
1 маусым күні таңертең тұрғындар күйік иісін сезініп, қаланы қалың түтінді тұман басқанын байқады. Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, түтіннің пайда болуына Дамбы ауылы маңында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы 20 шақырым жерде қамыстың тұтануы себеп болған.
Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша өрт аумағы 280 гектарды құраған. Бір тәулік ішінде 200 гектар өздігінен сөнсе, тағы 50 гектарды құтқарушылар мен қорық қызметкерлері сөндірді. Қалған 30 гектарда өрт сөндіру жұмыстары жалғасты.

Өртті бақылау үшін арнайы штаб құрылған, ал түнгі уақытта жалынның таралуына жол бермеу мақсатында минералды жолақтар жасалған. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының екі тракторы сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды.
Атырау облыстық ТЖД-ның 85 қызметкері мен 13 техникасы, сондай-ақ «Ақжайық» резерватының 25 маманы, 10 техникасы және 2 жүзу құралы өртті ауыздықтауға атсалысқан.
Құтқарушылар елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын атап өтті. Дегенмен батпақты жерлер мен қалың қамыс өртті сөндіруді айтарлықтай қиындатқан.
Газ иісіне қатысты шағымдар
31 мамырда Атырау тұрғындары, әсіресе "Нарсуд" маңы мен Азаттық даңғылы бойында, газ иісінің күшейгеніне шағымданған. Редакция Атырау облыстық экология департаментіне ресми сауал жолдап, ауаның ластану ықтимал аймақтарын тексеруді және шекті рұқсат етілген концентрациялардың асып кету фактісін анықтауды сұрады. Департамент бұл мәселе бойынша түсініктеме беруге, тексеру нәтижелерін бүгін жариялауға уәде етті.
Қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда. Біз жағдайдың өрбуін бақылауда ұстаймыз.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор
В Атырау 0