Атырау, 1 желтоқсан 23:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Алдағы оқу жылында бізді не күтіп тұр?

9 807 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы – облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ.

 

ҰСТАЗДАР СҰРАҚ ҚОЯДЫ

- Ғылым министрі жуырда мектептерге қаржы бала санына қарай бөлінеді деп мәлімдеген болатын. Бұл мұғалімнің еңбекақысына әсер ете ме?

- Биылғы оқу жылында базалық оқу жүктемесінде өзгерістер бар дейді. Осыны түсіндіріп беріңізші?

Құрманғазы ауданынан

- 1. Мектептерге қаржыны бала санына қарай бөлу мәселесін 2013-2014 оқу жылында біздің облыста іске асыру жоспарланбаған. Ал жалпы республика көлемінде 2015 жылдан бастап жүзеге асырылады деп күтілуде. Әзірге бұл әдіс ҚР төрт облысындағы 50 білім беру ұйымдарында эксперимент ретінде енгізілген.
2. Биылғы оқу жылында 1-сыныптан бастап аптасына 1 сағат  шет тілі (ағылшын) жүреді. Бұл - енгізілген жалғыз өзгеріс.
- Жаңа оқу жылында 10-сыныпқа көшетін 18 оқушыны екі бағытпен оқытуға бола ма? Оқушылар екі бағытты таңдап тұр, ал 10-сынып біреу болады дейді.
Құлсары қаласы, №17 мектеп
- Жалпы орта білім беру екі бағытта, қоғамдық-гуманитарлық және  жаратылыстану-математика бағытында бейінді оқыту жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымдарындағы бейіндік сыныптарды қалыптастыру, сыныптарды бөліп оқыту жергілікті атқарушы органның құзыретіне берілген. Сондықтан оқушы санына қарай  бейінді оқыту мәселесі  жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып шешіледі.
- Ауылдық мектептердегі мұғалімдерге коммуналдық қызмет үшін берілетін қосымша ақы (көмірге) былтырдан бастап тоқтап қалды. Осы ақы төлену керек пе?
Құлсары қаласынан
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 53-бабының 2-тармағы, 2-тармақшасына сай «Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтөмақы  төленеді».

 

ТАҒЫ ДА АҚША ЖИНАУ ТУРАЛЫ

- Менің қызым №33 мектептің даярлық тобын бітірді, енді осы мектептің 1-сыныбына қызымды қабылдамай отыр, себебі ол 6 жасқа 2013 жылдың 8 қыркүйегінде толады. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Екінші сұрағым - ұлым қаладағы мектептердің бірінің 3-сыныбында оқиды. Осы үш оқу жылында да оқулықтар жетпеді, ең алдымен оқулықтарды аз қамтылған балаларға береді. Сол себепті біз қаладағы базарлар мен кітап дүкендерін аралаймыз, кейде тіпті оларда да іздеген кітаптарың табыла бермейді. Неге мектептерде оқулықтар жетіспейді?

Құндызай БАЙТАСОВА, Атырау қаласы

- Қазақстан   Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтары күнгі  №127 қаулысымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларының» бастауыш білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі тармағы бойынша  бастауыш білім беру ұйымдары даярлық деңгейіне қарамастан, кезекті оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарындағы алты (жеті) жасқа толған барлық балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етеді. Ал сіздің балаңыз 6 жасқа толық толмағандықтан, мектептің 1-сыныбына қабылданбайды.
Екінші сұрағыңыз бойынша, бастауыш сыныптар  оқулықтармен толықтай қамтамасыз етіледі.

- Мектептерде математика пәні бойынша 1 000-1 500 теңге тұратын және дүниетану пәні дәптерлерін сатып алуға тура келеді.  Сонымен қатар өзін-өзі тану пәнін мектеп бағдарламасынан алып тастауға болмай ма, себебі қазақ тілі, математика, дене тәрбиесі пәндеріне кесірін тигізеді.

аzh.kz сайтынан

- Бұл дәптерлерді ата-ананың сатып алып беруі міндетті емес. Бірақ кей ата-аналар өз балалары үшін қосымша көмек ретінде қолдана алады. Ал өзін-өзі тану пәні туралы сұрағыңыз біздің құзырымызға жатпайды.

- Қаладағы №2 орта мектепте бастауыш сынып оқулықтары үнемі жетіспейді. Өткен жылы да сатып алғанбыз, енді биыл тағы оқулық сатып алуға мәжбүр боламыз ба?

Телефон арқылы

- Балықшы поселкесіндегі балабақшада ата-аналардан жөндеу жұмыстарына деп ақша жинап жатыр. Осы тектес әңгімелерді қаладағы балалары басқа балабақшаларға баратын ата-аналар да айтады. Осы қаншалықты заңды?

