Әр түрлі Жол карталарының көмегімен жұрттың бәрін жұмыспен қамтамасыз ете алмайтынын түсінген мемлекетіміз кәсіпкерлікті, соның ішінде жастар бизнесін дамытуды алға тартып жүр. Ендеше, осы жаңадан пайда болатын кәсіпкерлердің бүгінгі жағдайда өз бизнестерін бастап, аяққа тұру мүмкіндіктерін талқылап көрейік.
ОҚЫТУ ӨНЕРІ
Сөз жоқ! Мүмкіндіктер сіз ойлағаннан өте көп!», - дейді «SPARK ИСКРА» жас кәсіпкерлер одағының жетекшісі Әлібек МҰХИТ болашаққа сеніммен қарап.
Ол біздің оқырмандарға «Штаттардағы шағын бизнес» жарияланымынан таныс («АЖ» 2.05.2013 ж., №18 шығарылымын қараңыз). Әлібек КИМЭП-ті «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. Студенттік кезінен бері бизнеспен айналысады. Еңбек жолын Еуразиялық медиа-форум менеджерінің көмекшісінен бастап, Қазақстанның түрлі мұнай компанияларында жұмыс жасаған. Ол небары 26 жаста, алайда бүгінде ол Астанадағы «Professionals.kz» тренинг орталығының, Атыраудағы «Unig.biz» және Ақтаудағы «Ocean Energy Services» мұнай сервистік компанияларының басқарушы серіктесі, «SPARK ИСКРА»-ның негізін қалаушы және «Атамекен start up қоғамдық қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы бірқатар ірі ұйымдар басшыларының кеңесшісі.
Әлібек МұхитОдақтың негізгі мақсаты – бизнеспен айналысатын жастарды біріктіру, жаңа бастаған кәсіпкерлерге көмектесу.
Бізге мына мекен-жай бойынша хабарласуға болады: Махамбет көшесі,118б, телефон: 32 32 75.
- Бастапқы капиталсыз бизнесті бастау мүмкін бе?
- Иә, мүмкін. Егер бастапқы капиталыңыз болмаса, бір ғана қарапайым жауап бар – мұны талап ететін бизнес түрлерімен айналыспау керек. Өнімді қалыптастырып, оны әдемі әшекейлеп, сатуды, тағы да сатуды бастау керек. Ең бастысы, ынта болу қажет. Менің балалық шағым атышулы 90-шы жылдарда өтті, мен адамдардың 10-15 мың теңгеге қалай өмір сүріп, ішіп-жеуден басқасынан бас тартып, соны қалыпты жағдай деп қабылдағандарын көзіммен көрдім. Мен сол кезде миллионер болғым келеді дейтінмін, ал мұны естіген жұрт күліп, ақылынан алжасқан болар дейтін.
Шын мәнінде, мен емес, олар естерінен алжасқан. Егер сіз жақсы машинаға міне алмайтыныңыз бен саяхаттарға шыға алмауыңызды қалыпты жағдай деп, барлық өміріңізді 9-дан 6-ға дейін жұмысқа жұмсайтын болсаңыз, сізге ештеңе көмектеспейді.
Ал егер мұным қате, бұлай өмір сүруге болмайды деп шешсеңіз, бұл сізді бизнеске жетелер уәж болары сөзсіз.
Менің бизнесім студенттік кезден басталды, негізінен «сатып алу-сату» делдалдығымен айналыстым. Бұдан күрделілеу бизнес тәжірибем Ақтөбеде басталды, досымыз екеуміз «Высота» ЖШС өнеркәсіптік альпинизм бойынша компания аштық. Бәрі қарапайым болды, мен телефон қоңырауларымен, кездесулер және сатумен айналыстым, ал досым қызметтерді жүзеге асыру бойынша жұмыстармен шұғылданды. Бизнесіміз сәтті болды, өйткені біздің қызметтеріміз автотұрақпен жұмыс жасайтын басқа компанияларға қарағанда көп арзан болды және біз жұмысты тез бітіретінбіз. Алайда кейіннен көңілім басқа салаларға ауысып, жаңа жоба бастадым.
- Сен өзіңді жетістікке жеткен бизнесменмін деп есептейсің бе?
- Жоқ, әзірге олай ойламаймын. Жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге айтар ақылым – сәтті кез қашан басталады деп немесе көптен күткен «ағатай» келіп, жұмыс көлемін алып беруге көмектеседі деп күтпеңіздер, сырттан қаржыландыруды да іздемеңіздер, ең бастысы – тәжірибесіз несие алмаңыздар, өйткені жобаңыз күйіп кетуі мүмкін. Егер мен бүгін бизнесті нөлден бастайтын болсам, ұзақ бизнес жоспар жазып, күркіретіп іс жасап жатырмын деп даурықпай, жай ғана өз ісіммен айналыса берер едім.
Ең алдымен жеңіл жобаларды қолға алып, алғашқы кезеңде сатуға үлкен мән берер едім. Бір сөзбен айтқанда, қысқа мәмілелі, жоғары транзакциялы, географиясы шектеусіз салаларды таңдар едім.
