Олар бұл қаржыны түрлі мектепішілік шараларға жаратып, сыныптарда жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тіпті, қаладағы №1 гимназия оқушыларының ата-аналары өз қалталарынан 500 мың теңге шығарып, мектептің шатырын жөндеп берген. Сондай-ақ, қаладағы №4 балабақшада да ай сайын 300 теңгеден ата-аналар жарнасы жиналып келген. Осыған орай, ата-аналар тарапынан түскен арыз бойынша тексеріс жүргізген прокурорлар бірқатар заңсыздықтың бетін ашты. Теміртау қаласының тұрғыны Сәуле Құрманбаева немересін балабақшаға орналастырғалы әр ай сайын баланың тамағына қажетті 6300 теңгеден бөлек, 300 теңгеден ата-аналар жарнасын беріп келген. 2013 жылдың басында өткен кезекті жиында ата-аналар комитеті балабақшаны күрделі жөндеу үшін қосымша 20 мың теңгеден ақша жинаймыз деген ұсыныс тастады. Шыдамы таусылған кейуана құзырлы органдарға шағым түсірген.
Сауле ҚҰРМАНБАЕВА, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Наурыз айында жиналыс болды. Онда балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілетіндегі айтылды. Оған әр ата-ана 20 мың теңгеден беру қажет деп шешті. Басым көпшілігі қарсы болды. Бірақ, олар айтуға қорқады. Себебі, қайта-қайта қарсылық білдірсеңдер балаларыңды балабақшадан шығарып жібереміз деп ескертті.
Анна ИЛЬИЧЕВА, №4 балабақша директорының міндетін атқарушы:
- Біздің тәрбиешілер ақша жинамайды. Бұл жұмыспен ата-аналар комитеті айналысады. Жиналған ақшаға гигиеналық заттар, қағаз, қалам секілді қажеттіліктерді сатып аламыз. Сондай-ақ, әдістемелік, дидактикалық материалдар аламыз. Бұған бюджеттен ешқашан қаржы бөлінген емес.
Сәуле Құрманбаев арыз жазып, артынша немересін басқа балабақшаға ауыстырған. Құқық қорғаушылардың тексерісінен кейін балабақша барлық ата-анамен қайтадан келісімшарт жасады.
Алексей ДМИТРИЕВ, Теміртау қалалық білім бөлімінің заңгері:
- Бұл жұмыспен ата-аналардың өздері немесе ата-аналар комитеті айналысады. Кейбіреулері өздері демеушілік жасап жатады.
Балабақша әкімшілігі ата-аналар жарнасы қалалық білім бөлімі бекіткен арнайы келісімшарт негізінде жиналды дегенді алға тартады. Шынымен келісімшарттың 9 тарауында ата-аналар баланың тәрбиесі үшін қолдан келетін көмегін көрсетуге құқылы делінген. Алайда, өткен жылдың тамыз айында Үкімет барлық балабақшаға ортақ келісімшарттың жаңа үлгісін бекіткен болатын. Онда аталған тарау жоқ. Осыны ескерсек қалалық білім бөлімі олқылық жіберген.
Думан ҚАРЖАСБАЕВ, Теміртау қаласының прокуроры:
- Тексеріс барысында кейбір білім беру ұйымдардың, балабақшалардың ата-аналарның ақша жинау деректері дәлелденді. Сондай-ақ, Теміртау қаласы білім бөлімі бастығының бұйрығымен мектепке дейінгі білім беру туралы келісімшарт негізсіз бекітілген.
Қазір прокурорлар заңсыздыққа жол берген жауапты мамандарды жазалау туралы қала әкімдігіне ұсыныс түсірген. Енді олар әкімшілік немесе тәртіптік жауапқа тартылуы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz