Атырау, 8 желтоқсан 15:58
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Мұқырдағы мәдениет үйінің құрылысы сегіз жылдан бері бітпей тұр

760 рет қаралды

Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы мәдениет үйі құрылысының жыры жетіп болды. Мердігерлер қолғапша ауысқанымен құрылыс әлі біткен жоқ. Бұған енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тікелей араласты.

Ауылда мәдениет үйі жоқ, жекешелендіру кезінде сатылып кеткен. Содан бері мәдениет үйінің қызметкерлері Мұқыр орта мектебінің акт залында отыр. Халық саны өсіп, ауыл үлкейгенімен мәдениет үйіне жарымауы жұртшылықтың наразылығын туғызуда.

Негізі 2017 жылы 400 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысына 301 млн теңге (ол бұл кезде жеткілікті қаржы болды - Л. Қ.) бөлініп, Ақтөбе облысының «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС конкурс қорытындысымен жеңіп алады. ЖШС бір жылдан кейін, яғни 2018 жылы құрылысты аяқтап, пайдалануға беруді міндетіне алады. 

Алайда іргетасын бекітіп, бірінші қабаты көтерілгеннен кейін жұмыстарынан берекеті кетіп, тұралап қалады. Не техника, не жұмысшыларға жарымаған мердігер ақыры жұмысты тастап кетіп қалады. Бұл кезде жасаған жұмысына облыстық құрылыс басқармасының сол кездегі басшылары 100 млн теңге аударып жібергенін «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында айтқан болатын. 

Осылайша мәдениет үйінің құрылысында тірлік байқалмай алты жыл тұрып қалады. 2023 жылы «сақалды» құрылысқа жан бітіру үшін атыраулық «ГрадМастер» ЖШС келеді. Ол құрырылысты бастап тастап кеткен «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС-нің жұмысын жалғасыруды көздеп, іске кіріседі. Бірақ облыстық прокуратура тарапынан нұсқама беріліп, келісім шарт бұзылады. Енді мердігер соттасып, келісім шартты қалпына келтіруге жұмыстанып, жұмыстарын жалғастырмақ болады. Ақыры екеуара сот процестері жүріп, мердігер мекеме жеңіліс табуымен аяқталады. 

Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ жобаға түзету енгізіп, қайтадан қарржы қаралғанын айтқан болатын. 

2024 жылы млрд 400 млн теңге бөлініп, «Жиенбай» ЖШС жеңімпаз болып танылады. Серіктестік бұрынғы тұрғызылған құрылысты түгел бұзып, қайтадан бастайды. Бүгінде құрылыстың бірінші қабаты біткен, жұмыс жалғасуда. 

Осы құрылыстың басына жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Нұрлан ЖАХИН барып, жұмыс барысымен танысты. 

Департамент аталған обьекті жұмысының мұншама ұзаққа созылуын былай деп түсіндіреді. «Бірінші мердігер шартта көзделген міндеттерді орындамай, қаржылық проблемаларға байланысты құрылысты тастап кеткен. Мердігермен жасалған шарттың заңдылығы тұрғысынан сот процесі жүргізіген. Құрылыс жобасына түзетулер енгізіліп, 2024 жылдың 5 шілдесінде «Жиенбай» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шарты жасалды. Құрылыс барысын бақылау үшін обьектіге жұмыс сапары ұйымдастырылды. Мониторинг барысында бағананы құю жұмыстары аяқталып, ПМ1 еден плитасының қалыптарын монтаждау процесі жүріп жатқаны анықталды. Стратегиялық маңызды нысандарды құрылысы ұзаққа созылған процеске айналмауы керек. Біз жобаларды іске асыруды жеделдету және олардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше назар аударамыз», - деп хабарлады ведомство.

Ал үш медігер ауысқан Мәдениет үйін мұқырлықтар асыға күтуде. Мәдениет үйін серіктестік 2025 жылы аяқтауды көздеп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

9 сәуір, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.