Атырау, 26 қараша 05:24
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Соңғы парыз

4 954 просмотра

Науқас адамға дәрігерлер бұдан әрі еш нәрсе жасай алмаймыз, бір алладан ғана
жәрдем күтіңдер деп өз қауқарсыздықтарын мойындағанда жақын туыстары қандай күйде болатынын түсіндірудің де қажеті жоқ шығар. Өмірден өтіп бара жатқан адамның қандай тән азабын тартып жатқаны өзіне ғана белгілі ғой. Қазақстанда ажалға әкеп соқтыратын ауруға ұшыраған адамдарға, олардың жақын туыстарына паллиативті көмек беруді дамыту мәселесі «Кредо» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған Атырау медицина қызметкерлеріне арналған семинарда қозғалды.

АЖАЛ КЕЛІП ҚАСЫҢА ТҮСТЕНГЕНДЕ...
«Кредо» қоғамдық қоры өз қызметін АҚТЖ-инфекциясы (ВИЧ) проблемаларымен байланысты мәселелер саласында бастаған. Уақыт өте келе АҚТЖ-науқастар ЖИТС (СПИД) індетімен ауыратындар қатарына қосылғанда, мәселе өзектеле түсті, өйткені оларға әрі қарай дәстүрлі медицина көмек бере алмайтыны белгілі. Осыдан кейін көптеген науқастар, әсіресе  үйден шыға алмайтын аурудың ең соңғы кезеңіндегі адамдар шыдатпас тән азабымен жалғыз қалады. Бұған асқынған обыр ауруымен ауыратындарды да қосуға болады. Сол кезде «Кредо» ҮЕҰ ҚБ денсаулық сақтау жоғары мектебімен (Алматы қ.) бірлесе отырып, Қазақстандағы паллиативті көмек қызметінің жағдайына зерттеу жүргізді.

- Біз есеп дайындап, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырдық. Есеп көрсеткіштері жақсы болмады, біріншіден, бүкіл ел бойынша тек 6 хоспис қана бар екен – бұл өте аз. Екіншіден, медициналық оқу орындарында «паллиативті медицина» мамандығы жоқ, сәйкесінше осы бағытта дайындалған дәрігерлер де, медбикелер де жоқ. Ажалды ауруларға шалдыққан науқастардың дәрігерлерден мүмкін болар көмектің бәрін алып болып, жан төзбес азап пен қасірет шегіп өлуі – нағыз адам құқығын бұзу екендігі сөзсіз. Әр адамның өмірден қиыншылықсыз, тыныш кетуге құқысы бар ғой, - дейді «Кредо» ҚБ директоры Надежда КОЗАЧЕНКО. – Есеп ұсынылғаннан кейін денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған арнайы топ жұмысын бастады. Жұмыстың келесі кезеңінде хоспистер жүйесі мен паллиативті медицина мамандарын дайындау жақсы дамыған Румыния мен Польшаға танысу сапарлары жасалды. Келгеннен кейін біз Қарағанды медициналық университетімен бірігіп, польшалық әріптестерімізді шақыртып, республикалық конференция ұйымдастырдық. Ең бастысы – паллиативті көмекті дамыту бойынша ұсынысымыз 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасына енгізілді. Енді паллиативті медицина бойынша оқу курстары бағдарламаларын дайындау, дәрігерлерді осы бағытта дипломнан кейінгі мамандыққа баулудың қажеттілігі заңнамалық деңгейде жазылды деп сенімділікпен айтуға болады. Жұмыс жеткілікті, алайда істің бастау алып, осы іске атсалысушылар қатарының өсіп келе жатқаны қуантады.
Паллиативті көмек көрсету құралдары – бұл жеке хоспистер, медициналық мекемелер жанынан ашылған хоспистік бөлімшелер және медбикелік қамқорлық. «Үйден хоспистік қызмет көрсету» деген де түсінік бар.
- Біздің талдауларымыз көрсеткендей, Қазақстандағы хоспистік қызметтің нашар дамуы бірінші кезекте қаржыландырудың жетіспеушілігінен болып отыр. Негізінен, мұндай ұйымдар қайырымдылық көмектердің есебінен қызмет етеді. Сондықтан да қазір елімізде науқастың үйіне барып қажетті көмек, сондай-ақ туыстарына психологиялық қолдау көрсететін «үйден хоспистік қызмет көрсетуді» дамыту керек. Жақында алғашқы медициналық көмек көрсету мекемесінің штатына осындай қызметтер көрсету жүктелетін арнайы қызметкер мен психолог лауазымдары енгізілді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, жалғыз әлеуметтік қызметкер тұтас бір учаскеге жеткіліксіз және олардың осы саладағы біліктіліктері де дау туғызады, - дейді Н. Козаченко.

