
Жыл басынан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мекемелері үшін 3,7 млрд теңге сомасына 136 шағын орман өрт сөндіру кешені мен 60 трактор жеткізілді. Маусым айының соңына дейін тағы 166 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман өрт сөндіру кешені және 11,3 млрд теңге сомасына 15 трактор жеткізіледі. Бұл туралы Министрлік басшысы Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
«Облыс әкімдіктері орман шаруашылығын жарақтандыруға биыл жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге және лизинг есебінен 20 млрд теңге бөлді. Осылайша, жыл соңына дейін әкімдіктердің орман шаруашылықтарына 26,3 млрд теңге сомасына 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман өрт сөндіру кешенін және 247 трактор сатып алу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің ең өрт қаупі жоғары 11 өңірінде орман шаруашылығын жаңартуға және 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда ведомство басшылығының мәліметінше, өртті ерте анықтау жүйелермен қамту мемлекеттік орман қорының 1,3 млн га аумағын құрайды.Биыл аталған жүйе «Семей орманы» резерватында орнатылады. «Семей орманынан» бөлек өртті ерте анықтау жүйесі 23 орман шаруашылығында да енгізіледі. Жыл соңына қарай бұл жүйемен 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қоры қамтылатын болады.
Өңірлерде орман өртіне қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4402 га болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, олардың шығуына өрттің даладан келуі және найзағайдан тұтануы негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы және жол қатынасының болмауы себеп.
«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет»,— деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.