Атырау, 27 желтоқсан 07:54
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Каспий күні және зая кеткен жыл

3 096 просмотра

Каспий маңы елдерінің арасында Тегеран конвенциясына қол қойылғанына 10 жыл толуына арналған Каспий күні тып-тыныш өтті. Бұдан бір жыл бұрын біз осы атаулы күн қарсаңында Қашағанда мұнай алуды бастауға экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан еш нәрсе дайын емес деп атап өткен болатынбыз. Биыл осы бағытта не өзгерді? Ештеңе.

Бір жыл бұрын ҚР ТЖМ басшысы Владимир БОЖКО өзінің ведомствосы үкімет алдына инженерлік орталық құру туралы мәселе қойып, тіпті техникалық-экономикалық негіздеме де әзірлегенін атап өтті. Алайда тек 2013 жылдың наурызында ғана (естеріңізге салсақ, осы жылдың қазан айынан бастап консорциумның жобаға жұмсаған шығындары қазақстандық табыс үлесінен өтелмейтін болады) үкімет «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Теңіз Сервис» балансындағы Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ету базасын (СКМТҚӘБ) ҚР ТЖМ-ге беру жөнінде шешім шығарды.

Алайда бұл шешім де кабинеттердің бірінде қалып қойды Базаға құштарлық»), ал Божконың өзі мұнай өндіру алдындағы ауқымды (мүмкін соңғы шығар) «Қашаған-2013» оқу-жаттығуына келмеді – министр келеді деп оқу-жаттығудың басталар күні екі рет шегертілген-ді Үлкен дайындық»). Басшысының орнына келген ТЖМ вице-министрі Жанболат СМАИЛОВ базаның тағдыры жөнінде еш нәрсе айтпады.

Ал 9-12 тамыз аралығында Ақтауда өткен Каспий күнінен орайластырылған экологиялық форумда (Атыраудан ерекшелігі, ол жерде бұл мереке кең аталып өтті) ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Дәулет БАПЫ СКМТҚӘБ-ті өзінің ведомствосына тапсыру аясында экономика министрлігінен төгінділерге қарсы әрекет етуге арналған инфрақұрылымдарды салу мен жабдықтар алуға 4 млрд 782 млн теңге сұрадық деп мәлімдеді. Парламенттің бюджетті ақпанда бекітетінін есепке алсақ, мұнай өндіру СКМТҚӘБ-тің қатысуынсыз басталатын болар. Бәлкім, осыған байланысты, сөзін жерге тастамайтын Божко оқу-жаттығуға келмеген шығар.

Сол форумда NCOC-дың сыртқы байланыс жөніндегі директоры Пьер ДЕЛЬПОН 3-деңгейдегі төгінділер тақырыбында әңгіме қозғай отырып, консорциумның халықаралық ұйымдарға мүшелігі туралы айтып өтті. Мәселен, оның айтуынша, "Oil Spill Response Limited" ұйымына мүше болу «оқыс оқиғаларға тәулік бойы кепілдендірілген және жедел әрекет етуді» қамтамасыз етеді. Ол, сондай-ақ, Шелл тобының (Азия – Ресей – Австралия) мұнай төгінділерін жою бойынша ғаламдық қолдау көрсету желісі туралы да еске салып өтті. Консорциум төгінділер болып қалған жағдайда қазақстандық биліктің көмегіне көп сене бермейтін сияқты.

Сол жерде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайырбек МҰСАБАЕВ мұнай өндіру қарсаңындағы басқа да қауіпсіздік шаралары туралы хабарлады. Мәселен, Каспийде мониторинг жүргізу үшін заманауи аспаптар мен химиялық зертханалармен жарақталған мамандандырылған ғылыми кеме сатылып алынды. Финдік мамандармен бірлесе отырып, акваторияда теңіздің ластануын, соның ішінде, мұнай төгінділері туралы деректерді онлайн-режимде алатын аспаптарды қондыру жұмыстары басталды.

- Жыл соңына қарай (мұнай өндіру басталып кеткенде деп оқыңыз – Л.С.) алғашқы үш жүзбелі станция қондыру жоспарлануда, - деді Қ. Мұсабаев.

Сонымен қатар, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің мамандары мен халықаралық кеңесшілердің бірлесуімен Каспий ақпараттық жүйесінің бірінші нұсқасы әзірленіп жатқаны жөнінде де айтылды. Оны қолданысқа енгізу Каспий теңізінің барлық акваториясы бойынша кешенді экологиялық деректер базасын жасауға мүмкіндік береді. Бәрі де оң шешім. Алайда кеш емес пе?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА   

20 тамыз 2013, 11:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.