Жер дауы қашанда соғыстар мен жанжалдардың басты себебі болғаны белгілі. Бұл, өкінішке орай, қазір де маңызын жоймапты. Редакцияға қаланың орталық аудандарында тұратын екі көршінің бір адым жер үшін болған жанжалы негіз болған, 10 айдан бері әр түрлі инстанциялар арасында көшіп жүрген сот ісі туралы белгілі болды.
Типтік екі пәтерлі үйдің бір бөлігінде тұратын қалалық Т. үй ауласының өз бөлігінен жазғы ас үйін салуға рұқсат алып, орнына 2 қатарлы үй көтереді.
Құрылысты заңдастыруға барған Т-ға сәулет бөлімі үй сәйкесінше құрылыс нормаларына сай емес салынған деп мәлімдеді. Нақтылап айтсақ, ҚНжЕ талаптарына сәйкес, тұрғын үй және шаруашылық орынжайларын салғанда, қатарлас жер телімінен 1,5 м ара қашықтықты сақтау керек. Ал үй көрші шарбағына тақалып салынғандықтан, қажетті метрлерді Т. көршісінен алғысы келіп, 2012 жылғы қыркүйекте Атырау қалалық сотына шағымданады. Арызында Т. көршісі Д. бірнеше ай бұрын жоғарыда аталған көлемде мұның жеріне басып кіріп, шарбақ салып тастаған.
Оқиғаның осылай өрбігеніне таң болған Д. ешкімнің жерін алмағанын, ал шарбақ сол жерде бұрыннан бері тұр деп деп жауап берді. Сөзінің дәлелі ретінде Д. сотқа 10 жыл бұрын отырғызған, шарбаққа тақалып өскен теректің суретін көрсетті. Содан кейін шағымданушы арыз мәтінін өзгертіп, Д. оның жерін бұдан 10 жыл бұрын басып алған деп ылаң салды.
Сот процесі жүріп жатқанда, Т. үй құрылысын жалғастыра берді. Шатырдың еңісін барлық су көршісі ауласына қарай құлайтындай етіп салып, тағы да кесірлік жасады. Көршісінің қылығына әбден ыза болған Д. үйді бұзуға міндеттейтін шешім шығару үшін сотқа қарсы шағым берді.
Осы уақытта, кеш болса да жер өлшеу рәсімдерімен орындауға кіріскен «ЖерҒӨО» РМК шағымданушы Т.-нің жер телімі аумағының мөлшері мемлекеттік актіде көрсетілген телімнен артық екенін анықтады. Дәлірек айтсақ, екі үйдің ортақ жері шекарасының ұзындығы 31,4 метрді құрайды, ал мемлекеттік актіде 28 м деп көрсетілген, ал жалпы көлемі 0,0308 га-ның орнына 0,0310 га-ны құрады.
Басқа да жағдайлар анықталды. Мәселен, Д. телімінен де артық жерлер табылды, алайда олар көрші жағынан емес, көше жағынан алынған екен.
Осылардың нәтижесінде, сот Д.-ның артық жері болғанын негізге алып, даулы жерді Т.-ға беру туралы шешім қабылдады. Д.-ның үйді бұзу жөніндегі қарсы шағымы қанағаттандырылған жоқ.
Д. апелляциялық шағымында аумағындағы артық жерлер мүлдем бөлек жақтан алынғанын және олар сатылып алынып, оларға жазылған мемлекеттік акті бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, көршісінің Д. шарбағынан еш ара қашықтықты сақтамай құрылыс салып жатқанын және үй шатырының оның ауласына қарай еңкейтілгенін де қосты.
Алайда апелляция мен облыстық соттағы кассациялық қарау барысында судьялар бірінші инстанция шешімін күшінде қалдырды. Бұл да зейнеткер Д.-ны тоқтата алмады. Ол енді принципке басып (бұл кейкілжіңді бастаған ол емес қой!), соңына дейін баруды шешті. Зейнеткерге біздің газет те көмектесті. «Адамдар осыған да риза» жарияланымынан («ЖС», 23.05.2013 күнгі №21) ол Т. тұратын екі пәтерлі үй апатты жағдайда екенін, әкімдік үй тұрғындарына қалалық тұрғын үй қорынан – Алмагүл ықшамауданы мен С. Датұлы көшесінен пәтер бергені жөнінде біледі.
Ақылға салып қарасақ, егер мемлекет апатты үйлер тұрғындарына пәтерлер берсе, апатты үй бұзылып, жер телімі қалаға қайтарылуы керек емес пе? Алайда, кейіннен анықталғандай, апатты үйдің өзіне тиесілі бөлігін Т.-ның анасы сыйға тарту шартымен баласының атына аударған екен. Бюджеттен алынған үйдің қайда кеткені де белгісіз, әйел сол апатты үйде әлі тұрып жатыр. Ал ұлының қолында, ғайыптан тайып, жер телімін тіркейтін мемлекеттік акті пайда болыпты. Осының негізінде ол жазғы ас үй құрылысын салуға рұқсат алып, орнына 2 қатарлы ғимарат салып қойды.
Мемлекеттік органдардың бұрынғы және қазіргі әкім орынбасарлары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ пен Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ қолымен келген жауап хаттарында құрылыс заңсыз деп айтылған. Өйткені Бас жоспар аясында бұл жердегі ескі үйлерді күреп, осы жерден жаңа ғимараттар салу жоспарлануда.
Д. отбасының адвокаты Гүлсім САБЫРОВА былай дейді:
- Біз үй құрылысының көрші жер телімдерінен қажетті алшақтық талаптарын сақтамай, ресми рұқсат беру құжаттарынсыз, құрылыс нормаларын орындамай жүргізіліп жатқаны жөнінде, тіпті бұл жерге жеке үй құрылысын жүргізуге болмайтындығы туралы әкімдіктен, сәулет бөлімінен, ТЖ департаментінен және басқа да органдардан алған сәйкесінше барлық хаттарды жинап, оларды қадағалау шағымына тіркеп, өз уәжімізді баяндап, Астанаға ҚР Жоғары сотына жібердік. Құдайға шүкір, шілде айында судьялар біздің барлық уәждерімізді тыңдап, іске тігілген құжаттарды мұқият қарап шығып, төмен тұрған сот шешімдері дұрыс емес, күшін жою керек деп танып, істі Атырау қалалық сотына кері қарауға жіберді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