Телефон арқылы

- Қалалық білім бөліміне қарасты №2 орта мектеп бастауыш сынып оқулықтарымен толықтай қамтамасыз етілген.

- Балабақшаға биыл барған балама 20 түрлі канцелярлық тауарлар (қарындаш, альбом, А4 т.б.) алыңдар деп барлық ата-анаға тізім тапсырған, бұл заңды ма? Және қорға, жөндеу жұмыстарына т.б. ақша жинаулары қаншалықты заңды?

Телефон арқылы

- Білім беру ұйымдарында ата-аналардан қосымша ақша жинау заңсыз. Ол туралы  Облыстық білім беру басқармасының 2011 жылғы 4 тамыздағы №409 бұйрығы шығарылып, білім беру ұйымдарына жеткізілді. Сондықтан  ата-аналардан канцелярлық  тауарлар, қорға, жөндеу жұмыстарына, т.б. ақша жинау заңға қайшы және мұндай келеңсіздікке жол берілмеу керек.


МЕКТЕПТЕР САЛЫНУДА, БІРАҚ ӘЛІ ДЕ АЗ

- Алдағы жылдарға жоспарланған қала бойынша салынатын мектептер мен балабақшалар туралы айтып беріңізші? Жаңа салынған балабақшалар болғанымен, орын жетіспеушілігі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Осы сұрақтар шешімін қашан табады?

Қалиева, Атырау қаласы

- Атырау қаласы бойынша республикалық бюджет есебінен барлығы 1 720 орындық 6 нысан құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде:
- Атырау қаласы Құрсай селосында Алтынсарин атындағы 300 орындық мектеп;
- Атырау қаласында №18 Крупская атындағы 300 орындық орта мектеп;
- Атырау қаласы Жұмыскер селосында 280 орындық балабақша;
- Атырау қаласы Көк-Арна ықшам ауданында 280 орындық балабақша;
- 2 балабақшаға тендерлік конкурс өткізілуде - Атырау қаласы Нұрсая ықшам ауданында 280 орындық балабақша және Бірлік селосында 280 орындық балабақша;
- Атырау қаласы Геолог-2 поселкесіндегі 624 оқу орындық орта мектеп ағымдағы жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі деп күтілуде.
- «НКПОК» компаниясының демеушілік көмегімен Атырау қаласы «Алмагүл» ықшам ауданында 320 орындық балабақшаның құрылысы жүруде.
- «ТШО» компанияның демеушілік көмегімен Атырау қаласы Нұрсая ықшам ауданында 624 оқу орындық техникалық гимназияның құрылысы жүруде.  
- Нұрсаяда салынып жатқан техникалық гимназия құрылысы тағы да тоқтап қалғанын газеттерден оқыдық. Мектеп ғимараты қашан салынып бітеді? Гимназияның қазіргі оқушылар оқып жатқан ғимараты өте тар, жыл сайын сыныптар балаларды көптеп қабылдап жатыр, оқушылар сыныпқа сыймайды. Осы гимназияның тез арада көшірілгенін қалаймыз.
- Нұрсая ықшам ауданында салынып жатқан 624 оқу орындық техникалық гимназияның құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Аяқталу мерзімі - 2014 жыл.  
 

- Биыл жөндеуден өтетін мектептерді атаңызшы?

Самал

- Биыл 43 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жоспарланып, оған  барлығы 1 млрд 510 млн 511 теңге қаражат бөлінді.
- «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасынан - 36 білім беру ұйымдарына  1 млрд 245 млн теңге;  
- Жергілікті бюджет есебінен - 1 білім беру ұйымына – 160 млн 722 мың теңге;
- Бір салалы қалаларды дамыту бағдарламасынан - Жылыой ауданының 6 мектебіне күрделі жөндеу өткізу үшін – 103 млн 889 мың теңге бөлінді.

- Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты әкімшілігінің ақыл-есі дамуы тежелген  баланы мектептен шығаруға қақысы бар ма? Және ақыл-есі кеш дамыған балаларға арналған инклюзивті бағдарлама туралы айтып беріңізші. Осы бағдарлама бойынша біздің облыстың қандай мектептерінде сабақтар жүргізіледі?

аzh.kz сайтынан

- Ақыл-есі кем деген диагнозы бар бала тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатта оқи алмайды. Ол балаларға психологиялық-педагогикалық-медициналық кеңестің қорытындысымен ақыл- есі кем балаларға арналған білім беру ұйымына жолдама беріледі. Егер ата-ана жолданған мектеп-интернатқа баласын оқытуға қарсы болса, онда кеңестің қорытындысымен жалпы орта білім беретін мектепте инклюзивті оқыту арқылы білім алады.

- Балабақшаларға ай сайынғы ақы төлеу қаламызда Цеснабанк арқылы жүргізіледі. Балабақша ақысын басқа банктерге төлеуге болатындай мүмкіндік қарастырылса?  