- Өз ісін бастағысы келетін әр адамды бизнесін қай салада ашу керек деген сұрақ мазалайды, қайсысын қарасаң да толып тұрған сияқты...
- Кез келген салада! Интернет базарлардан өндіріске дейін. Біздің одақтың кейбір мүшелері бастапқы кезеңде айына 120 мың теңге шамасында таза пайда көрді. 500-600 мың тапқандар да бар, сондай-ақ екі-үш айда миллион жасаған «супермендер» де бар. Шынын айту керек, бұлардың көпшілігі бізге өздерінің қолданыстағы бизнестерімен келді және оларды бірталай жақсартып тастады. Бізде Қазақстанда әдістеме өте төмен дамыған. Адамдар оқытудың бөлек бір өнер екенін түсінбейді, ал көптеген оқытушылар презентацияның не екенін де білмейді.
СӘТТІ ЖОБАЛАР
Қарамағыңыздағылар дың нақты жетістікке жеткен жобалары туралы айтыңызшы.
- Ең атышулы «success stories»-тердің бірі – бұл Тимур БЕКТҰРДЫҢ «ИТ тірлік» жобасы, ол туралы аңыздар тарап жатыр, оны журналистер ұстай алмай жүр. Оның жобасы, ең алдымен, коммерциялықтан гөрі әлеуметтік еді. Жобаның негізгі проблемасы – бұл тар шеңбердегі бағыт, оның мақсаттық аудиториясы - қазақ тілді ақпараттық технологиялар мамандары және ол сатқан ақпараттарды интернет арқылы тегін алуға болатын еді. Алайда Тимур өз бизнес моделін қайта қарады. Қазір журнал 10000 дана тиражбен Қазақстанның ірі қалаларына таратылады, күніне 1000 адам кіретін жеке порталы, әр әлеуметтік желілерде 500-ден аса жазылымы және офф-лайн басылымының құны мың жарым теңге болса да, RSS жолағында 10000 жазылымы бар, бұл - тамаша жетістік. Мұны http://it-tirlik.kz парақшасынан өз көздеріңізбен көре аласыздар.
Біздің тағы бір жетістікке жетіп жүрген мүшелеріміздің бірі – Қайрат ӘБІЛХАСОВ. Оның бизнес саласы – автокөліктер тюнингі. Проблемалары көп болды, ақша таба алмады, бизнесі құлдырай бастады. Біз сайт ашып, yandex.direct-ке тіркеліп, акция өткіздік, хабарландыру тараттық. Арзандау жеткізушілер, телефон арқылы жұмыс жасайтын қызметкерлер, мамандар бригадасы мен дизайнер таптық. Айлық табыс бірден 100%-ға артты.
- Қызметтеріңізге биліктің көзқарасы қандай?
- Қызығушылықпен қарайды. Біз тіпті бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз. Қазір Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен «Атамекен» ҚҰЭП Атырау филиалының директоры Асылбек ЖӘКИЕВТІҢ қолдауымен жастардың бизнес-инкубаторын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пікірталас клубын ұйымдастыруға жұмыстанып жатырмыз, онда Қазақстанның ең беделді кәсіпкерлерімен кездесулер өткізетін боламыз. «Даму», «Атамекен» қорларымен, «Атырау» ӘКК-мен біріге отырып, мүшелеріміздің жобаларына инвестиция тарту үшін белгілі бір шаралар өткізу жоспарымызда бар.
МЕМЛЕКЕТ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗБАҚ
Жастардың осы жақсы көңіл-күйлерімен облыстық жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Мейірім ҚАЛАУИ де бөлісіп отыр.
- Облыстық әкімдік «SPARK ИСКРА» одағының бизнес-инкубатор жасау жөніндегі ұсынысын қолдады және жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ғимаратының бір қатарын орынжай ретінде бөлді. Бұл жоба қалай жүріп жатыр?
- Иә, қолдау көрсеттік, алайда бұл мол ақшаны қажет ететін жоба. Жөндеу жүргізуге және жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қаражат керек. Сондықтан бұл мәселе облыстық мәслихаттың бюджетті бекіту бойынша жақында болатын сессиясында қаралмақ. Алайда облыс басшылығы өз қолдауын білдіріп отыр.
ҚАЗАҚСТАН АМЕРИКА ЕМЕС
Дегенмен, ғаламтордағы өз бетшесіне осы мәселеге байланысты кереғар пікір жазған авторлардың бірін оқыдым. Сонымен, Бауыржан ИСАЕВ есімді жас жігіт (мен одан көзқарасын «АЖ»-ға жариялау жөнінде келісімін алдым – Л.С.) «бизнес қатал да қайғылы іс, ол жерде романтикаға орын жоқ» деп пікірін білдіреді.
