
Атырау облысында республикалық маңызы бар Доссор – Құлсары тас жолындағы жөндеу жұмыстарына жүргізушілер наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, техника жетіспейді, қозғалыс қиындаған, ал жөндеу жұмыстарының мерзімі созылып барады.
Бұл жолға тұрғындар үлкен үміт артқан еді, алайда қазір ол нағыз кедергі жолағына айналған. Автокөлік иелері жол сапасы мен жөндеу жұмыстарының ұйымдастырылу деңгейіне көңілдері толмайтынын айтады.
Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 26 наурызында басталған. Алайда сәуір айында жер асты суларының көтерілуі мен ылғалдың көп болуына байланысты жаңадан төселген асфальттың 5000 шаршы метрден астам аумағы бұзылғаны байқалған. Жол салумен айналысатын «Бірлікжолстрой» ЖШС барлық бұзылған жерлерді қалпына келтіріп, ұзындығы 12,3 шақырым болатын ашық учаскеде негізгі асфальт қабатын төсеп болғанын хабарлады.
– Иә, бұзылған. Бірақ бәрін қалпына келтірдік. Алдағы уақытта жөндеуді кезең-кезеңімен, 1–2 шақырымнан жалғастырамыз, – деді компания басшысы Қанышбек ШАХАРБАЕВ.
Дегенмен, жүргізушілер бұл уәжге сенбейді. Олардың негізгі шағымы – тек сапаға ғана емес, жұмыстың тым баяу жүріп жатқанына да қатысты.
– Жолды күніне бір сағаттай ғана жасап жатқандай, – дейді таксистер шағымданып. – Техника жоқтың қасы, жұмысшылар анда-санда ғана көрінеді. Ал біз күн сайын батпақпен, таспен, шұңқырмен әрең өтеміз. Жол әсіресе жаңбырдан кейін өте қауіпті, көліктер тайғанап, апат жиі болады.
Мердігер компания керісінше, жүргізушілердің өзін кінәлайды. Олар шектеулі жылдамдықты сақтамай, уақытша белгілерге мән бермейді, тіпті кейде жол жөндеушілердің өміріне қауіп төндіреді екен.
– Жол жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшылар жүйткіп келе жатқан көліктен әрең қашып үлгерген жағдайлар болды, – дейді компания өкілі. – Геологиялық жағдай күрделі, ал жер бедеріне байланысты айналма жол салу мүмкін емес. Сондықтан түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
Алайда жүргізушілер бұған келіспейді. Олардың айтуынша, мәселе жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы және мамандар мен техниканың жетіспеушілігінде.
Доссор – Құлсары жолы – аймақ үшін стратегиялық маңызды бағыт. Оның жағдайы тұрғындардың қауіпсіздігіне, экономикасына және өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Айгүл МАНСУРОВА
«ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалы ұсынған сурет
В Атырау -2