастады. Біз тұрғындармен екі рет жиналыс өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындар келіспейтін жайттармен біздер де хабардармыз. 8 пәтерлік Тайсойған көшесі, №10 үйдің құжатын әлі күнге іздеп таба алмай отырмыз. Мұрағатта да жоқ. Бірақ қазіргі қаулыға байланысты бұл үй жекешелендіруге жатпайды, кезінде күрделі жөндеуден өткізгені де есепке алынбайды.
- Тұрғындар қазіргі отырған үйлерінен жылдар өте айырылып қалмаймыз ба деп алаңдайды...
- Тұрғын үйді жалдау шарты үш данада жасалады. Оның біреуі мемлекеттік мекеменің (мемлекеттік кәсіпорынның) әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріліп, қатаң есептілік құжаты ретінде тұрады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және мемлекеттік тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып есептеледі. Сондықтан жалға алушының сенімсіздік танытатындай негізі жоқ. Қаулыда көрсетілгендей, ҰОС ардагерлеріне ғана үй жекешелендіріледі, қалғаны жалға алады. Жалға алушыға пәтерін немесе үйін қалдық құнымен сатып алуына болады, оны да комиссия қарайды.
- Соңғы рет қызметтік үйлерді жекешелендіру қашан орын алды?
- 2009 жылы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА