Атырау, 8 желтоқсан 04:31
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Зауытты көшіріңдер!»: Құлсары тұрғындары үшінші жыл дабыл қағуда

Сурет Бейнежазба
712 рет қаралды

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №615 ықшам аудан тұрғындары мұнай өнімдерін өңдеумен айналасып келе жатырған «Базис Ойл» ЖШС-ін көшіру жөнінде үш жылдан бері наразылық танытумен келеді. Айтуларынша, зауыттан шығатын сасық иіс, түнгі уақытта болатын шу тұрғындардың өмір сүруіне кедергі келтіріп, денсаулықтарына зиян тигізіп жатыр. Бұған дейін зауытқа айыппұл салынып, сот шешімдері шыққанына және бірнеше рет шағым айтылғанына қарамастан, кәсіпорын әлі күнге дейін жұмысын тоқтатпаған.

Шағымдар күшейді

«АқЖайық» бұл мекемеге қатысты бірнеше рет мақала жариялады. Санитарлық қорғау аймағын сақтамағандығы, жұртшылық химиялық элементтердің түтінін жұтып, зиян шегіп отырғандығы жөнінде арыз хат түседі.

Компания мұнай өнімдерін автокөлік арқылы кіргізіп, шағын зауытта өңдеп, әрі қарай теміржолмен тасымалдау ісімен айналысады. Басқарма тексеріс барысында атмосфералық ауаға физикалық әсер ету (шу, діріл, ЭМО және басқа физикалық факторлар) деңгейлерін және атмосфералық ауаның ластанып таралуының есептеулері және халықтың денсаулығы мен өмірі үшін тәуекелді бағалауы бар алдын-ала (есептік) санитарлық қорғаныс аймағы (бұдан әрі СҚА) жобасы әзірленбегенін, 77-100 метр ара қашықтықта жеке тұрғын үйлер орналасуына байланысты обьектінің СҚА сақталмағаныжәне көгалдандырылмағанын анықтаған еді. СҚА аймағының көлемі мен кезеңділігін ұйымдастыру жобасы жасақталмаған. 

Осы заң бұзушылықтарға байланысты 2022 жылы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ЖШС-ке 474765 теңге айыппұл салады. Бұдан бөлек 2022 жылы Жылыой аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 463 бабы 1-ші бөлігіне сай 122520 теңге айыппұл салады. Басқарма тарапынан «Базис ОЙл»ЖШС-не заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым және белгісіз мерзімге тоқтату жөнінде талап арызы Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен қанағаттандырылады. Алайда сот шешімінің орындалуы 6 айға кейінге қалдырылады. 

Заң алдында бәрі таза, ал халық умен тыныстап отыр

Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Талғат ХАБИБУЛЛИННІҢ айтуынша, «Базис Ойл» ЖШС-нің санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) 140 метрге дейін қысқартылған. Бұл шешім СҚА жобалаушысы – жеке кәсіпкер «Усеинова» жүргізген есептік ластаушы заттар мөлшерін талдау нәтижелеріне сүйене отырып қабылданған. Осы негізде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оң қорытынды берген. Ал 2024 жылғы 4 мамырда ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына енгізілген түзетулерге сәйкес, санитарлық-қорғау аймағының ұзындығы 140 метр деп белгіленген.

СЭС мәліметінше, «Базис Ойл» ЖШС-і мен тұрғындардың ауласының арақашықтығы 70-100 метр, алайда аула аралығы емес өңдеуші қазандық екеуінің аралығын есептегенде 145 метр шығып тұр. Осы себептен тұрғындар талабы орындалмауда. 

- Біз күн көруден қалдық. Осы мекемеден шыққан ауыр жүк көліктері ерсілі-қарсылы дамыл таппауда. Сасыған иістен далаға шығып, ауа жұтып отыра алмаймыз. Түнде зауыттан иіс шығып, тұншығамыз. Бұлар түнделетіп жұмыс жасайды. Осы мекемені сотқа берген, бірақ дым нәтиже жоқ. Әйелдерде туу көрсеткіші төмендеп кетті, бұл да ойлантатын жайт. Осының бәрі осы кәсіпорынның кесірінен, - дейді ықшамаудан тұрғыны Гүлбахар ЕСКЕНДИРОВА.

Биыл «Базис Ойл» ЖШС қызметін тағы он жылға ұзарту бойынша екі рет қоғамдық тыңдау өткізді. Алайда тұрғындар бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шыққанымен, компания өз жоспарынан бас тартпады.

- Менің келінім ауру болды, өздігінен тұра алмайды, жүре алмайды. Бес баласы бар, немеремнің мұрнынан қайта-қайта қан кетті. Балаларымыз ауру, осы жерге көшіп келгелі ұрпақ сүюден қалдық. көршімнің баласы сөйлемейді. Үйді желдетіп, форточка ашудан қалдық,-дейді Бақыт ҚОЖАМҰРАТОВА.

- Балалардың ойын алаңын екі-үш жылдан жасап жатыр, бірақ оның жұмысы аяқсыз қалды. Әлі ашылған жоқ. Жазда күн ыстықта электр қуаты жетіспейді, тоңазытқыштарымыз жиі істен шығады. Жаңа Қазақстан деген осы ма?-дейді күйініп Гүлжан ҚОРҒАНБАЕВА.

«Базис Ойл» ЖШС-нің офисіне барғанымызбен басшылығымен кездесу мүмкін болмады. Күзетшінің айтуынша бас директор мен жауапты мамандар Алматыда отырады екен, мында тек жұмысшылар ғана бар көрінеді. Бірақ олардың қашан келетінін қарауылшық та білмейді.

Ал ықшам аудан тұрғындары үнемі шу, жағымсыз иіс пен қауіп-қатердің ортасында өмір сүруге мәжбүр. Халықтың талабы бір — кәсіпорынды елді мекеннен алыс жерге көшіру.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

5 маусым, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.