
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы туризм саласы тұрақты өсім көрсетті. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты.
Ауыл шаруашылығын қолдау және туризмді дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде фармерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында салалық ведомство министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
«Фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығын беру ұсынылады. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді»,— деп атап өтті министр.