Ресейде Әлия Молдағұлова жерленген қабір табылып, 173 сарбаздың сүйегі көтерілді. Олардың қатарында қазақтың мерген қызы да болуы мүмкін. Себебі бауырластар зиратында небәрі үш әйел адам жерленген екен. Алғашқы сараптама қорытындысына қарағанда, сүйектердің бірі Әлия Молдағұлова екені анық дейді іздестіру тобының өкілдері. Ал нақты жауап геномдық сараптамадан кейін белгілі болмақ.
Бес айға жуық қамданып, төрт жарым мың шақырымды артта қалдырған экспедицияның Псков облысындағы ең қысқа, бірақ ең қиын жолы дәл осы. 28 адамнан жасақталған іздестіру тобы Әлия Молдағұлова жерленген жерді тауып, шындықтың көзін ашу үшін қазу жұмыстарына аттанды. Жол жөнекей тек қысқа-қысқа жөн сұрасуда.
Түнеу мен тынығу үшін қойылған лагерьдан негізгі жұмыстар атқарылатын жерге дейін барар жол түрлі табиғи қиындықтарға толы. Себебі төтесінен есептегеннің өзінде бұл қашықтық кемі екі шақырымға жуықтайды. Ал барар жолдың тең жартысы мибатпаққа айналған мынандай аудандардан тұратындықтан оны артта қалдыру үшін тізеге дейін су мен батпақты кешіп өтуге тура келеді. Сондықтан жолға жұмсалатын уақыт пен күш еселене түседі.
Діттеген жерге жетіп, іске кіріскен еріктілер қақаған қыста Қызыл әскер қатарындағы сарбаздардың бір жарым метрлік көрді қалай қазғанына таңқалуда. Қазірдің өзінде саз бен балшықты күрекпен көтеру оңай емес. Ал 1944 жылдың 14-15 қаңтарында өткен қанды шайқастарда 54-ші атқыштар бригадасының жартысы жер жастанған болатын - деп хабарлады baq.kz
Дәл осы бауырластар зиратында Әлия Молдағұлованың жерленгенін сарбаздардың бірінен табылған әскери медальон арқылы анықтауға болады.
Гумер Галеев, «Әлия» іздестіру тобының жетекшісі:
- Мына табылған медальон Степанычев Федор Ильич біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Дәл осы тізімде Әлия Молдағұлова да бар. Степанычты таптық қой, енді Әлия Молдағұлованың осында жатқандығын білеміз.
Осы күнге дейін құпияда ұсталған құжатта бірге жерленген 543 сазбаздың ішінде тек 3-ақ әйел адам болыпты. Оның бірі украин, екіншісі – орыс болса, соңғысы – қазақ қызы. Қазу жұмыстарының барысында табылған бас сүйек арқылы болжам бойынша Әлия Молдағұлова анықталып отыр.
Роман Зуев, Сот-медициналық сарапшы:
- Алғашқы тексеруден соң бұл сүйектің әйел адамға тиесілі екенін айта аламын. Моңғолоидтік нәсілге тән бет сүйегі шығыңқы, кішігірім мұрын ойығы бар.
Ал бұл бөлімше қатарында Әлиядан басқа моңғолоид нәсілді қыздың болмағанын тарихи деректер растап отыр. Дегенмен нақты қорытынды геномдық сараптамадан кейін белгілі болмақ. Ол үшін батыр қыздың туыстары бірнеше сүйекті өздерімен бірге ала кетті. Тек Әлия бұған дейін айтылғандай Монаковада емес, мүлдем басқа жерде жерленді дегенге оның өмірін 40 жыл зерттеген Ғалымжан Байдербес келіскен жоқ. Ғылыми еңбектері негізсіз дегені ғалымның шамына тисе керек, зират басында айқай шығарды.
Ал қазылып алынған басқа 173 сарбаздың сүйектері аруланып, қайта жерленді.
Александр Фадюшин, «Боевое братство» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры:
- Мақсатымыз толық іске асқан жоқ. Себебі бауырластар зиратынан биыл барлық сүйектерді көтере алмадық. Ең жақын жолға дейін 8 шақырым. Ізкесушілер мен жабайы аңдардан басқа ешкім келе қоймайды.
Отан үшін майданға аттанып, мерт болған 173 сарбаздың сүйегі осылайша қайта жерленді. Болжам бойынша олардың қатарында қазақтың қаһарман қызы, құралайды көзінен атқан Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова да болуы мүмкін. Іздестіру тобының жұмысы да бұнымен аяқтала қоймайды. Себебі ну орманда жерленген 543 сарбаздың үштен бір бөлігінің ғана сүйегі көтерілді. Ал жерлігікті тұрғындар үшін Әлия Молдағұлованың есімі мен ерлігі мәңгі есте қалады. Сондықтан Монакова жерінде қойылған құлпытас өзгеріссіз күйде қалатын болды. Ал геномдық сараптама оңды нәтиже бере қоймаса, барлық 543 сарбаздың сүйегі көтерілген соң бұл оқиғада нүкте қойылатын болады.
Дереккөз: today.kz