ЕКІ ТӘСІЛ
Атырауда халыққа паллиативті көмек көрсететін жылжымалы бригада ұйымдастыру идеясын «Болашақ» ҮЕҰ қатты қолдап отыр.
- Өте дұрыс идея, - деп есептейді  «Болашақ» ҮЕҰ-ның директоры Жібек БИСЕНОВА. – Біздің ұйымның көптеген дәрігерлерінде осындай жылжымалы бригадаларда жұмыс жасаған тәжірибелері бар. Біз 90-шы жылдары балалар ауруханасында жұмыс жасағанда ауруханаішілік инфекция жұқтырған, яғни медициналық мекемелерден ауру жұқтырған балалар көп болды, сол кезде кішкене пациенттерге үйлеріне барып ем беруге арналған жылжымалы бригадалар жұмыс жасай бастады. Ал бүгінде Атырауда ем қонбайтын аса ауыр халдегі науқас пен оның туыстары осы қасіретпен бетпе-бет жалғыз қалады. Паллиативті көмекке тек обыр ауруына шалдыққан адамдар мен ЖИТС індетін жұқтырғандар ғана зәру емес. Инсульттан кейін емделмейтін созылмалы соматикалық аурулармен ауыратын науқастар, ауыр жарақат алған пациенттер, жұлын-ми аурулары, бүйрек, жүрек-қан тамырлары ауруларының соңғы кезеңдеріндегі адамдар бар, әсіресе қартайған шағында айықпас дертке шалдыққан кәрі адамдарға өте ауыр тиеді. Қазір бізде хоспис түгілі, онкологиялық диспансерде ажалды аурумен ауыратындарға арналған бөлек палата да жоқ. Сондай-ақ, бұларға ең қажетті құралдардың бірі – арнайы ауруды басатын дәрі-дәрмектер. Бүгінде мұндай дәрілік құралдарға қол жеткізу үдерісі баршаға түсінікті, алайда бюрократиялық келеңсіздіктерге толы, ауыр науқасты күтіп-бағып отырған туыстары дәрілерді өз уақытында ала алмайды, ал науқас қатты азап шегіп жатады ғой. Жылжымалы паллиативті бригада психологиялық және тікелей медициналық көмек көрсетеді. Егер барлығы біз ойлағандай болып шықса, Атыраудағы алғашқы жылжымалы бригада келесі жылы пайда болуы керек.

Хоспис (ағылшынша hospice) – өлім қаупі бар деп болжанған аурулармен ауыратын науқастарды күтіп-бағып, көмек көрсететін медициналық мекеме.

Жібек Қуанғалиқызының айтуынша, өткен семинардың тақырыбына жергілікті дәрігерлер әр түрлі көзқарас танытқан. Біреулері қыл үстінде тұрған адамның о дүниеге кетер алдындағы қиналысын аз да болса азайту міндетіміз деп санаса, кейбіреулері, әрине, адамға обал-ақ, алайда бар күш пен қаражатты өмірін сақтап қалуға болатын науқастарға бағыттау керек деп ойлайды. Бисенова, әрине, бірінші, өркениетті көзқарасты ұстанады. Тағы бір айта кетер жайт, паллиативті көмек көрсетумен осыған арнайы дайындалған қарапайым адамдар да айналысса, артық болмас еді.
- Паллиативті көмекті тек дәрігерлер ғана емес, осыған арнайы оқытылған еріктілер де көрсете алады. Біз дәрігерлерге бәсекелестік тудырайын деп отырғанымыз жоқ. Әр адам тек жақсы өмір сүруге ғана емес, сол өмірден жақсы кетуге де құқылы екендігін бәрі түсінсе екен дейміз. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы біздің идеямызды қолдап отыр, бұл да өте маңызды, - деп сөзін қорытындылады Н. Козаченко.          
Тамара СУХОМЛИНОВА

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.