Атырау, 10 желтоқсан 10:06
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Ұмыт қалған ауыл

6 079 просмотра

Шағын қыстақтарға жолым түспегелі көп болған. Исатай ауданындағы іссапарды ауылдардан бастағым келіп сұрастырып едім, «40 шақырым жерде «Қызыл үй» елді мекені бар», - деді әкімдіктегілер.

- Ол жерде болғанмын, басқа қандай шалғай елді мекендер бар?
Жергілікті таксистер Есіркеп және Шыныбек қыстақтарына баруға кеңес беріп, жол сілтеді. Көп ұзамай Аққыстаудың шыға берісіндегі «Балғымбаев кен орны» деген жазуы бар маңдайшаны артқа тастап, қарадүрсіндеу, кедірлі, бұдырлы жолсыз даламен қыстақтарға бет алдық. Айналма жолмен ұзақтығы 10 шақырым шамасындай елеусіз қалған Есіркеп қыстағына жетер жетпесте жайылған мал кезікті. Күйлері тәуір қойлар, сансыз түйелер, бірен-саран құлынын ерткен жылқы көрінді. Бақташы жоқ. Біз шеткі үйдің жанына тоқтадық. Үйден шыққан ер адамға жөнімізді айтып, сөйлескен соң, үйге ендік.
Биязы жүзді әйел өзін Қайша ҚАБИЕВА деп таныстырып:

- Журналистті де көретін күн бар-ау, әйтпесе бұл ауылға ешкім де келмейді. Депутаттар сайланарда, әкімдер өзгергенде бір төбе көрсетеді, сосын жоқ болады. Ал бізге ешкімнің қажеті де шамалы, олар бәрібір айтқанымызды орындамайды, сондықтан аузымызды ауыртып не қыламыз.

- Ауылдың жай-күйі қалай, апа?

- Қасымыздағы канал шілдеде құрғап қалғанда әкімдікке барып бір толтыртып алғанбыз. Сонысына шүкір, әйтпесе сол азғантай мал үшін көшпей осында отырмыз ғой. Кезінде ферма орталығы болғанда клуб, кітапхана, дүкен, мектеп, медпункт болып еді, қазір соның бірі жоқ. Зейнетақымызды Аққыстаудан аламыз, сосын балалар бар, керек-жарағымызды әкеліп тастайды. Мұнда қарттар тұрады, бары 9-ға жетер-жетпес үй. Бізге үкіметтен ештеңе керек емес, жарық барына шүкіршілік етеміз. Шабындық жер жоқ, шөпті Құрманғазы ауданы пішеншілерінен сатып аламыз. Отынға қиды дайындап қойғанбыз. Қай үйге барсаң да айтатыны осы, себебі кешкі 5-ке дейін біз демаламыз. Сосын шай ішіп, кешкі өрістен қайтқан малдың қамына кірісеміз.

Дегенмен шағын ауылға келіп тұрып, басқа үйлердің жайын білмей қалай кетпекпіз.
Еңкіш тартқан әжей бізді көріп қуанып қалды.
- Қолымда мүгедек балам бар. Басқалары Аққыстауда тұрады, сенбіден бастап бәрі жиналады, сосын көмектеседі, - дейді Биғайша АЛИПОВА.
- Мына жерде қиын емес пе?
- Қиын екені рас, бұл жерде тұрып жатқаныма 40 жыл болды. Қимаймын. Өмірімнің қиын да қызықты күндері өткен жерін адам қарттықта ештеңеге айырбастамайды екен. Сиырдың шайлық сүті тағы бар, күйіміз кетіп жатса алып кетеді ғой, күшім барда осындамын.
78 жастағы Райхан ҒИНАЯТОВАНЫҢ бір көзі мүлдем, ал екіншісі нашар көреді екен. Жалғыз тұрып жатыр. Балалары жан-жақта, отбасылы.
- Өзім бармай отырған. Шалым екеуміз тұрған қара шаңырақты қалай тастап кетемін. Балаларым ренжиді, қайтейін. Ауырмасам, сиырды өзім сауамын, көршілер көмектеседі.
Бір ғажабы, ауылда ит жоқ. тым-тырыс, ауыл мүлдем қалың ұйқыда жатқандай. Құдықтан су тартып жатқан әйелді көріп қасына бардық.
- Ауыз суды Аққыстаудан әкеліп құяды. Су қымбат, 3 тонна су 4-5 мың теңге, ал балшықта 6 мың теңгеге дейін шарықтайды. Шөп те қымбат. Ауыл бос қалуда, қасымдағы көршім Аққыстауға көшіп кетті, шеткі үй де бос тұр. Үш балам жұмыс іздеп қалаға кеткен. Болашағы жоқ жерде жастарды қалай ұстайсың. Үй табылса, көшіп кетер едік. Ал мына жердегі қарттар ауылды қимай отыр, - дейді Айгүл ЖАЗЫҚБАЕВА.

Біз кейін «Шыныбек» қыстағына соқтық. Мұдағы төрт үй әр жерде орналасқан. Ерлі-зайыпты мүгедек Шафхат ӘЛМҰРАТОВ жағдайының қиын екенін, әсіресе отын жоқтықтан қыста қиналатынын айтты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.