Телефон арқылы

- Бұл сұраққа жауап алу үшін қалалық білім бөліміне хабарласуыңызға болады.


МЕКТЕПТЕР - ТҰРҒЫЛЫҚТЫ МЕКЕНЖАЙ БОЙЫНША

- Баланы өзіміз таңдаған мектепте орналастыруға интернет арқылы арыз беруге болады деп естідік. Біздің Атырау қаласында электронды арыз беру жұмыс жасай ма, ол қаншалықты нәтижелі болмақ? Мұны сұрап отырған себебім, қазір мектепте баламызды бергіміз келсе, таңдаған мектеп директорлары мекен-жай бойынша сай келмейді, өзімізде де бала жеткілікті деп құжаттарымызды қабылдамайды.

Байболатова

- Балаңызды интернет арқылы мектепке орналастыра алмайсыз. Оқушылар мектепке бірінші кезекте орналасқан мекенжайы бойынша қабылданады. Мектепте бос орын болған жағдайда мектеп әкімшілігі Сіздің балаңызды мектепке қабылдау туралы өзі шешім қабылдайды.

- Осы жылы менің балам 1-сыныпқа барады, оны Сельстройдағы мектепке бергім келіп еді, себебі, мектеп жұмысқа барар жолда. Мекен-жай бойынша Ғ.Қожақаев көшесі, 25 үйде тіркелгенмін. Бірақ қабылдау комиссиясы мектепке жақын маңда тұратын балаларды ғана аламыз деп сылтауратып, менің баламның құжаттарын қабылдаудан бас тартты. Дегенмен кейбіреулер олардың қаланың басқа ықшам аудандарында тұратын балалардың құжаттарын қабылдап жатқанын айтады (Привокзальный, Авангард).

аzh.kz сайтынан

- Мектеп басшылығы алдымен мектептің аумағындағы балаларды қамтуға міндетті, ал орын қалып жатса, онда қаланың өзге жерлерінде тұратын балаларды қабылдай алады.

- Қаладағы колледждер курстық оқытуды жүзеге асырып жатырмыз дейді. Ал онда жұмыспен қамту орталығынан және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен барып, оқу курсынан өтетіндер олардың ештеңе үйретпейтіндерін айтып шағымданады. Бұл қалай болғаны? Колледж жұмысын ешкім қадағаламай ма?

аzh.kz сайтынан

- Атырау облысында орналасқан техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында кәсіптік даярлықтан басқа қысқа мерзімді курстарға оқыту жүргізіледі. Оқу орындарында жоғары, бірінші санатты мамандармен қатар өндірістен келіп жұмыс жасап жүрген оқытушылар да бар. Оқу жоспарлары жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіріліп, келісіліп жасалған. Бүгінгі күні бітіруші түлектердің біліктіліктерін тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіліп, жұмыс жүргізілуде. Колледждер жұмысын кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау бөлімі қадағалайды.

- Келе жатқан оқу жылында ҰБТ-да өзгешеліктер бола ма? Оқушыларды даярлайтын қандай оқу орындары жұмыс жасайды?

Ата-ана

- Жаңа басталғалы отырған 2013-2014 оқу жылында  ҰБТ өткізу бойынша өзгеріс болмайды. Оқушыларды тестілуге даярлайтын Атырау қаласында «Достық» білім беру орталығы және «EDTECH-kz-ATYRAU» халықаралық білім орталығы және Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында дайындық орталықтары бар.


МЕКТЕПТЕ ХИДЖАБ КИЮГЕ БОЛМАЙДЫ

- Қалада оқу орындарын бітірген жастарға арналған жұмыс жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Ал аудандарда мұндай шаралар өткізілмейді, ауыл жастары да жұмысқа орналасқылары келеді. Аудан орталықтарында колледж, лицей түлектеріне арналған осындай жәрмеңкелер неге ұйымдастырмасқа?

Ауыл тұрғыны

- Облыста орналасқан техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында жыл бойы «Түлектер жәрмеңкесі» өткізілуде. 2013 жылдың 19-21 маусым күндері қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарында «Мамандықтар жәрмеңкесі» атты жалпыреспубликалық шарасы өтті.

- Мен Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетіне оқуға тапсырғым келеді. Емтихандарды қаладан шықпай-ақ тапсыруға бола ма? Шетелдің қалаларынан келген студенттерге қандай жағдайлар қарастырылған? Оқу мерзімі қанша жыл және күндізгі, сырттай оқу бөлімінің жылдық ақылары қандай екенін білгім келеді.

Ақжүніс Телманова

- Сіз сұрақтарыңызға жауапты бұл оқу орнының ғаламтордағы www.pk.rusoil.net. сайтынан білуіңізге болады.

