
Қазақстанның жол қызметінің мамандары кей аймақтарда жолдағы шұңқырларды жөндеуге құм-қиыршық тас не үшін қолданылатыны туралы анықтама берді.
Оған әлеуметтік желіде шұңқырларды құм-қиыршық тас қоспасымен толтыру жөніндегі пікірлер түрткі болды.
Хабарланғандай, қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты асфальтбетон зауыттары іске қосылмаған, сол себепті ыстық асфальт төсеуге мүмкіндік жоқ. Жол бетін апатты күйде қалдырмау үшін жол қызметі уақытша шұңқырларды құм-қиыршық тас қоспасымен толтырып жатыр.
Бұл шара маусымаралық және қолайсыз ауа райы кезінде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Мұндай тәсіл жолдың одан әрі бұзылмауын алдын алады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының ықтималдығын төмендетіп, қозғалысты қауіпсіз етеді.
Ауа райы тұрақталып, асфальтобетон зауыттары іске қосылғаннан кейін асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары басталады.