Талапкерлер үшін жақсы жаңалық – 100 пайыз мемлекеттен қаржыландырылатын Қазақстандағы жалғыз әлемдік деңгейдегі APEC (AtyrauPetroleumEducationCenter) PETROTECHNIC колледжі құжат қабылдау мерзімін ұзартты.
Екінші топты іріктеу уақыты 20 тамызда аяқталу керек еді, алайда белгілі себептерге байланысты топ жинақталмады. Оқу орнын басқаратын «Холдинг «Кәсіпқор» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ҚР үкіметі құрған) талаптары бойынша, студенттер саны 200-ден кем болмау керек. Күні кеше ғана АРЕС Petrotechnic директоры болып жаңадан тағайындалған Рустам САЛАХОВ топтың жинақталмағанының екі себебін атап өтті:
- Тұрғындарға ақпараттың дұрыс берілмегендігі және біздің халықтың енжарлығы. Бізге еліміздің жер-жерінен келіп жатыр, Астанадан, Көкшетаудан, Петропавловсктен, Ақтаудан келген (бірінші қабылдау наурызда жүргізілді – З.Б.) студенттер де бар. Себебі АРЕС Petrotechnic студенттерді толықтай қамтамасыз етеді, соның ішінде жатақханадан орын береді. Бұл ауданнан келген жастар үшін керемет мүмкіндік қой. Осы мүмкіндікті жіберіп алмау керек.
Сонымен, дубль-2: АРЕС Petrotechnic құжаттарды қабылдау уақытын ұзартады, бірақ әзірге қанша уақытқа екені белгісіз:
- Біздер, кем дегенде, бір ай болатынына сенімдіміз, Себебі мерзімді Астанадан бекітеді,- дейді Салахов. – Біз уақыт өткізбеу үшін БАҚ-та мерзімнің ұзартылғандығын хабарлаймыз, «Кәсіпқор» нақты уақытын белгілеген бойда біз ол туралы тағы да хабарлайтын боламыз.
Іріктеу мұнай-газ саласының үш мамандығы бойынша жалғасады: кен орындарын пайдалану, БӨАжА (КИПиА) технологиясы, мұнай және газ өндірудің технологиясы.
Бұл оқу орнында білім алудың артықшылықтары туралы біз бұдан бұрын да хабарлағанбыз, қысқаша айтып өтейін: бұл мұнай газ саласы кадрларын оқыту, қайта оқыту және біліктіліктерін арттыру үшін ағылшын тілінде тегін білім беретін кәсіби орталық. Орталық өз аумағында жеке жатақханамен, спорт залмен, бассейнмен, практикалық сабақтар өткізетін шеберханалармен және Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік және отандық компаниялардағы жұмысшылар қолданатын құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Студенттерге шәкіртақы тағайындалған. «Кәсіпқор» өз түлектерін мұнай-газ компанияларына жұмысқа орналастыруға да септігін тигізеді. Канаданың Калгари қаласында оқу мүмкіндігі (бір семестрде) қарастырылған. Студенттерге екі диплом беріледі: қазақстандық және канадалық үлгідегі. АРЕС Petrotechnic оқытушылары апектіктерге сабақ беретін Канададағы Оңтүстік Альберта (SAITPolytechnic) технологиялық институтымен бірігіп құрастырылған білім бағдарламаларын қолданады. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, сондықтан курс Foundation дайындық бағдарламасынан басталады, оның негізгі мақсаты – ағылшын тілін, сонымен қатар математика, физика және химия пәндерін үйрету. Сондай-ақ, Foundation бағдарламасында «Мұнай-газ ісіне кіріспе» тарауы да бар; студенттер мұнай-газ нысандарына сервистік қызмет көрсету және қолдану саласындағы негізгі түсініктер туралы сабақ алады. Foundation бағдарламасын сәтті аяқтаған студенттер негізгі Техникалық бағдарлама шеңберінде таңдаған мамандығы бойынша әрі қарай білім алуға көшеді.
АРЕС Petrotechnic-ке орта мектеп (11 сынып) түлектері, сонымен бірге алған теориялық білімдерін толықтырып, практикалық дағдыларын жетілдіргісі келетін колледждер мен ЖОО студенттері мен түлектері түсе алады. Талапкерлерге жас бойынша шектеу қойылмайды. Бірінші іріктеу кезінде «ең жасы үлкен» студент 32 жаста болды. Яғни, АРЕС Petrotechnic-ке біліктілігін көтеруге немесе қайта оқуға да келуге болады. ҰБТ нәтижелері мен өзге де тест қорытындылары АРЕС Petrotechnic-ке оқуға түсерде есепке алынбайды – іріктеу ағылшын тілі, математика, физика және химия бойынша қабылдау емтихандарының қорытындысы бойынша жүргізіледі.
Зүльфия БАЙНЕКЕЕВА
Колледжге оқуға түсерде қажетті құжаттар тізімі: 1. Оқуға қабылдауға өтініш; 2. Білімі туралы құжаттың түпнұсқасы (үлгерімі туралы аттестат/арнайы орта білім туралы диплом/диплом (бакалавр немесе қосымша мамандық), егер шетелдік мекемеде білім алсаңыз – білім туралы құжатты ресим растау (нострификациялау) және тану туралы куәліктің нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі); 3. № 086-У формасындағы медициналық анықтама – флюорографиядан өткені туралы анықтамасымен қоса (І және ІІ топ мүгедектері мен бала кезінен мүгедектерге – медициналық-әлеуметтік экспертизаның қорытындысы); 4. 3х4 көлеміндегі 4 фотосурет; 5. Толтырылған сауалнама; 6. Жеке куәліктің және/немесе паспорттың көшірмесі; 7. Еңбек жолын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі (егер бар болса); 8. Мекен-жай анықтамасы; 9. Құжаттарға арналған файл және пошта конверті, тезтікпе; 10. шет тілі бойынша (IELTS или TOEFL) қойылатын минималды талаптарға сай келетін нәтижелері бар емтихан тапсырғаны туралы бекітілген формадағы ресми сертификаттың көшірмесі (егер бар болса);
Оқуға түсу үшін қажетті ең минималды деңгей: - ағылшын тілі - IELTS 5.5- ке сай келетін деңгей; - математика – берілген сұрақтардың 70 пайызынан кем емес; - физика, химия - әр пән бойынша берілген барлық сұрақтардың кем дегенде 65 пайызы.