Мамыр айында біздің сайтымызда жарияланған «Атыраулық полицейлер Керенский салған ізбен жүр» жарияланымы («АЖ» 30.05.2013 күнгі №...) қарапайым тұрғылықты халықтың өз үйлерінен жыныстық қызмет көрсету кәсібін ашуға пәтер жалдап алған «жеңгетайларды» қуа алмайтындықтарын ашық көрсетті. Егер оларға полициялар «қолдау» көрсетіп отырған болса, мүлдем мүмкін емес. Енді олардың өз үйлерінде тыныштық орнатуға мүмкіндіктері пайда болғандай. Шілдеде ел президенті ҚР-ның «Адам саудасына қарсы әрекеттер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Бұл заңда секс бизнесін ұйымдастыруға арналған пәтерлерді жалға беруші үй иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Заң күшіне енді.
ТЕЛЬМАННАН ҚУДАЛАУ
Жоғарыда атап өткен мақалада баяндалған Тельман көшесіндегі үй тұрғынының айтуынша, сол түннен кейін, яғни, тұрғындар жезөкшелер қордасынан полиция қызметкерлерін көріп, баспасөз бен басқа полиция күштерін шақыртқаннан соң, жынойнақтағы сақшылардың әйел киімін киіп, қарабет болып қашқан, кейіннен жұмыстан шығарылған атышулы оқиғадан кейін де ауладағы тыныштық ұзаққа бармаған.
- Аз уақыт ауламызға бұрынғы мамыражай тіршілігіміз қайта оралғандай болып еді: балалардың күлкісі естіліп, ата-аналар сәбилерін арбамен серуендете бастады (бұрын олар ауладан шығып кететін). Алайда екі апта өтпей-ақ бәрі баяғы таз қалпына оралды: тағы полицияға шағымданып, пәтер иесімен дауласуға тура келді. Тынышталғандай болды. Бірақ уақытша ғой деп күмәнданамын. Осындай заң шыққаны қандай жақсы болды, әйтпесе бейберекетсіздікке кездескенде, әсіресе, тәртіп сақшыларымен істес болсаң, не істеріңді білмейді екенсің, - дейді үй тұрғындары.
ПӘТЕР ИЕСІНЕ ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛМАҚ?
Сонымен, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің жаңа бабына сәйкес, «жезөкшелік немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін орынжай ұсыну» келесі айыппұлдармен жазаланады: жеке тұлғалар үшін - 100 АЕК (1 АЕК – 1 731 теңге), лауазымды тұлғалар үшін – 200 АЕК, ЖК (жеке кәсіпкерлер) мен шағын және орта бизнес субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін – 300 АЕК. Ірі кәсіпкерлік үшін (қонақ үйлер туралы болса керек – Л.С.) – 1 000 АЕК және қызметтерін немесе жекелеген оның түрлерін алты айға тоқтату.
Осы әрекеттер бір жыл ішінде тағы да қайталанса, жеке тұлғалар үшін - 200 АЕК, лауазымды тұлғалар үшін – 300 АЕК, ЖК (жеке кәсіпкерлер) мен шағын және орта бизнес субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін – 300 АЕК. Ірі кәсіпкерлік үшін – 2 000 АЕК және қызметтеріне немесе жекелеген оның түрлеріне үш жылға дейін тыйым салынады, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылықты жасау арқылы түсірген табысы тәркіленеді делінген Заңда.
Сонымен қатар, адамдарды жезөкшелікке тартқандардың жазасы да қатайтылды. Оларға 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған. «Ақ адал еңбекпен тапқан» барлық дүниелерін тәркілеу түрінде де қосымша жаза енгізіледі. Қылмыстық кодекстің қолданыстағы редакциясында осындай қылмыс жасағаны үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұлдар белгіленген.
КӨРШІЛЕР МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ХАБАРЛАЙТЫН БОЛАДЫ
Сұрақ: жезөкшелік қордаларын ұйымдастырушыларға қатысты дәлелдер қорын жинау полиция үшін қиын емес екендігі белгілі. Алайда өз пәтерлерін (немесе қонақ үй номерін) жалдауда жалға алушылардың қандай мақсатпен алғанын қайдан білеміз деп уәж айтатын жеке пәтерлерін жалдаушылар мен қонақ үй иелері қалай әшкереленеді?
Облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Әбілсейіт ӘМІРОВТІҢ өзі бұл тармаққа қатысты түсініксіз нәрселер әлі көп екенін, жаңа бап бойынша әлі жұмыс жасамағандарын мойындады.
- Мүмкін, көршілердің шағымы дәлелдемелерге негіз болатын шығар, - дейді Әміров. Осы нұсқаны қарап көрейік. Қалай болғанда да айыппұл салу туралы шешімді әкімшілік сот қабылдайды. Осындай заңның қабылданғаны жақсы болған деп ойлаймын. Дегенмен, енді пәтер жалдаушылар өз жалға алушыларына атүсті қарамайтын болар.
- Тельман көшесіндегі оқиғада тұрғындар полицияға бірнеше рет шағым жазған. Алайда полиция еш әрекет жасаған жоқ. Неге? Ол кезде жоғарыда аталған бап болған жоқ па?
- Бізге олардың шағымдары келіп түскен жоқ, алайда осы пәтерде болған қыздар бізде тізімде тұр.
- Есептеріңізде осындай қанша қыз бар? Мәселенің көлемін білуіміз керек қой. Барлық жезөкше қордалары жалдамалы пәтерлерде орналасқан...
- Бұл туралы жариялап керек емес деп ойлаймын, өйткені олар Атырауда тұрақты тұрмайды, бір келеді, бір кетеді. Аудандарда да бар.
- Осы екіжүзділігіміз жаныма батады. Қараңызшы, жеңгетайларды, қордалардың ұйымдастырушыларын жазалайды, міне, енді пәтер иелеріне айыппұл салмақшы. Ал жезөкшелерге еш шара қолданылмайды. Сіздер оларды тек есепке алып қоясыздар ма?
- Иә, бұл солай. Алайда мен баспасөз бетінен Кодекстің жаңа нұсқасына жезөкшелікпен шұғылданғаны үшін жаза енгізіледі дегенді оқыдым.
БИЗНЕСІМІЗ ЗАРДАП ШЕГЕДІ
Жаңа заңның қабылдануы кәсіпкерлерге қалай әсер етеді деп біз облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВАҒА хабарластық.
- Әрине, мұның моральдық жағы маңызды. Алайда, бір жағынан, кәсіпкерлер де әр түрлі ғой: біреулерінің бірнеше пәтерлері бар, олар үйлерін ұзақ мерзімге жалға береді де, онда жалға алушылардың немен шұғылданатынына бақылау жасамайды. Сондай-ақ, екінші ден, пәтерін жалға беру – ақша табудың немесе несие жабудың жалғыз көзі болып табылатын зейнеткерлер де бар. Бұл адамдарға көршілерімен және учаскелік инспектормен тығыз байланыс жасап тұрыңыздар деп қана кеңес бере аламыз. Біздің көзқарасымыз турасына келсек, пәтер жалдау – бұл да бизнес, сондықтан бұл заң кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіреді.
СІЗ ОСЫНДАЙ ЗАҢДЫ ҚАЛАЙСЫЗ БА?
Әңгіменің соңында, біздің оқырмандарымызға «АЖ» сайтында жоғарыда айтылған киім ауыстырған полицейлер мен жеңгетай туралы мақала жарияланғаннан кейін жүргізілген сауалнаманың қорытындысы қызықты болады деп ойлаймын.
«Тәжірибе көрсеткендей, жезөкшелікке қарсы жазалау шараларын қолдану немесе бұл мәселе туралы әңгіме қозғамау - өнбейтін іс, тіпті, Иран Ислам Республикасында 300 мыңнан астам махаббат пірлері бар екен. Көптеген елдерде олардың қызметі заңдастырылған, шектеулермен реттелген және қоршаған ортаға еш машақатсыз бақылауға алынған. Парламенттің осындай заң қабылдағаны біздің азаматтарымызға керек пе?»
Жалпы дауыс берген 995 адамның 67%-ы осындай заңның қабылдануын қолдаса, 26%-ы қарсы болып, 6%-ы «білмеймін» деп жауап берді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
15 тамыз 2013, 14:56