Атырау, 5 желтоқсан 08:02
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда экологиялық заңбұзушылықтар үшін 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды

721 рет қаралды

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай өткен брифингте Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов өңірдегі экологиялық жағдай, қабылданып жатқан шаралар және алдағы жоспарлар жөнінде мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі — атмосфералық ауаның ластануы. Бұл мәселені шешу үшін департамент өндіріс орындарымен бірлесіп, зиянды заттардың ауаға таралуын азайтуға бағытталған нақты жұмыстар атқарып келеді.

– Басты мақсатымыз – өнеркәсіптік шығарындыларды қысқартып, озық технологияларды енгізу және қалдықтарды тиімді басқару. 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасындағы 45 тармақтың 9-ы толық орындалып, тағы жетеуі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Алайда 23 іс-шараның мерзімі әлі аяқталған жоқ, – деді А.Жүсіпов.

2025 жылдың басынан бері экологиялық заңнама талаптарының орындалуын бақылау мақсатында 16 тексеріс жүргізіліп, 38 құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде жалпы сомасы 916 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. «Ембімұнайгаз», «Karabatan Utility Solutions», «ANACO», «Қожан» АҚ сынды бірқатар резонанстық істер бойынша нақты шаралар қабылданған.

Сонымен қатар, салада оң өзгерістер де бар. Мәселен, Атырау қаласында қоқыс сұрыптау кешені іске қосылып, қайта өңдеу көлемі айтарлықтай артқан. Қала тұрғындары үшін бірнеше экопункт пен қайта өңдеу кәсіпорындары қолжетімді қызмет ұсынып отыр. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.

Экологиялық мәдениетті дамыту бағытында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, сурет байқаулары мен оқушыларға арналған танымдық экскурсиялар ұйымдастырылған. Бұл шараларға 10 мыңнан астам адам қатысқан.

Брифинг соңында Асқар Жүсіпов табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүрген азаматтарды Қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтап, сала ардагерлері мен белсенділеріне арналған марапаттау рәсімінің өтетінін атап өтті.

5 маусым, 14:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.