Атырау, 4 қазан 08:18
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Көз ауруханасы мен №1 емхана жеке меншікке көшеді

6 460 просмотра

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2011-2013 жылдарға Арналған Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін (әрі қарай – ҰБДЖ) енгізгеннен кейін сәл тыныстап алып, кезекті реформаға кірісті. Бұл жолы бәрі күрделі: бюджет жүктемесін жеңілдету мақсатында медициналық мекемелердің бір бөлігін жеке меншікке айналдырмақшы. Атырау облысында бірінші болып, әзірге пилоттық жоба аясында, №1 қалалық емхана мен облыстық офтальмологиялық клиника сенімгерлік басқаруға беріледі. 

 
ЕНДІ НЕ ОЙЛАП ТАПТЫҢДАР?
 
Кезекті реформаның негіздері ҰБДЖ-ны жүзеге асыру барысында қаланған. Жүйе енгізілгеннен бері жеке меншік медициналық қызметтерді жеткізушілердің саны 2009 жылдан бастап 0 пайыздан 17%-ға артты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, бүгінде мемлекеттік тапсырыспен..... жұмыс жасап жатыр.
Сонымен, мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестіктің (МЖӘ) 2 сызбасы ұсынылып отыр. Біріншісі - құрылыс салу және медициналық қызмет көрсетпей қолданысқа беру. Екіншісі – құрылыс салу және медициналық қызмет көрсетіп қолданысқа беру. Соңғысы өзіне МЖӘ-нің үш түрлі нұсқасын қосады.
Бірінші нұсқа мемлекет меншігіндегі қазір жұмыс жасап тұрған нысандарды жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беруді білдіреді. Мұнда тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету көлемі (ТКМҚК) аясында медициналық қызметтер шығынын белгілі бір басқару сыйақылары мөлшерімен өтеу қарастырылған. Алға қарай медициналық ұйымды салалық және қаржылық-шаруашылық қызметін бағалау қорытындысы бойынша жекешелендіру құқығы беріледі. 
Екінші нұсқада қолданыстағы жеке клиникамен шарт жасасып, шығындарды өтеу ТКМҚК аясында көрсетілген қызметтер бойынша жүзеге асырылады. 
Үшінші нұсқа құрылыс салу, қолданысқа беру және қызмет көрсетуді қарастырады және болашақта мемлекеттік меншікке тапсыратын да, тапсырмайтын да талаптар арқылы жүзеге асады. Үшінші нұсқаны қолдануда 10 жылға ұзақ мерзімді келісімшарт жасау ұсынылады және қызмет саласын сақтауға міндеттейтін талаптар қойылады. Сондай-ақ, инвесторға жер телімін беріп, барлық коммуникациямен қамтамасыз ету де қарастырылған. 
Кері салынған нысанды мемлекеттік меншікке тапсыру жағдайында ТКМҚК үшін төлем төлеумен қатар, инвестициялық шығындар да өтеледі деп күтілуде.
Егер нысанды мемлекет меншігіне тапсыру қарастырылмаған болса, инвестициялық шығындарға өтемақы төлеудің орнына басқару үшін төлем төлеу қарастырылатын болады. Пилоттық жоба ретінде әр облыста кемінде бір стационар мен бір емхананы жекешелендіру құқығымен сенімгерлік басқаруға беру ұсынылады.
Жақында облыстық әкімдікте болған селекторлық жиналыста шаруашылық жүргізудің жаңа нысанына көшуге жақсы жұмыс көрсеткіштерін есепке ала отырып, №1 емхана мен облыстық офтальмологиялық емхана ұсынылды. Екі медициналық мекеме де 2011 жылы басқа ұйымдардан бұрын шаруашылық есепке көшкен және өз-өздерін жақсы қамтамасыз етіп отыр. Екеуі де келісім берді. 
Әрине, бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейді деген қауіптің туындайтыны рас. Қауіпті осы емхананың қаланың бірнеше көп халық тұратын ірі аудандарына қызмет ететіндігі, ал көз емханасының облыстағы осы салада маманданған бірден-бір емдеу мекемесі екені одан әрі күшейте түседі.
 
«ҚОЛДАН КЕЛЕДІ!»
 
Мұрат ҚҰСАЙЫНОВМұрат ҚҰСАЙЫНОВ
Дегенмен, екі бас дәрігер де, Еркінбай ҚУАНОВ (№1 емхана) пен Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ (облыстық офтальмология) қатардағы пациенттер үшін еш нәрсе өзгермейтінін мәлімдеді.
- Біз бұрынғы көрсеткен қызметтерімізді ТКМҚК аясында мемлекеттік сатып алу негізінде көрсетеміз. Бәсекелестеріміз жоқ. Содан кейін бағдарлама талаптарына сәйкес пациенттердің құқықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейді, көрсететін қызметтер сапасын төмендетуге болмайды. Қабылдап жатырған шараларымызға қарамастан (емханада кезек жоқ, дәріхана емхананың артында, рецептерді электронды жазып беру және т.б.), пациенттер тарапынан дәлелді, не дәлелсіз шағымдар бар екенін мойындаймын. Болашақта шағымдар дәлелденген болса, бізді айып санкциялары күтіп тұр. Бұл реформаның ең басты мақсаты – медициналық мекемелерде қызмет көрсету сапасын арттыру. Алға қарай медициналық мекеме мен әр маманның жекелей қаржылық әл-ауқаты осыған байланысты болады. Алайда әзірге түсініксіз жайттар көп, дайындықты бастау үшін нақты ережелері бар жиналыстың хаттамасын күтеміз, - дейді Е. Қуанов. 
М. Құсайынов та осы реформаның нәтижесінде медицинадан кездейсоқ адамдар кетеді деп есептейді.
- Пациенттер қалаған мамандар ғана қалады, өйткені ешқандай теңестірулер болмайды.
- Мұрат Жақыпұлы, қалалықтар, соның ішінде менің әріптестерім сіздердің қызметтеріңіз қазір де арзан емес деп отыр. Мәселен балалардың көруін түзету процедурасы. Бұл бағалар сенімгерлік басқаруға көшкеннен кейін одан әрі қымбатсып кетпей ме?
- Біріншіден, уайымдамаңыздар, ТКМҚК аясындағы тегін қызметтер ешқайда кетпейді, соның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз өкілдері үшін бәрі ақысыз. Екіншіден, біздің қызметтеріміз қымбат дегенге мен келіспеймін. Мысалы $1 мың тұратын оталарды біз 72 мың теңгеге жасаймыз. Барлық қызметтерде де, дәрігерге көрінуге де осындай бағалар. Жабдықтармен емдеуге келетін болсақ, біз жабдықтарды лизингке аламыз және құнына тек аппараттың амортизациясы мен дәрігер жұмысының құнын қосамыз. Ал жабдықтар қымбат. Сондықтан да мен бұл жерде келіспеймін.
- Сіз клиниканы қаржылай қамтамасыз ету сияқты жауапкершілікті мойныңызға алуға дайынсыз ба?
- Иә, бір кездері мұны бастау керек болды!
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
15 тамыз 2013, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.