Атырау, 26 желтоқсан 12:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 512.81
€ 604.19
₽ 6.57

Нидерландыда билеуші коалиция ыдырады

544 рет қаралды
© EPA/Remko de Waal

Нидерландыда оңшыл популистік «Бостандық партиясы» (PVV) билеуші коалиция құрамынан шықты. Бұл туралы партия жетекшісі Герт Вилдерс X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлады Ведомости.

«Босқындарға баспана беру туралы жоспарларымызға ешқандай қол қойылмады. Негізгі келісімнің мазмұны өзгеріссіз қалды. PVV коалициядан шығады», – деп жазды ол.

Кейінірек Вилдерс өзінің «басқа таңдауы болмағанын» мәлімдеді. Ол сайлаушыларға баспана беру саясатын қатаңдатуға уәде еткенін, алайда бұл уәдесін жүзеге асыра алмағанын айтты.

Der Telegraaf басылымының мәліметінше, Герт Вилдерстің партиясынан үкімет құрамында болған бес министр мен төрт мемлекеттік хатшы да қызметінен кетеді.

The Guardian жазуынша, коалициялық серіктестер Вилдерстің баспана алуға келетін иммигранттарға қатысты 10 тармақтан тұратын жоспарын қабылдаудан бас тартқан. Құқық саласындағы сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныстардың кейбірі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі заңдарына немесе Нидерланды қол қойған БҰҰ-ның босқындар мәртебесі туралы конвенциясына қайшы келеді.

Вилдерстің жоспарына шекараны күзету үшін әскер тарту, босқындарды орналастыру орталықтарын жабу, Сирия босқындарын елдеріне қайтару, ЕО-ның баспана беру квоталарын тоқтату және елде тұрып жатқан босқындардың отбасыларының елге келуіне тыйым салу сияқты талаптар кіреді.

2023 жылғы қарашада өткен парламент сайлауында PVV ең көп дауыс жинаған партия болды. 22 қарашадағы сайлау қорытындысы бойынша 99% бюллетеньдер есептеліп, партия 37 орынға ие болғаны белгілі болды.

3 маусым, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.