19 тамызда Атырау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы базасында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 28 шілде мен 28 тамыз аралығында вирустық гепатиттердің алдын алу бойынша жүргізіп жатқан айлығы аясында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.
- Вирустық гепатиттің қазіргі таңда 9 түрі ғылымда дәлелденген: А, В, С, D, E, G және соңғы уақытта анықталған тағы да үш түрі бар. ТМД елдерінің арасында бірінші рет Қазақстан Республикасы жарғы қабылдап, 2011 жылдан бастап В және С вирустық гепатитін тегін емдеуді қолға алды. Дегенмен, тегін ем алудың арнайы критерийлері бар, - дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының штаттан тыс бас маманы, инфекционист Ағипа АЛЕНОВА. - Біздің облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы базасында арнайы гепатокабинет жұмыс жасайды, ол жерде емделушілерге 2 дәрігер-инфекционист қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 460-тан астам адам вирустық гепатит бойынша тіркеуде тұр. Бір ауру адамды емдеу курсы 13 мың доллар шамасына шығады.
Ұлттық егу күнтізбесінде В вирустық гепатитіне қарсы екпені енгізгеннен бері соңғы 2002-2012 жылдарды салыстырғанда, облыста жіті В вирустық гепатиті 8,4 есеге, 2006 жылдан бері 2 жастағы балалар арасындағы А вирустық гепатитіне қарсы егу жұмыстары жүргізілгеннен бері ауру деңгейі 6 есеге төмендеді.
Маманның айтуынша, В гепатитін емдеу өте қиын жүреді. Дәрігерлердің алдында ең болмаса түрлі дәрежедегі фиброзды тоқтатып, аурудың ары қарай асқынбауын қадағалау, циррозға жеткізбей, емделушінің өмірін сақтап қалу мақсаты тұрады. Ал С гепатитіне қарсы вакцина мүлде жоқ екен. Оның 7 генотипі, 70 субтиптері бар, бұл тез өзгеретін, мутацияланатын вирус болғандықтан, оған қарсы вакцина ойлап табу дүние жүзінде әзірше мүмкін болмай тұр.
Республика бойынша вирустық гепатитке қарсы дәрі-дәрмекті сатып алуға 2012 жылы 3,35 млрд теңге бөлінсе, 2013 жылы 3,57 млрд теңге қаржы қарастырылған.
ҚР ДСМ МСЭҚК Атырау облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, вирустық гепатиттің В және С түрлері қан арқылы, стоматологиялық кабинеттерде, жыныстық қатынас арқылы, маникюр, педикюр шаралары барысында жұғуы мүмкін. – Біздер сервистік қызмет ұсынатын монша, шаштараз, сән салондарын жылына 1 рет қана және алдын ала 1 ай бұрын ескертіп тексереміз. Санитарлық талаптардың бұзылуы да сондықтан көп жағдайда анықтала бермейді, себебі, ескерту берілген кезден бастап олар дайындалып, бәрін керемет қылып қояды. Сондықтан өзінің денсаулығына мән беретін әрбір адам өзі сақтанып жүруі керек, - дейді дәрігер.
Биылғы жылдың мамыр айының соңғы кезінде Астанадағы Ана мен Бала орталығында лейкозбен ауырып, ем алып жатқан балалардың қанынан С гепатитінің вирусы табылуы бүкіл елді шулатқан болатын. Балалардың ата-анасы бұған емдеу орнын кінәласа, дәрігерлер лейкозбен ауыратын балалар иммунитеттерінің төмендігіне байланысты вирустық гепатитке шалдыққыш келетінін алға тартты. Дәрігерлердің айтуынша, дүние жүзінде лейкемияға шалдыққан адамдардың 70 пайызы вирустық гепатитпен ауырады екен, оларға үнемі қан құйылып отырады. Ал донорлардың қаны алдын ала тексеруден өткенмен, С гепатитінің инкубаторлық уақыты 6 айдан 9 айға дейінгі уақытты алады, сондықтан қан беру кезінде донордың вирустық гепатитке шалдыққанын анықтау кей кезде мүмкін болмайды.
- Тағы бір басты мәселе, соңғы кездері кей ата-аналардың, соның ішінде дін жолын ұстанған жандардың өз балаларын вакцинациялаудан бас тартып жатқан жағдайлары көбейіп кетті. Олардың екпеден неліктен бас тартатындары да түсініксіз. Сауд Арабиясына қажылыққа дүние жүзінен миллиондаған адам барады, биыл сол ел келетін әрбір адамның міндетті түрде екпе (менингит, полиемелит, грипп) алып келуін талап етіп отыр, - дейді А. Жұмағалиев.
Аурудың кең таралғандығы, белгілерсіз асқынуы және жағымсыз нәтижелері, сонымен қатар вирустық гепатиттің алдын алу мен емдеу қиындық келтіретіндіктен, бүгінгі күні әр адамның өзінің денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы аурудың алдын алудағы маңызды шарт болып қала бермек. Ол үшін тегін жүргізілетін скринингтік тексеруден өтіп, балаларды вакцинациялап, жеке гигиеналық құралдарды пайдалану, емдеу мекемелерінде, шаштараздарда, татуировка, пирсинг, маникюр жасаушылардан бір рет қолданылатын немесе стерилизация жасалған құралдарды талап етіңіз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА