Қазақстанда «Қазақ елі» атты жаңа пән енгізілетін болды! Елді елең еткізер бұл мәлімет кеше «12 жылдық оқытуға көшу: Қазақстанның білім беру жүйесін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету» конференциясы аясында жария етілді.
«Қазақстан – 2050» стратегиясына сай, жас ұрпақ бойына отансүйгіштік пен патриотизм сезімін дарытуға бағдарланған бұл пән еліміз 12 жылдық білім беруге көшкен кезде, оқу бағдарламасына қосылатын болыпты. Қазақстанда жас ұрпақ жаңаша тәрбиеленетін болыпты. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әділхан Дүйсебек қазіргі кезде 12 жылдық білім беруге көшу мақсатында «бастауыш, орта және жалпы білім берудің міндетті мемлекеттік стандарттарының» жобасы әзірленгендігін хабарлады. Академия даярлаған бұл жоба ендігі БҒМ қарауына ұсынылған екен.
Бұл жаңа стандарттарға сәйкес, қазақстандық балақайлар 6 жастан бастап мектепке барады. Жаңа жүйеде оқушылар 5 күн оқиды. Әр сабақтың ұзақтығы 35 минут қана болатын көрінеді. Бірінші сыныптың оқу бағдарламасы бойынша оқушыға баға қою қарастырылмайды екен. Барлық балалар 2-3-сыныпта шет тілдерін оқи бастайды. Бірақ кейбір жерде, мәселен, Астанада биылғы 1 қыркүйектен бастап, жаңа оқушылардың барлығы 1-сыныптан ағылшын тілін оқымақ.
– 5-сынып «өтпелі сынып» болып саналады, – дейді Ә.Дүйсебек. – Себебі осы кезде баланың кәсіби бейімі анықталады. Осы сыныпта «Қазақ елі» пәні де енгізіледі. Бұл 8-сыныпқа дейін жалғасады. 9-10-сыныптарда «Мамандық әлеміне кіріспе» атты жаңа пәннің негізінде бейіндік білім беру жүргізіледі. Ал 11-12 сыныптарда бұрынғы оқу-өндірістік комбинаттардың тәжірибесі негізінде оқушыларға нақты бір маманның куәлігі беріледі. Осылайша, мемлекет жұмыссыздықты жою бағытында мектеп қабырғасында-ақ біраз жұмысты бітірмек. Яғни жоғарғы сыныптарда оқушылар нақты бір мамандықтарға бейімделеді.
Қазақстан 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беру моделіне толығымен көшіп болмақ. Бұл Елбасы қойған міндет және бүкіл әлем осы бағытта қозғалуда екен. Тіпті посткеңестік кеңістіктегі елдердің біразы – Армения, Грузия, Латвия, Литва, Беларусия, Молдавия, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Эстония ендігі көшіп болды. Қазақстан әзірге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жаңа жүйеге көшу 2015 жылы бастау алады деп күтілуде. Содан 2020 жылға дейін созылуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, 12 жылдыққа көшу арқылы кеңес кезінен мұраға қалған отандық мектептегі дамуға кері ықпал ететін кесірлі факторлардан құтылу көзделуде. Мысалға, соның қатарында шәкірттерді өз дарын-қабілеттерін ұштауға, өмірде аса қажетті білімдерді игеруге ынталандырмайтын қазіргі «оқушылар жетістігін бағалаудың ескірген жүйесі» аталды. Енді бұл істе Қазақстан әлемдік стандарттарды қабылдайды.
Бұған қоса, қазіргі мектеп моделі аясында жас ұрпақтың тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттері жеткілікті түрде дамытылмайтын көрінеді. Мұның сыртында, балалар мектеп қабырғасында төл мүдделері мен перспективаларын толыққанды пайымдап, сезіне алмайды деседі. Ал мұндай тәрбиемен өскен ұрпақ жасампаздық танытып, елді «әлемдік дамыған отыздық» қатарына сүйреуге қабілетсіз болуы ғажап емес.