- Мектеп оқушыларының арасында дін жолына түскендерді қадағалау қалай жүргізілуде? Жалпы мектепте хиджаб киюге рұқсат етіле ме?

- Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінің барлығында оқушылардан бірыңғай мектеп формасы талап етіледі. Мектеп формасы кезінде педагогикалық кеңестер, ата-аналар жиналысы мен оқушылар жиналысында талқыланып, қабылданған. Мектеп формасы негізінен ақ кеуде, қара шалбар (белдемше), ал кейбір білім беру ұйымдарында қазақтың ою-өрнегімен әсемдеген, шатыраш, не болмаса тағы да бір түстен тігіліп киілуде. Мектепте хиджаб киюге болмайды.
Мектепте намаз оқитын, орамал тағатын оқушылар есепке алынып, олармен жұмыстар жүргізіледі.

- Көзі нашар көретін, зағип балаларға арналған оқу орындары біздің облысымызда қашан ашылады? Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қандай бағдарламалар қолға алынуда?

- Көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы оқу орнын ашу үшін облыстағы соқыр, нашар көретін балалардың саны жеткіліксіз. Алайда, осы санаттағы балаларға облыста арнайы сынып ашу жоспарда бар.

- «Мектепке жол» акциясының қай жерде өткізіліп жатқандығын білейік деп едік. Әлеуметтік жағдайлары төмен балаларға керек құрал-жабдықтар, киім-кешектерді қайда тапсырсақ болады?

Телефон арқылы

- Атырауда гуманитарлық бекет жұмыс жасайды. Бекеттің орналасқан жері - Атырау облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасы. Мекен-жайы: Құлманов көшесі, 1, А блогы.
- Биылғы оқу жылынан бастап мектептердегі дене шынықтыру пәнінің сағаты қысқарады деген әңгіме бар. Осы рас па?

- Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылдың 25 шілдегі №296 бұйрығымен жалпы білім беретін мектептерде  оқу жоспарына дене тәрбиесі пәні аптасына 3 сағат өтетін болып өзгертілді.    

- Жақында Құлсары қаласындағы №6 мектепке тексеріс жүргізген кезде мектеп басшылығы тарапынан бірнеше бұзушылықтар анықталды. Бүгінгі күні мектеп директоры өз қызметінен босатылды. Ал оқу жылы болса таяп қалды, мектептегі жұмыстардың басы-қасында жүретін ешкім жоқ. Осы жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмағанынан неге біздің балаларымыз зардап шегуі тиіс?

Құлсары қаласынан

- Бұл мәселені жергілікті әкімшілік шешуі тиіс. Алдымен мектеп директорын тағайындау үшін үміткерлердің кандидатураларын облыстық білім беру басқармасына жібереді, ал біз олардың біліктілік талаптарын тексергеннен соң бекітілген үміткерлер сол жергілікті жерлерінде конкурсқа түседі, қорытындысында ең іскер, ең білікті деген педагог директоры болып тағайындалады.


МЕКТЕП АВТОБУСТАРЫ ТУРАЛЫ

- Мен 2011 жылы қараша айында дүниеге келген қызымды сол жылдың желтоқсан айында балабақша кезегіне тіркедім. Қазіргі кезде кезектегі нөміріміз – 5188. Енді қызым қыркүйекте балабақшаларға бөлінетін орынға іліне ала ма, әлде келесі жылды күтеміз бе?

Гүлназ Сембиева

- Бұл мәселе жөнінде қалалық білім бөліміне хабарласу керек.

- Біз  Бірлік-2 ауданында тұрамыз. Теміржолға жақын орналасқанбыз. Бастауышта оқитын балаларға мектепке барып келу қиындау, әсіресе жаңбыр, қар жауған уақытта. Мектеп жанында автобус бар екен. Бірақ ол автобуспен Жұлдыз ықшам ауданының балаларын тасиды. Неге сол автобуспен Бірлік-2 ауданының балаларын тасымасқа?

Бірлік-2 тұрғындары

- Үкіметтің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы «Жасөспірімдер мен балаларды оқыту мен тәрбиелеу нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» туралы №1684 қаулысының 3-тармағы 69-тармақшасына сай, ауылдық жерлерде тұратын, сәйкесті білім беру ұйымы жоқ елді-мекендердің  оқушылары тасымалдануға жатады және ол мектеп автобустарымен жүзеге асырылады. Арақашықтығы 15 шақырымнан жоғары, сол сияқты көлікпен тасуға мүмкіншілігі жоқ жерлерде мектеп жанындағы интернат қарастырылады.
Соған сәйкес, Бірлік-2 селосы балаларын да мектеп автобусымен тасымалдауға заңдық негіз бар. Мұны қалалық білім бөлімі арқылы шешу қажет.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

29 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.