
2024 жылы "Almaty Arena" және "Halyk Arena" көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтті деп хабарлады әкімдікте. Нысандар берілгеннен кейін олардың пайдаланылуына кешенді аудит жүргізілді. Қазіргі уақытта мұз уақытын бөлу жүйесі кәсіби спортшыларға, оның ішінде Михаил Шайдоровқа, спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне, секциялар мен ұлттық құрама мүшелеріне басымдық беретіндей етіп реттелді.
Алматы әкімдігі қаланың спорт инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға кешенді тәсілін іске асыруда. Биыл Орталық стадионды және "Медеу" биік таулы мұз айдынының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, мұз сапасын арттыру және сырғанау маусымын ұзарту бағытында жаңғырту жүргізіледі.