Атырау, 8 желтоқсан 04:30
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Өмір дәмді әрі мәнді болуы керек»: кәсіпкер, эстет және мәңгі студентпен сұхбат

603 рет қаралды

Этикет жөніндегі сарапшы, маркетолог, қосымша әзірлеуші және кәсіпкер — Гаухар ЖАҢБЫРБАЕВА Еуропадағы өмірлік тәжірибесін Азия менталитетімен үйлестіріп, халықаралық жобаны іске қосты. Оның басты мақсаты — қазақстандық сервисті жаңа деңгейге көтеріп, туған қаласы Атырауда дамыту.

Гаухар, өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз.

— Мен Атырау қаласының тумасымын, жасым 42-де. Соңғы сегіз жылдан бері Миланда тұрамын — ол менің үйіме айналды. Алайда соңғы екі жылда Атырауға жиі келіп жүрмін. Білімім бойынша қаржыгермін — Халел Досмұхамедов атындағы университетті тәмамдадым. Еуропаға көшпей тұрып, он жыл бойы NCOC компаниясында жұмыс істедім, кейін қысқартуға ұшырадым. Бұл жағдай менің өмірімде бетбұрыс болды, сол кезде шетелге кетуге бел будым.

...Алдымен Еуропаның гастрономиялық астанасы саналатын Испанияның солтүстігіндегі Сан-Себастьян қаласына жол түсті. Бұл — мәдениеті,  Michelin (Мишлен) жұлдызды мейрамханалары және фестивальдерімен танымал мекен. Мен бұл қалаға шын ғашық болдым. Кейіннен Миланға қоныс аудардым.

— Неліктен Миланды таңдадыңыз?

— Себебі бұл қалада мен өзімді шынайы сезінемін. Қалада серуендеп жүріп, бір-екі сағаттың ішінде Францияға немесе Швейцарияға жетуге болады. Маған Еуропаның ырғағы, мәдениеті мен эстетикасы жақын. Миландағы өмір, менторларымның қолдауы және еуропалық рухани шабыт менің тұлғалық өсуіме жол ашты. Бұл қала маған еркіндік, жеңілдік және өмірдің дәмін сезінуді сыйлады.

Сіз АҚШ-та, Испанияда, Францияда, Швецияда... тұрдыңыз. Атырауға оралуға не түрткі болды?

— Анам. Ол екі жыл бұрын өмірден өтті. Бұл мен үшін ауыр қайғы болды. Сол кезде мен Францияда едім, шұғыл үйге ұшып келдім, жаназасын өткіздік—содан кейін Атырауда ұзақ уақытқа қалдым. Бұған дейін тек ата-анамды көру үшін бірнеше күнге ғана келетінмін.

Анамның: «Мен тек өзімді толық таныта алмағаныма өкінемін» деген бір сөзі есімде. Бұл мен үшін үлкен белгі болды — өмірді кейінге қалдыруға болмайды. Қайғы тоқтатпауы керек. Менде жауынгер рухы бар, сондықтан өз жолымнан таймадым. Оқуды жалғастырып, өзімді дамытуға күш салдым.

Этикетке қалай келдіңіз?

— Біртіндеп басталды. 15 жасымда бір күні әкем анаммен сөйлесіп отырып: «Болашақ — ағылшын тілінде», — деді. Бұл сөзді маған тікелей ешкім айтқан жоқ, бірақ мен естіп қалдым да, келесі күні өзім барып ағылшын тілінің оқулығын сатып алдым. Мен отбасындағы ортаншы баламын. Менен кейін інім туды, ал қазақ отбасыларында ұл балаға көбірек көңіл бөлінетіні белгілі. Сол себепті маған көп назар аударылмайтын, дегенмен мен білімге құштар, оқу мен ізденісті сүйетін жасөспірім болдым. Осы сәттерді өз жолымның бастауы деуге болады.

Ал этикетке деген шынайы қызығушылығым 17 жасымда оянды. «Рахат» дүкеніндегі кітап сөресінен британдық зайырлы этикет жайлы кітапты көріп қалдым. Бірден ішкі түйсігіммен оны алғым келді. Барлығын жадымда сақтап жүрдім: мысалы, лакталған аяқ киім күнделікті киюге арналмаған, күндізгі стиль мен коктейльдік стильдің айырмашылығы, дресс-код ережелері. Құрбыларым: «Мұның саған не керегі бар?» — деп күлетін. Бірақ мен үшін бұл шын мәнінде қызықты дүние еді.

Ал 27 жасымда психолог маған: «Сіздің бойыңызда ақсүйектік бар. Мен сізді Франция мен Италияның, яғни Монаконың арасынан көремін», — деді. Ақыры мені дәл солай — Еуропаға жетелеп алып кетті.

Этикеттің кәсіби негіздерін мен Санкт-Петербург пен Нью-Йоркте меңгердім.

Сіз үшін этикет бүгінде не нәрсе?

— Этикет — бұл тек қана қасық пен шанышқы емес. Бұл — құрмет. Өз-өзіңе деген, өзгеге деген құрмет. Бұл — орта, сөйлеу мәнері, тіпті тағамды ұсыну тәсілі. Мен эстет адаммын: ақылды, интеллигент жандар мен көркем, талғаммен безендірілген кеңістіктерді жақсы көремін. Этикет — мен үшін өмірдің бір бөлшегі. Бұл пафос емес, бұл — өмір салты.

