
2025 жылы 3 маусымда Моңғолия парламенті елдің премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэге сенімсіздік білдіріп, отставкаға жіберді. Бұл шешім оның 23 жастағы ұлы Темуулен мен болашақ келіні Угуумурдың әлеуметтік желілерде жарияланған сәнді өмірі туралы суреттерінен кейін басталған жаппай наразылықтарға байланысты қабылданды, деп хабарлайды Meduza.
Азаматтар Угуумурдің бірнеше мың доллар тұратын киімдер киіп, қымбат көлікпен жүріп, люкс дүкендерден заттар сатып алып, тікұшақта қыдырып жүрген фотоларына қатты наразы болды. Бұл жағдай халықтың экономикалық қиыншылыққа тап болып отырған кезеңінде орын алды. Темууленнің ресми табыс көзі жоқ, ал оның көрсеткен байлығы әкесінің — тек мемлекеттік қызметте жұмыс істеген саясаткердің — мүмкіндігімен сәйкес келмейді.
Наразылықтар тек коррупцияға қарсы емес. Шеруге шыққандар премьердің отставкасынан бөлек, коалициялық үкіметтің таратылуын және Конституцияға өзгеріс енгізуден бас тартуды талап етті. Олардың айтуынша, қазіргі билік құрылымы оппозицияны ығыстырып, билікті орталықтандыруға бет алған. Бұрынғы премьер, қазіргі президент Ухнаагийн Хурэлсухтің билікті күшейтіп, президенттік басқару формасына көшуді көздеп отырғаны туралы да қауіп бар.
Осылайша, премьер-министр Оюун-Эрдэнэ елдегі жемқорлыққа қарсы қозғалыстың, демократиялық құндылықтар мен билік құрылымындағы өзгерістерге қарсы халық наразылығының құрбаны болды.
В Атырау -4