Атырау, 8 желтоқсан 15:21
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда білім сайыстарының жеңімпаздары марапатталды

Сурет
573 рет қаралды

Атырау облысында республикалық және халықаралық білім сайыстарында топ жарған оқушылар құрметке бөленді. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, дарынды жастармен жүздесті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Шараға сондай-ақ облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Айнагүл Сәрсембаева және үздік нәтиже көрсеткен 45 оқушы қатысты. Мақсат — дарынды оқушылардың жетістігін дәріптеп, оларды ғылым мен білімге ынталандыру.

Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Абуов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды жастарға деген сенімін еске салып, олардың болашағына үлкен үміт артылатынын атап өтті.

– Президентіміз Қазақстанды дарынды жастар мекені деп атап өткен болатын. Бүгінгі шара — сол сенімнің нақты көрінісі, – деді ол.

Салтанатты жиында халықаралық білім додаларының жеңімпаздарына — 16 оқушыға 200 000 теңгеден, ал республикалық жарыстарда бас жүлде мен бірінші орын алған 29 оқушыға 100 000 теңгеден ақшалай сертификаттар табысталды.

Марапат иелері қатарында «Балқан» олимпиадасының жүлдегері Бердібек Орынбасар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық деңгейде алтын медаль иеленген Мөлдір Мұса және халықаралық ғылыми жоба байқауының жеңімпазы Арон Хасанов бар.

Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жас дарындарды құттықтап, олардың жетістігін өңір мақтанышы ретінде атап өтті.

– Биыл Атырау облысының оқушылары республикалық пәндік олимпиадада 6 алтын, 9 күміс және 12 қола медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі, – деді ол.

Жас зияткерлер кездесуде өз тәжірибелерімен бөлісіп, шенеунікке сұрақтар қойды. Олар пәнге қызығушылығы, дайындық кезеңі және болашақ жоспарлары туралы ой бөлісті.

Кеш соңында «Атырау дарындары» әніне түсірілген бейнеклип көрсетіліп, оқушылар естелік суретке түсті.

Анықтама: 2024-2025 оқу жылында Атырау облысынан 180-нен астам оқушы білім сайыстарына қатысып, 100-ден астамы республикалық және халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болды.

3 маусым, 13:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.