
Атырау қаласында биыл көктемгі көгалдандыру жұмыстары кезінде қала көшелері мен аллеяларына, саябақтарына 70 мың түп гүл егілмек.
Атырау қаласын көгалдандырумен айналысатын «Каспийдормостострой» ЖШС мекемесінің мәліметі бойынша, гүл тұқымдарын жылыжайларда өсіріп дайындау қаңтар айында басталған.
- Алғашқы кезеңде тұқымдар арнайы жылыжайымыздағы «бөбекжай» алаңына орналастырылады – мұнда олар өнеді, тамыр жайып, күш жинайды. Кейінірек олар үлкенірек жылыжайларға ауыстырылып, толыққанды өсімдіктерге айналады. Жылыжай ішіндегі тұрақты +22…26°C температураны тәулік бойы жұмыс істейтін көмір пештері қамтамасыз етеді. Бұл тұрақтылықтың арқасында қыстың өзінде жылыжайда көктем лебі есіп тұрады. Мұндай жағдайлар гүлдердің тез әрі сапалы өсуіне мүмкіндік береді, - дейді мекеме өкілдері.

Әзірге жылыжайда жүріп жатқан қаланы гүлдендіру жұмыстары тәжірибелі орман шаруашылығы шебері Мәди Искалиевтің жетекшілігімен жүзеге асуда. Оның бұл салада 30 жылдық тәжірибесі бар.
Мекеме өкілдерінің мәліметінше, биыл қала көшелеріне тагетес (сарғылт және "голд" түрлері), катарантус, алиссум, сондай-ақ ақ, қызыл, күлгін және қою күлгін петуниялар егіледі. Гүл отырғызу жұмыстары сәуірдің 20-25 аралығында басталып, мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер «АЖ» мұрағатынан