Атырау, 26 желтоқсан 22:34
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Зейнеткерлердің артуы әлем экономикасына қауіп төндіруде

2 632 просмотра

Біздің ғаламшар қарқынды түрде «қартайып» барады: әр секундта әлемде кем дегенде екі адам өзінің алпыс жылдығын атап өтеді. Соңғы отыз жылда 60 пен одан үлкен жастағы адамдардың саны екі еселенген және 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы екі есеге артуы мүмкін, деп жазады РБК.

«БҰҰ болжамдарына сенсек, ғасыр ортасына қарай Жер бетінде жасы жүзден асқан 3,2 млн адам тұратын болады, ал бүгінгі күні олардың саны 300 мыңнан сәл асады», - деп көрсетілген хабарламада. 

Халықтың жалпы құрылымында қарттардың үлесі басқа жас аралығындағы адамдарға қарағанда тез өсуде. Дүние жүзі картасында халықының 7%-дан астамын 65 жастан асқандар құрайтын «кәрі» елдердің қатары көбейіп барады.

Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де азаматтарының өмір сүру ұзақтығы ұлғая түскен. 1950 жылдары адамның орташа өмір ұзақтығы 47 жасты құраса, 2010 жылға қарай бұл көрсеткіш бірден 69 жасқа жетті. 2050 жылға қарай ғаламшарымыздың орташа статистикалық тұрғыны 76 жасында өмірден өтетін болса, 2100 жылы ол көрсеткіш 85 жасқа жетуі ықтимал.

Қарттардың көбеюіне денсаулық сақтау сапасының артуы, медицинаның қарқынды дамуы, санитарлық бақылаудың жетілдірілуі, білім беру мен экономикалық жағдайдың қолжетімділігі ықпал етіп отыр деседі ғалымдар. Сөзсіз, ұзақ жасау – адам дамуының зор жетістігі. Алайда халықтың қартаюынан туындайтын күрделі мәселелер де аз емес.

Жасы жеткен адам санының артуынан әлеуметтік бюджетті жоспарлау, зейнетақы жүйесін құру кезінде көптеген ел тығырыққа тірелуі мүмкін. Қарттардың көбеюімен қатар еңбекке жарамды халық санының азаюы салық түсіміне әсер етеді. Ал онсыз зейнеткерлердің күн сайын артып келе жатқан «әскерін» асырап-сақтау мүмкін емес. Сондықтан бұл жағдай түрлі жас аралығындағы халықтың өмір сүру деңгейіне үлкен қауіп төндіруде. 

Дереккөз: bnews.kz

23 тамыз 2013, 16:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.