
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экономикалық жағдайға орай, әлемдік нарықтардағы тұрақсыз жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Көптеген сарапшылар дүние жүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы "тариф майданын" ашқан соң өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз екенін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы экономикалық өсім қарқынының төмендеуіне және инвестициялардың жоғалуына жол бермеу үшін Үкімет пен әкімдіктердің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын тез арада аяқтауды тапсырды.
Президент дүрбелеңге себеп жоқ екенін, өйткені Қазақстан қиындықтарды еңсеру қабілетін бірнеше рет дәлелдегенін атап өтті:
«Біз әрқашан басым бағыттарға назар аудара отырып, қиындықтарды сенімді түрде еңсердік. Барлық маңызды инфрақұрылымдық және экономикалық жобалар толық көлемде жүзеге асырылады», – деп сендірді ол.
Сонымен қатар Тоқаев жаңа жағдайларда «инвестициялар үшін күрес басталатынын» және Қазақстан оған дайын болуы керектігін айтты:
«Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор», – деп атап өтті ол.
В Атырау -1