Бизнес-этикет туралы толығырақ айтып берсеңіз.

— Этикет төрт негізгі бағытқа бөлінеді: бизнес этикет, зайырлы этикет, ас мәзірі мен дастархан этикеті және қонақжайлылық этикеті. Менің ең мықты тұсым — бизнес-этикет пен келіссөз жүргізу. Бұрын келіссөз жүргізетін адамдарды арнайы жалдайтынмын, бірақ нәтиже болмайтын. Ақырында өзім баруға тура келетін, сөйтіп мәміле сәтті аяқталатын.

Көп адам сату дегенді базардағыдай елестетеді: «бағасын айтсаң болды» деп ойлайды. Бірақ шынайы келіссөз — бұл психология, мінез-құлық, сөйлеу мәдениеті. Бұл — дер кезінде үндемеу не керісінше, бастама көтере білу. Ең бастысы — қарсы алдыңдағы адамды сезіне білу. Мен біреу манипуляция, абьюз немесе газлайтинг қолдана бастағанын бірден сеземін — үш-ақ секунд жеткілікті. Қазір мен күн сайын 5–6 келіссөз жүргіземін. Ал бүкіл өмірімде, ойлап қарасам, 100 мыңнан астамы болыпты.

Бизнес-этикетке келсек: мысалы, кездесуге ең көбі 15 минут кешігуге болады. Егер жұмыс көп болып жатса да, қоңырау мен хабарламаларға жауап бер, болмаса көмекші жалда. Ал дресс-код — бұл мүлдем бөлек, тіпті ғылым деуге болады.

— Бизнес кездесу кезінде қарсы отырмаған жөн дейді. Бұл рас па?

— Әр жағдайға байланысты. Егер бұл алғашқы кездесу болса, керісінше, бетпе-бет отырған дұрыс. Тек араларыңызда үстел болса болғаны — ол қажетті арақашықтықты сақтауға көмектеседі әрі шекараны көрсетеді. Ал достық әңгіме немесе сұхбат үшін бұрыштап отыру ыңғайлырақ.

— Қазір немен айналысып жүрсіз?

— Кәсіпкерлікпен. Бірнеше жобам бар. Соның бірі — маркетинг саласындағы консалтингтік компания. Бизнес бастамас бұрын міндетті түрде негізін - маркетинг, бизнес-жоспарлау, тәуекелдерді басқаруды үйрену керек деп үнемі айтамын.

Мен өзім маркетингті де, бизнес-менеджментті де, тіпті Флоренцияда өнер тарихы мен шарап этикетін де оқыдым. Маған бәрі қызық. Өзімді мәңгілік студент деп есептеймін. Кейде адамдар: «Жасыңыз нешеде, бәрін қашан үлгердіңіз?» деп сұрайды. Ал мен үнемі жаңа нәрсені сіңіріп жүремін. Тіпті кино көріп отырып та пайдалы ой алып, өмірде қолдана аламын.

— Жаңа жобаңыз туралы айтып беріңізші.

— Жаңа жобам — бұл интеллектуалды іздеу жүйесі. Ол рестораторлар, кафе иелері, фермерлер мен меймандарды біріктіреді. Мысалы, үйде отырсыз, бірақ әдемі жерде кофе ішкіңіз келеді — қосымшаны ашасыз, біз сізге қайда баруға болатынын ұсына аламыз. Бұл жай ғана орындар тізімі емес, бұл — әсер картасы.

— Мекемелер өз акциялары мен шараларын жариялай алады, фермерлер — өз өнімдерін ұсынып, ал пайдаланушылар шынайы пікірлерін қалдыра алады. Сонымен қатар, біз рестораторлар фестивалін іске қосуды жоспарлап отырмыз және гастрономиялық этикет мәдениетін дамытқымыз келеді. Өзіміздің редакциямыз да болады. Мәтіндерді өзім жазамын — мысалы, «Үздік 5 стейк» немесе «Эстетикамен кофе ішуге болатын орындар» сынды шолулар.

— Егер 28 жастағы өзіңізге кеңес бере алатын болсаңыз, не дер едіңіз?

— Өзіңді тыңда. Өзіңді таңдаудан қорықпа. Әлем сенің өзіңе деген сенімділігіңе бейімделеді. Сен ыңғайлы болуға міндетті емессің. Сен тірі болуға міндеттісің.

...Мен бүкіл әлемді араладым, Швецияда — Стокгольмде, Копенгагенде, Миланда, Парижде, Нью-Йоркте, Испания мен Америкада тұрдым. Нью-Йоркте жазғы мектепте оқыдым, VIP-қонақтарды қабылдау курстарын тәмамдадым. Жинақтай келе айтарым — қиындықтан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы — тоқтап қалмау. Қанша қиын болса да, драманы емес, әрекетті таңдау керек. Өйткені өмір «қалай болса, солай» емес, мәнді әрі дәмді болуы тиіс. Сірә, табыстың сыры да осында шығар.

Айнұр САПАРОВА 

Автор түсірген және Г. Жаңбырбаеваның жеке мұрағатынан алынған суреттер

4 маусым, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.