«Бастауыш білім беруде, біріншіден, оқушылардың біртұтас дүниетанымын қалыптастыру мақсатында үндестірілген пәндер енгізіледі, – дейді Ә.Дүйсебек. – Сондай-ақ оқушылардың оқу жүктемесін азайту, олардың өз бетімен дамуына, шығармашылық тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау мақсатында бес күндік оқыту енгізіледі. Аптаның алтыншы күні қосымша білім жүйесі арқылы оқушыны жан-жақты дамытуға арналған түрлі шаралар өткізіледі».
Жаңа білім беру жүйесінің мемстандарттарын жасаушы мамандар алдына оқу процесіне қатысушылар ішінде тек мектептің ғана емес, сондай-ақ оқушылардың да мүдделерін, қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескеру міндеті қойылған. Сондай-ақ оқу материалын оқыту сатылары бойынша барынша оңтайлы, ұтымды етіп, қайта бөлу міндеттелген. Осылайша, сабақтың жүру мерзімі 35 минутқа азайтылып отыр екен. Бұл шәкірттерге өз бетімен ізденіп, жеке білім алу үшін қолайлы шарттар туғызбақ.
Бұл іске Елбасы маңыз беріп отыр. Сол себепті, кеше мәлім болғанындай, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге дайындық мәселелерін алда Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен, ел Үкіметі өз отырысында жеке қарайтын болыпты. Ол шара келесі аптаға, 29 тамызға жоспарланып отырған көрінеді.
Білім беру саласының мәселелері осы сәрсенбіде Үкімет үйіндегі арнайы кеңесте де қаралғанын айта кеткен жөн. Осы жиында Білім және ғылым министрі қазірдің өзінде қазақстандық мектептердің математика, физика және ағылшын тілі бойынша 1 мың 934 мұғалімге зәру екендігін баяндады. Ал 12 жылдыққа көшкен соң, ұстаздардың жетіспеушілігі мәселесі ушыға түсері сөзсіз. Демек, қазірден дайындық жүргені жөн.
Білім және ғылым министрінің айтуынша, алдағы «Білім күні» мектепке 2,5 миллионнан астам шәкірт барады. Сол күні 292 мың 64 ұстаз, оның 9 мың 645-і жас мұғалім жұмысқа кіріспек.
Б.Жұмағұлов Үкімет басшысына «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 15184 балаға барлығы 59 млн теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілгенін мәлім етті.
Министрдің дерегінше, биылғы жылдың 1 қырқүйегінде жоспарланған 159 жаңа мектептің 77-сі ашылады екен. «Қалғанын осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Күрделі жөндеуді қажетсінген 439 мектептің 32%-ын жөндеуге қою қарастырылып, оған 19,3 млрд теңге, оның ішінде 14,2 млрд теңге бөлінеді» деді министр.
Министр сонымен қатар 6 183 мектепте ондағы оқушылардың 80%-на ыстық тамақ берілетінін, 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отырғанын айта келе, бұл ретте «тегін тамақпен, негізінен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың қамтылып отырғанын» нақтылады.
Үкіметтегі кеңесте сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Ақтөбе облысы әкімі А.Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі А.Мұсаханов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Қаныбековтың есептері тыңдалды.
Кеңесті қорытындылай келе Үкімет басшысы Денсаулық сақтау мен Төтенше жағдайлар министрлерінің назарын медициналық қызмет көрсету, ыстық тамақпен қамту, санитарлық талаптарды, өрт қауiпсіздігі ережелерін сақтау бойынша қатаң бақылау жасау қажеттігіне аударды.
С.Ахметов жаңа оқу жылына білім беру мекемелері дайындығының маңыздылығын атай отырып, «мектептер көптеген аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендер үшін білім мен мәдениет орталықтары болып табылады, сондықтан бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдармен бірге, орталық атқарушы органдар үшін де басымдықты мәселе болуы тиіс» деді Үкімет басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында С.Ахметов апатты мектептер мен үш ауысымдық мектептерді жою міндетін қойды. «Үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде әкімдер білім беру саласын қаржыландыруға байланысты мәселелерді қатаң қоюы қажет» деп қорытты Премьер.
Дереккөз: aikyn.kz