Қашаған кенішінен мұнай өндіру Қазақстанға түк те бермейді, деп есептейді мұнай өндірісі саласындағы қазақстандық бір компания жетекшісі.
«Қашаған ел бюжетіне салықтан түсетін қаражаттың артуынан басқа түк те бермейді. Бұрын аталған жобаны іске асыру көп нәрсе береді деп күткен, бірақ олай болмайды, себебі өнімді бөлісу келісімі (ӨБК) бойынша барлық инвестицияны олар (жобаға қатысушылар – ҚазТАГ) мұнай түрінде әкетіп отырады», - деді сұхбатшымыз агенттікке.
«Аталған жобаға салынған инвестициялардың, атқарылған барлық жұмыстардың құны бірнеше есе қымбаттатылған», - деп атап көрсетті ол.
Сондықтан, дейді нарыққа қатысушы, Қашаған жобасы «жүздеген миллиард» долларға «қампитылған».
«Сол ақшаны олар (инвестиция салғандар – ҚазТАГ) шығарып алмайынша, мемлекеттің мұнай өндірісіне ешқандай қатысы болмайды. Тек салық салу жағынан ғана тиімді болады», - деді ол.
Сұхбатшының пікірінше, барлық алынған «кіріс» сол инвестицияларды «өтеуге кетеді». Ол үдеріс «ондаған жылға созылады».
«Бірақ, біз келешектегі баға қандай болатынын білмейміз ғой. Келешекте мұнай қандай бағамен сатылатынын да білмейміз. Баға тым арзан болып, олар мұнайды ондаған жыл бойына сыртқа әкетіп, Қазақстанға түк те қалмауы мүмкін», - деді сұхбатшымыз.
Нарыққа қатысушының пікірінше, «Қазақстан тәуелсіздігінің басталу жылдары қол қойылған ӨБК ел пайдасына емес».
«Ол төлеу болатын. Өлшеусіз, әрине, бірақ сол кезде сырттан инвестиция тартудың басқа жолы болмауы да мүмкін. Бірақ бүкіл әлемде бәсекелестік бар, мұнай кеніштерін игеруге де, сол кеніштерге инвестиция салуға да бәскелестік бар», - деді ол.
Бұрындары Қазақстанның мұнай және газ экс-министрі Сауат Мыңбаев мәлім еткендей, Қашағанда мұнай қөндірудің ең шеткі мерзімі биылғы қыркүйек айы болып табылады.
2000 жылы табылған Қашаған кен орны соңғы 30 жылда ашылған ірі кен орындарының бірі. Сарапшылардың бағалауынша, оның коммерциялық ресурстары 9 млрд-тан 13 млрд барр -ге дейін мұнайды құрайды.
Алғашқыда кеніште мұнай өндірісін 2005 жылы бастау жоспарланған, бірақ техникалық күрделіктерге байланысты мұнай өндірісін бастау 2012 жылдың соңы мен 2013 жыл басына кейінге шегерілді.
Қазіргі уақытта Қашаған жобасының қатысушылары үлестері тең (16,81%), Eni, RoyalDutchShell, ExxonMobil, Total және «ҚазМұнайГаз», американдық ConocoPhillips (8,4%) және жапониялық Inpex (7,55%) болып отыр. Жоба бірлескен операциялық NorthCaspianOperatingCompanyB.V. компаниясымен басқарылуда.