Атырау, 21 мамыр 09:51
 ашықВ Атырау +22
$ 511.59
€ 575.28
₽ 6.33

Қазақстанда мүгедектігі бар адамға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

307 просмотра
Сурет: gov.kz

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүддесін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақы мен әлеуметтік төлем түріндегі қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 737,4 мың адамның 415,9 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (56,4%), 206,8 мыңы зейнеткерлік жастағы (28,0%) азаматтар болса, 114,7 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (15,6%).

Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығындағы ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 541,1 мың адамды құрайды. Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 126 млрд теңге бағытталды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Биыл 1 сәуірде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 78 763 теңгені құрады.

Бұдан басқа міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Төлемдердің мөлшері жеке және келесі факторларға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттері, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және табысты ауыстыру өтілі. 2025 жылғы 1 сәуірде еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша жалпы сомасы 12,8 млрд теңгеге 90,6 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 47 053 теңгені құрайды.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) іске қосылды. Жыл басынан бері Портал арқылы мүгедектігі бар адамдардың 211,6 мыңнан астам тапсырысы орындалды.

Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы жөніндегі комиссияға өнім берушіні Порталдан шығару және оларға сапасыз қызмет немесе тауар ұсынылған жағдайда жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау құқығы берілді.

Бұдан басқа Портал арқылы ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2024 жылы ЕХӘҚМ бірқатар НҚА-ға өзгеріс енгізілді, олар мыналарды көздейді: өнім берушілер үшін тауарды курьерлік жеткізуге 3 жұмыс күні ішінде беруді жүзеге асыруға міндетті талапты енгізу; алушының тапсырысы бойынша жауап болмаған (немесе теріс жауап алған) жағдайда 5 жұмыс күні ішінде өнім берушінің Порталдағы рейтингін төмендету; егер ол кепілдік берілген сома шегінде болса, тауар бағасын көрсетуді болдырмау (асып кеткен жағдайда тек сома көрсетіледі); SMS-кодты жіберу арқылы көрсетілетін қызметті алушының санаторий-курорттық ұйымға келуін тіркеу жүйесін енгізу; техникалық оңалту құралдарының мәтіндік сипаттамаларын жасыру; техникалық оңалту құралдарының тізімін баға бойынша көрсету (бағаның өсуі бойынша).

Мүгедектікті белгілеу рәсімінің ашықтығын жеңілдету және қамтамасыз ету, сондай-ақ қағазбастылықты, көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмау үшін және елде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай проактивті форматын енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Ол үшін пациент тек қана тіркелген жері бойынша емханаға жүгініп, қажетті тексеруден өтуі қажет, қалған процестер пациенттің қатысуынсыз интеграцияланған ақпараттық жүйелердің есебінен жүреді.

Сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сырттай проактивті форматта Қазақстанның барлық өңірлерінен 24,5 мыңнан астам өтінім қаралды.

Туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетіледі. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бағыттар.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту шеңберінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында АӘҚ лицензиялау енгізілді. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензиялауға жатады. Бүгінгі таңда 500-ден астам лицензия берілген.

Лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын және мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін арттыру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға ықпал етеді.

Мүгедектігі бар адамдарға АӘҚ-ты 792-ге жуық мемлекеттік ұйым ұсынады, оның ішінде: 120 мемлекеттік стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары, 106 мемлекеттік күндізгі болу орталықтары, 37 мемлекеттік оңалту орталықтары, 529 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.

Стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне балама күндізгі және үйде болу жағдайында әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады, олар өз кезегінде отбасымен бірге болып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде бұрын стационарлық мекемелерде болған 835-тен астам бала өз отбасыларына оралды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту шеңберінде мынадай мәселелер бойынша жұмыс жүргізілуде: АӘҚ және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру; арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін монополиясыздандыру және деинстуализациялау; әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін арттыру. 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы нормативтерді қызметтер үшін жекелеген нормативтер және өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар түрінде енгізу басталды.

Семей және Тараз қалаларында 150 орындық жаңа ірі оңалту орталықтары пайдалануға берілді. Мұндай медициналық мекемелер еліміздің тағы 10 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Астана, Шымкент қалалары) ашылады.

Сонымен қатар инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңін іске асыру шеңберінде Еңбекмині «Қамқорлық қоры», «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорларымен, «Қазақстан Халқына» Қоғамдық қорымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 8 өңірде (Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында) аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

2025 жылдың 1 сәуірінде еліміз бойынша 7 қалада орталықтар ашылып, жұмыс істеп жатыр: Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай және Ақтөбе.

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қазақстанның барлық өңірлерінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023-2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 23 мыңға жуық нысан толықтай бейімделген.

29 сәуір, 08:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.