Атырау, 8 желтоқсан 20:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Тоқаев: Ядролық апат қауіпі күшейді, Қазақстан бұл қарудан жаһандық ауқымда бас тартуға шақырады

495 рет қаралды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Астана» форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Ол қазіргі әлемдегі ядролық қауіптердің арту үрдісіне алаңдаушылық білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде әлемнің тоғыз елі 13 мыңнан астам ядролық оқтұмсыққа ие, ал олардың қолданылу қаупі есеп-қисаптың қателігінен, кездейсоқ жағдайлардан немесе қақтығыстардың ушығуынан артып отыр.

«Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз».-деді Президент.

Президент халықаралық қауымдастықты күш біріктіруге, сондай-ақ сенім, диалог және жауапкершілік қағидаттарына негізделген жаһандық қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға шақырды.

«Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. 
Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді.
Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз».


29 мамыр, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.