- ...Естеріңізде болсын, Қазақстан Америка емес. АҚШ-та шағын және орта бизнеске арналған дамыған инфрақұрылым бар. Венчурлы қорлар арқылы фирма ашу жеңіл, төлем қабілетті клиенттердің үлкен нарығы бар, өз тауарың мен қызметтеріңді дүние жүзіне ұсына алатындай әлеует және тағы басқа да көптеген нәрселер бар, ал бізде олар жоқ. Бізде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 66%-ы не мемлекетпен байланысы бар, не мемлекетке қатысы бар адамдар құрған ТОП-100 ірі компанияларының иелігінде. Сонымен қатар, ЖІӨ-нің үштен бірін мұнай-газ және қаржы секторлары алып жатыр, ал онда жас кәсіпкерлер түгілі ересек миллионер ағаларға да орын жоқ. ...Мен осы тұңғиыққа түсуге бел буып, күйреуге ұшыраған адамдарды да көрдім. Сол сияқты, мен осы «тұңғиыққа түсу» қазақстандық ойынынан шынайы жетістікке жеткен кейстерді көрген жоқпын. Бір жағынан, мен осы корпорацияларда көп жылдар бойы жұмыс жасап, кәсіпкерлік рухын жоғалтпаған (бұл маңызды!) көптеген жетістікке жеткен адамдарды білемін. Олар жұмыс жасай жүріп, таныс-тамырлар мен капиталға ие болып, дер шақтарында (40 пен 50 жас аралығында) сәтті, миллиондармен бағаланатын бизнес ашты.
ҚАТЕР ТОБЫ
Бизнестің қатал шын-дықтары туралы Атырау жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА әңгімелейді:
- «Жас кәсіпкер» – бұл біржақты түсінік, өйткені біреулер бизнесті зейнеткерлікке шыққаннан кейін бастауы мүмкін. Олардың жастары 60-та болса да, жас кәсіпкерлер. Мен мұны заңмен бекітілген мұндай термин жоқ болған соң айтып отырмын. Бізде жастар бизнесіне арналған жекеленген және арнайы бағдарлама жоқ. Соңғы жылдары «Даму» қоры сақтықпен жастар жобаларын қарап жатыр. 300000 теңгеге дейін аз сомаларды «Атамекен Старт ап» жобасы бойынша алуға болады. Әрине, бұл ақша емес.
Банктер үшін клиенттердің осы санаты қатер тобына жатқызылады, өйткені оларда кепілзат та, кепілдік те, несиелік тарих та жоқ. Сондықтан да банктер олардан бірден бас тартады. Ал кез келген бизнесті бастау үшін айналымға салатын қаржы керек. Бұл - ең негізгісі. Бүгінде 3 млн теңгеге дейін шағын несиелер алу бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Жастар осы несиелерді қуана алып жатыр, алайда бұл тек ауыл шаруашылығы бизнесіне ғана беріледі. Біз бизнес жоспарлар дайындаймыз, өз істерін ашқылары келетін ауыл жігіттері бізге көп келуде. Алайда біз олардың тарапынан көбіне бұл іске байыпсыз көзқарасты байқаймыз. Олар өздеріне қажетті мөлшерді алудың орнына, бәрін түгелдей алғылары келеді. Ал біздің бұл ақшаларды қайтарасыңдар деген ескертулерімізді құлақтарына да ілмейді.
Бізде компьютермен шұғыл-данатын жігіттер бар, бәрін нөлден бастады, алайда жақсы сервис көрсетіп, инабаттылық көрсету арқасында жақсы абырой мен көптеген клиенттер жинап, ЖК-дан ЖШС-ке дейін өсіп, жетістіктерге жетуде. Жиһаз жасайтын жігіттер де бар. Олар өздерінің және туыстарының ақшаларына, көп дабырламай-ақ, орындық жасаудан бастады. Қазір олар тұрақты табысы бар жеке кәсіпкерлер.
Бизнес – бұл қашан да тәуекел. Оған жан-жақты ойланып қадам басу керек. Белгілі бір өндірісті немесе сервисті таңдаған адам сол саланы жақсы меңгерген немесе сол салада жақсы білімі болуы керек. Сондай-ақ қасында осы жұмыспен маманданған адал досы, аға-апасы болса, тіптен жақсы. Бастысы білмейтін іске кіріспеуі қажет. Бүгінде Атырауда игерілмеген кәсіп салалары жеткілікті. Тек сабырлылық пен ыждағаттық керек.
Тағы бір мәселе, біздің мектептер мен ЖОО-лар экономика пәнін оқытуға үстіртін қарайды. Ол жерлерде оқытылып жатқан экономика тәжірибедегі шынайы экономикамен еш байланысы жоқ. Оқытушының өзі жеке бизнес саласында бір күн болса да жұмыс жасамаған, ал ол кімге не үйретеді.
Жалпы, мен жігерлі, сауатты, байсалды жас адамдарды бизнеске келіңдер деп шақырар едім. Алайда барлығы орынжайлар мен бастапқы капиталдың жоқтығына тіреліп қалады...
Лаура Сүлейменова
15 тамыз 2013, 14:50