Атырау, 8 қазан 04:12
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Лебедянка паровозының тарихы

3 048 просмотра

Оның дөңгелектерінің цементпен қатып кеткеніне қанша уақыт өтті. Бұл алыптың мұржасы енді ешқашан түтін шығармайды әрі оның бақырған даусы жақын маңды шулатпайды. Машинист бөлмесінің есігі мықты пісіріліп бекітілген, тек таң атқанда ғана кішкене тесіктен бұл жерге көтеріліп келе жатқан күн шуағы түседі – ол бұл жерге соңғы кездері келетін жалғыз қонақ десек те болады. Жылдар турасына келсек, 2013 жыл бұл паровоз үшін атаулы болмақ, 65 жыл бұрын паровоз зауытта құрастырылып, шойын жол бойымен Қазақстан КСР-не, Гурьев қаласына жіберілді.

 

КСРО-НЫҢ ЕҢ МЫҚТЫ ЛОКОМОТИВІ

21 жыл бұрын қаланың көркіне айналған бұл паровоздың тарихын тек бірлі-екілі адам біледі. Ал бұл Л1048 темір алыпты «бойжеткен» деуге де болады. Оның нәзік әрі жұмсақ Лебедянка деген атауы бар. Осыншама алыпқа сәйкес келіңкіремейтін атау оны құрастырған Лев ЛЕБЕДЯНСКИЙДІҢ құрметіне берілген екен.
Әрине, не түсімен, не салмағымен не сәнділігімен паровоз аққуға мүлде ұқсамайды. Енді қайтерсіз! Оның салмағы 90 тоннадан артық, ал тарту күші жағынан 40 буйвол немесе 2200 ат күшіне тең келеді. Локомотив Бежица қаласындағы Брянск паровоз зауытында құрастырылған.

Лебедянка өз уақытында Кеңес үкіметінің темір жолдарында қолданылған ең керемет әрі ең көп таралған (4 мыңнан жоғары) паровоздардың бірі болды. Паровоз техникалық жағынан әйгілі еді: жылдамдығын сағатына 90 шақырымға дейін арттырып, өзінен бұрынғы паровоздар әлі келмеген тонналаған ауыр жүктерді тасып, ағашпен де, көмірмен де, мазутпен де жұмыс жасай беретін. Паровоздың тап осы артықшылықтары үшін оның құрастырушысын Сталиндік сыйлықпен марапаттады.

Бұл паровоздардың көпшілігін қайта қорытуға жібергенімен, посткеңестік елдерде олар әлі де жеткілікті. Кейбіреулері, бағына қарай, мұражайларда өз орындарын тапқан. Қазақстанда осындай паровоздардың оншақтысы бар: Қарағандыда, Алматыда, Бурабайда, Қызылордада және қала сыртындағы кейбір станциялардың деполарында.
Паровозды қалай тасымалдаған, Атырау темір жол бөлімшесі ғимаратының алдына ол қашан және қалай әкелінді? Бөлімнің қазіргі жұмысшылары бұл туралы көп біле бермейді, себебі одан бері көп уақыт өтті. Бірақ олар бөлімнің бұрынғы архив меңгерушісі Әмина ЕСЕТОВАДАН сұрап, білуге болатынын меңзеп жіберді.

- Әмина апа қазір зейнетте, жасы 90-ға таяп қалды. Мүмкін есіне түсірер, - деп, маған мекен-жай жазылған қағазды ұстатты. Ол кісі осы маңда тұратын болып шықты. Келген мақсатымды білген бойда әжей мені бірден ішке шақырды.
- О-о-о, ол біз үшін үлкен мереке болды ғой, - деп өткенді есіне түсірді. - Шарлар, таспалар, әуен ойнап жатты...

Амангелді СЕЛБАЕВ.Амангелді СЕЛБАЕВ.Менің әңгімелесушімнің сөзі бойынша, темір жол бөлімінің алдын әсемдеу идеясы оның сол кездегі басшысы Амангелді СЕЛБАЕВТЫҢ ойына келген екен. Бұл жерде 15 жыл басшылықта отырып, ол кісі темір жолға арналған мұражай ұйымдастырған. Ол кісі туралы пікірлердің барлығы да жақсы болды, қазір зейнеткерлікте, көрші Ақтөбеде тұрады екен. Айтпақшы, темір жол мұражайы жабық мұражай екен. Оған кіру үшін бас инженердің рұқсатын алу керек болды. Рұқсат алып бардым да, дегенмен жөн сілтеп, түсіндіріп беруші жан болмағасын, өзіңіз де түсінесіз... Сондықтан паровозға қайта оралайық.

«ОЛ ҚАРА ТҮСКЕ БОЯЛСЫН»
- Селбаев осы ғимараттың жанынан өткендердің мұндағы адамдардың немен айналысатындарын білгенін қалады, - дейді Әмина апа. – Сондықтан осы жерге паровозды ескерткіш ретінде орнатты. Мақат локомотив депосынан есептен шығарылған темір паровоз кеңес паровоз құрастыру тарихындағы соңғылардың бірі болған Л сериялы локомотивтердің арасындағы аңызға айналғаны еді. Алдымен темір жол арқылы оны қалаға әкелді, кейін көтергіш кранның көмегімен қазіргі тұрған орнына қойды. Бүкіл басқарма болып оны жуып, тазалайтынбыз. .. Қандай көңілді кездер еді десеңізші... Селбаев «түсі қара болу керек» дегесін, оны жыл сайын тек қара түске бояп келеді.

Брянск зауытымен де хабарласудың сәті түсті. Сол кездегі архив деректері бойынша, біздің қаламыздағы Л1048 паровозы 1948 жылы құрастырылған екен. Сол жылы зауыттан оның тек 42 данасы шығарылған. Ал аталмыш зауыттың да атағы жер жаратындай: біздің паровоз құрастырылғаннан 43 жыл бұрын осы зауытта атышулы «Потемкин» броненосеці құрастырылыпты.

Әрине, осындай деректерден кейін осы бір металл, от, ауа мен су біріккен керемет машинаны көргім келіп кетті.

- Негізгі орын қазандыққа бөлінген... Рессора... турбогенератор...цилиндр... – деп бір жерімді ауыртып алуым мүмкін болса да, машинистің бөлмесіне көтеріліп жатқан маған темір жол бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Болатбек МЕҢДЕШЕВ түрлі терминдерді түсіндіріп жатыр.

... Машинист кабинасының ішінде уақыт бір орында тұрып қалғандай. Қаланың өмірі, көліктердің даусы, тіпті теміржолшының түсіндірмелері де бұл жерде естілмейді. Үп еткен жел жоқ. Шаң қапқан май мен күнге күйген темірдің иісі ғана сезіледі. Таттанған тұрбалар, барометр, түрлі бөлшектер.. Күнделікті өмірден шаршаған Лебедянка жылы пеште өзіне тән ауыр әрі қалың ұйқыға кеткендей. Жылдар қайткенде де өзінікін алады емес пе. Жарайды, тыныш, ұйықтай бер...
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.