
Рим Папасы XIV Лев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайға байланысты бейбітшілік жолында қадам жасауға шақырды. Бұл туралы Ватиканның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды АА.
Мәлімдемеде айтылғандай, екі тарап арасындағы әңгімеде өзара мүдделер, әсіресе Украинадағы ахуал мен бейбітшілік мәселесі кеңінен талқыланған. Папа Лев диалогтың маңыздылығын атап өтіп, тараптар арасындағы оң қарым-қатынастарды қалпына келтіру мен қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ тараптар гуманитарлық жағдайды, зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізу қажеттілігін және тұтқындарды алмастыру мәселелерін көтерді. Осы ретте, бұрынғы Папа Францисктің арнайы өкілі – кардинал Маттео Мария Зуппидің Украинадағы бейбітшілік орнатуға бағытталған қадамдарды үйлестіріп отырған рөлі аталды.
Папа XIV Лев әңгіме барысында Ресей православ шіркеуінің патриархы Кириллдің Қасиетті Таққа жолдаған құттықтауы үшін Путинге алғыс айтты. Сонымен қатар Папа ортақ христиандық құндылықтардың бейбітшілікке, өмірді қорғауға және діни еркіндікке ұмтылуда жол көрсететін шамшырақ бола алатынын жеткізді.
Ал Кремль өз мәлімдемесінде Владимир Путин Украинадағы дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен шешуге дайын екенін білдіріп, қақтығыстың түпкі себептерін жою қажеттігіне назар аударғанын хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Президенті Ватиканның гуманитарлық мәселелерді шешуге қосқан үлесі мен бейбітшілікке жәрдемдесуге әзірлігі үшін Папаға ризашылығын білдірді.
В Атырау -4