
Павлодарда биыл мал жаю ережелерін бұзған 300-ге жуық азамат жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 2025 жылдың басынан бері мал жаю ережелерін сақтамаған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда. Жолдарда иесіз малдың жиі кездесуіне байланысты жүргізушілер қауіпке ұшырап, кейбірі қарсы қозғалыс жолағына шығуға мәжбүр болады. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзу ғана емес, соқтығыс салдарынан жануарлар, жүргізушілер мен жолаушылар жарақат алып, көлік құралдарына айтарлықтай зақым тиеді.
Полиция қызметкерлері мал жаю мәселесі бойынша тұрақты профилактикалық кездесулер өткізіп, тұрғындарға үй жануарларын қараусыз қалдырудың қауіптері туралы ескерту жасауда. Алайда, мал иелері ережелерді елемей, жануарларды бақылаусыз ұстау мен жайылымда қараусыз қалдыруды жалғастыруда.
Жақында Бірлік ауылы маңындағы Қалқаман – Керней автожолында жылқылардың жайылып жүргені туралы полицияға хабарланды. Сондай-ақ, Қызылорда – Павлодар тасжолында жүргізушілер иесіз малдың жолда жүргенін мәлімдеген. Полицейлер мал иелерін анықтап, оларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Павлодар облысында мал жаю ережелерін бұзған 274 адам жауапқа тартылды.