
Жыл басынан бері өңір бойынша тәртіп сақшылары 100 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады, оның 85600-ден астамы жол жүру қағидаларын бұзуға байланысты.
Полицияның мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда әкімшілік құқықбұзушылық көрсеткіші 10 пайызға азайған.
Атап айтқанда, жол ережесін бұзғаны үшін полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде тізгіндеген 117 жүргізушіні ұстады. Заң бұзған 3300 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
Атырау ҚПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Өсер Жәңгірханның айтуынша, Атырау қаласы аумағында «Қорғау-Сергек» ақпараттық жүйесінің көмегімен 2025 жылды басынан 8600 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталған.
«Кибер-шериф» жүйесі арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 592 бабы бойынша 3 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді. Жаяу жүргіншілерге жол бермеген 430 жүргізуші, жаяу жүргіншілердің өздерінен 1900 құқықбұзушылық анықталды.
Айта өтейік, айыппұлдарын төлемей жүрген 4 мыңдай жүргізушінің 678-інің көлігі арнаулы тұраққа қойылды.
«Қалған айыппұлдар толықтай өтелді» дейді тәртіп сақшылары.