Атырау, 26 қараша 05:38
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Литва сабақтары

3 677 просмотра

12-17 тамызда облыстық перзентхана базасында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ана мен бала өлімін азайту мақсатында Литва Республикасы Вильнюс университетінің балалар ауруханасының реаниматолог дәрігері Арунас ЛЮБШИС пен медбике Дангуте МАУРИЦАЙТЕНЫҢ қатысуымен «Шала туылған және шала туылған ауру балаларды емдеп шығарудың ерекшеліктері, жаңа туған балаларға шұғыл көмек» тақырыбында шеберлік сабақтары өткізілді.

«Эксон Мобил» компаниясының демеушілігімен жүзеге асқан осы сабақтар жергілікті және арнайы шақырылған ақтаулық мамандар үшін үлкен тәжірибе болғанын облыстық перзентхананың меңгерушісі Ұлжан ХАСАНОВА атап өтті.  

Арунас Любшис 35 жыл бойы балалармен жұмыс жасап келе жатқан білікті дәрігер екен. Тек Қазақстанда емес, әлемнің өзге көптеген елдерінде болып, бірнеше семинарлар мен конференциялар өткізіп, лекция оқып  жүрген маманның біздің елге бірінші келуі екен.

- Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын және көрші елдермен салыстырғанда сіздердегі жағдайдың біршама жақсы екенін атап өткім келеді, - деді ол семинар қорытындысын бойыншаөткізілген конференция барысында.  - Перинаталдық орталық қызметін қоса көрсететін перзентхананың жағдайы да едәуір жақсы деңгейде. Өткен жолы осында менің екі медбикем келіп, жергілікті мамандарға кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөліскен болатын. Дангуте де сол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайдың айырмашылығын байқапты. Менің негізгі мақсатым – жинаған тәжірибеммен бөлісу. Бірақ, медицина бір орында тұрмайды, оқымасаң, артта қаласың.

Любшис соңғы кезде жарыққа шығып жатқан медицина әдебиеттерінің, нұсқаулықтардың, кітаптардың көбі ағылшын тілінде жазылғанын, сондықтан медициналық қызметкерлерді заманауи талаптарға сай келі үшін ағылшын тілін оқуға шақырды. Сонымен қатар дәрігер Любшис  дәлелденген медицина туралы да айтып өтті, себебі, дәлелденбеген емдеу әдістерін қолдану жаңа туған баланың өліміне әкеліп соғуы да мүмкін. Және  инвазиялық ем-шаралардың аз мөлшерде болуы туралы да ескертті:

- Мен осыдан 15-20 жыл бұрынғы ауру тарихтарын қарап отырсам, өзімнің белгілеген ем шараларымда бірнеше дәрілік препараттардың тізімін көріп шошып кеттім. Қазір тек 1-2 препараттың өзі ем болып жатады. Алдағы уақытта енді сіздердің мамандардың біздің елде бірнеше апталық тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жоғарылатуы үшін келіссіөздер жүргізуге дайынбыз,- деді дәрігер.

Арунас ЛюбшисАрунас ЛюбшисШара соңында сөз алған Ұлжан Хасанова жақсы жаңалықпен бөлісті: -Алдағы уақытта біздің облыстық перзентхана компаниялардың демеушілігімен күрделі жөндеуден өтеді. Бізде шала туылып, 4-5 ай жатып, үйіне адам қатарына қосылып шыққан балалардың арғы қарай тағдырлары туралы көп біле бермейміз. Сондықтан үлкен орталық ашып, балаларды 1 жасқа дейін қадағалап, бақылап отырғанымыз дұрыс болар еді. Ол үшін алдымен мамандар мен құрал-жабдықтардың керек екендігі белгілі.

Литвада 1992 жылдан бастап шала туылған балалар мен жүкті әйелдерді арнайы  перинаталдық орталыққа жинақтап, ем жүргізетін жүйе жұмыс жасайды. - Аяғы ауыр келіншектер мен жағдайы қиын балалар арнайы мекемелерге жіберіліп, олар сол жерде шоғырландырылған ең мықты мамандардың көмегіне жүгіне алады. Жағдайдың ең ауыр, қиын нүктелерінде ең мықты, ең білікті дәрігерлер табылады. Республикамызда 5 көлік бригадасы жұмыс жасайды, олар 1 сағат ішінде әйел мен баланы елдің кез келген нүктесінен емдеу мекемелеріне жеткізеді,- деп әңгімелеп берді Любшис. -1992 жылы осы жүйе іске қосылғанда1000 жаңа туылған баланың арасында 17,8 баланың өлімі тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 1000 жаңа туған баланың арасында 3,8 –ге азайған.

Әрине, Литваның террияториясы Қазақстаннан 40 еседей кіші, дегенмен олардан үйренеріміздің көп екені анық.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

20 тамыз 2013, 19:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.